Суретке түспек болған: Петропавлда оқытушы мен студент суға батып кетті
Суретке түспек болған: Петропавлда оқытушы мен студент суға батып кетті
Петропавлда оқытушы мен студент суға батып кетті. Қайғылы жағдай кеше қала шетіндегі демалыс орнында болған, - деп хабарлайды 24.kz.
Мағжан Жұмабаев атындағы колледжінің бір топ студенті табиғат аясына шығып, Есіл өзенінің жағасына барған. Сол жерде бәрі бірге суретке түсіп, 27 жастағы мұғалім мен 20 жастағы бойжеткен қыз қатты ағысқа батып кеткен.
– Біз, колледж әкімшілігі, жексенбі күні қыздардың демалысқа шыққанынан хабардар болған жоқпыз. Суға түсуге барған. Сол кезде аяқтары тайып кеткен. Ағыс қатты болған. Құтқаруға да үлгермей қалған, - дейді Мағжан Жұмабаев атындағы колледж директорының орынбасары Бақытгүл Солтанова.
– Біріншіден, ағыс қатты. Судың асты жар. Олар бірінші рет терең емес жерде суретке түскен. Екі қыз әрі қарай барамыз дегенде құлап кеткен, - дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Олардың денелері 7 метр тереңдіктен табылды. Қазір осыған байланысты оқу орнында қызметтік тексеріс жүріп жатыр.