Оппозиционер мінген ұшақты қондыруға президент тапсырма берген

Минскіде бортында Nexta телеграм-арнасының негізін қалаған оппозиционер Роман Протасевич отырған Ryanair әуекомпаниясының ұшағын қондыру туралы бұйрықты Беларусь президенті Александр Лукашенко берген. Бұл туралы Лукашенконың баспасөз қызметімен байланысы бар «Пул Первого» телеграм-арнасы мәлімдеді.

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан ұшақты қондырғаннан кейін «Пул Первого» арнасы «Беларусь Еуропаны қорғады» деген тақырыппен жазба жариялаған.

«Ұшақта жарылғыш зат бар деген мәлімет түсті. Маршрут скриншотында борт шекараға жақын қалғаны көрінсе де, ұшақты қондыру туралы өтініш Минскіге түсті. Жағдай президентке баяндалды. Лукашенко дереу бұйрық берді: ұшақты қайтарып, қондыру керек. Бұл жағдайда ең бастысы – қауіпсіздік және адамдардың өмірі!

Вильнюске жүгіну жақын болар еді. Бірақ дәл Минскіге жүгінген. Солайша диктатордың көмегі қажет болып қалған! Саяси жағдай қандай болса да, Беларусь қиын жағдайда бас тартатын ел емес (Батыстағы көршілер сияқты емес). Оның үстіне мұнда адамдардың өмірі қыл үстінде тұрды», – делінген жарияланымда.

a5b1f3ccec268aa26675128d824865ce

Сонымен қатар, Лукашенко жолаушылар ұшағын қондыру үшін МиГ-29 жойғышын әуеге көтеру туралы бұйрық бергені айтылады.

Еске салайық, 23 мамырда күндіз Ryanair әуе компаниясының Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан ұшағы Минскіде шұғыл қонған.

«Ұшаққа бомба қойылды деген хабардан кейін қондырылды », – делінген әуежай хабарламасында. Кейін бұл ақпарат расталмады.

Ұшақ бортында журналист, Nexta телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич болған. Nexta 2020 жылғы тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудың нәтижелері жарияланғаннан кейін жаппай наразылық кезінде оппозицияның негізгі алаңдарының бірі болды.

Арнаны Беларусь билігі экстремистік деп таныды және оның негізін қалаушылар Степан Путило мен Роман Протасевич терроризмге қатысы бар жеке тұлғалардың тізіміне енгізілді. Беларусьте Протасевичке өлім жазасы төніп тұрғаны айтылады.

Back to top button