Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
ашық дереккөзі
Осы аптада Мемлекет басшысы Жарлығымен Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі тағайындалып, жаңа Экология вице-министрі қызметіне кірісті. Өңірлерде де бірен-саран кадрлық тағайындау болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сонымен, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сансызбайұлы Қыстафин Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. Ол 1978 жылы 8 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін халықаралық заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еуропалық халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының (Брюссель қ.) халықаралық қатынастар саласында магистр дәрежесіне ие. Еңбек жолын 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Әділет басқармасының сот приставы лауазымынан бастады, әрі қарай ҚР Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінде жұмысын жалғастырды. Өзінің дипломатиялық мансабын 2001 жылы ҚР СІМ Халықаралық құқық департаментінің атташесі лауазымынан бастаған. 2002 жылдан 2005 жылға дейін ҚР СІМ Аппараты Заң бөлімінің үшінші хатшысы лауазымынан бөлім бастығына дейін көтерілді. 2005-2007 жылдары – Мемлекеттік тіл және заң сараптамасы басқармасының бастығы. 2007 жылы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды, содан кейін 2009 жылы департаментті басқарды. 2010-2015 жылдары Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі болып жұмыс істеді. 2016 жылдан 2019 жылға дейін ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментін басқарды. Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін 2019 жылдан бастап Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі болды. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар. Ал ҚР Үкіметінің қаулысымен Әлия Лазаревна Шалабекова Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне кірісті. Әлия Шалабекова 1976 жылы Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Колумбия университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Әділет министрлігінің Қаржылық және ресурстық қамтамасыз ету департаментінің қаржы бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 1999-2008 жылдары ҚР Әділет министрлігінің құрылымында түрлі қызметтер атқарды. 2008-2012 жылдары ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2012 жылғы мамыр-шілде аралығында – «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебінің сараптау және үйлестіру секторының меңгерушісі. 2014 жылғы маусым-қазан аралығында – ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы. 2014-2019 жылдары ҚР Энергетика министрлігінде басшылық қызметтерде болды. 2019-2020 жылдары – ҚР ЭГТРМ Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры. 2020 жылғы мамырдан қазіргі уақытқа дейін ҚР ЭГТРМ Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры болды. Қостанай облысы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Арман Әбенов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің орынбасары болып тағайындалды. Арман Тарғынұлы 1970 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Наурызым ауданының Қарамайшы селосында дүниеге келген. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетін бітірген. Қостанай облысы Қостанай ауданы әкімінің орынбасары, Таран ауданының әкімі, Жітіқара ауданының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы болған. Ал Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы болып Эльдар Күзенбаев тағайындалды. Ол 1982 жылы туған. Қостанай мемлекеттік университетін және Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген. Әр жылдары Қостанай облысы Қарабалық және Қостанай аудандарында Әділет басқармасының басшысы, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары мен Сарыкөл ауданының әкімі, Арқалық қаласының әкімі болды. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Мәмбетов Азамат Саматұлы Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды. Азамат Мәмбетов 1986 жылы Ақтөбе облысында туған. Екі жоғары білімі бар. Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбе қалалық әкімі аппараты жанындағы «Ақтөбе-Геозем» мекемесінде кадр жөніндегі бас маман ретінде бастаған. 2010-2011 жылдары Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік-құқықтық және кадр бөлімінде кадр ісі жөніндегі бас маман болып жұмыс істеген. 2011-2013 жылдары аталған басқарманың стратегиялық және бағдарламалардың құжаттар мониторингісі жөніндегі бөлімінде заңгер, 2013-2019 жылдары осы басқармада бөлім басшысы болған. 2019 жылдан бері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Ветеринария басқармасының басшысы қызметіне Қойшыбаев Шахмардан Сұлтанбекұлы тағайындалды, Ш. Қойшыбаев 1974 жылы дүниеге келген. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденінің мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын «ғалым агроном», «Болашақ» университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Ы.Жақаев атындағы шаруа қожалығының жұмысшы ретінде бастаған. 1996-2001 жылдары Ы.Жахаев атындағы колхозының агрономы, «Шахмардан» шаруа қожалығының төрағасы болса, 2001-2005 жылдары Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің жетекші маманы қызметтерін атқарды. 2005-2012 жылдары Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған. 2012-2020 жылдары Қызылорда облысының Жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2020 жылдан осы кезге дейін - Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.