Ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерге 2,5 млн теңге беріледі

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін елді мекендерге баратын дәрігерлерге 2,5 млн теңге көтермеақы берілетін болды. Бүгін облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Енді ауылдық жерлерге баратын дәрігерлерге 2,5 млн теңге көтермеақы берілмек. Яғни бір жолғы төлем мөлшері 1 млн теңгеге көбейтілді. Ал Петропавлға келетін мамандарға 1,5 млн теңге беріледі. Бұл кадр жетіспеушілігі мәселесін шешіп, медициналық қызметтің сапасын арттырмақ. Көтермеақы алған маман 5 жыл бойы жұмыс істеуге міндеттеледі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні өңірде 268 дәрігер жетіспейді. Сұранысқа ие мамандар: жалпы практика дәрігері – 27 маман, педиатр – 10, акушер-гинеколог – 13, кардиолог – 11, психиатр – 10, анестезиолог-реаниматолог – 14, инфекционист -7, невропатолог – 6, офтальмолог – 4.

Соның ішінде тек Тайынша ауданына ғана 16, Шал ақын ауданына -13, Ақжар, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Мамлют аудандарына 10 маманнан қажет. СҚО әкімінің бастамасы арқасында өңірге келген дәрігерлерге 2018 жылдан бастап 1,5 млн теңге көтермеақы беріліп келді. Осы күнге дейін 145 маманға қолдау көрсетілді. Ортақ сомасы – 241,5 млн теңге. Бұл облысқа жас дәрігерлерді жыл сайын екі есе көп тартуға мүмкіндік берді. Жылына 58-ден 108 дәрігерге дейін келіп отырды. Жалпы СҚО-ның денсаулық сақтау ұйымдарында 1 449 дәрігер және 5247 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

Back to top button