Елімізде тұрғын үй 20 пайызға арзандауы мүмкін
Елімізде тұрғын үй 20 пайызға арзандауы мүмкін
«7-20-25» бағдарламасын іске асыруға 1 триллион теңге бөлінген, ол қаражат игерілмейінше бағдарлама тоқтатылмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кешеден бері «7-20-25», «Баспана хит» бағдарламаларына қатысты өзгерістер қызу талқыланып жатыр. «Баспана хит» бағдарламасы жыл соңына дейін тоқтауы мүмкін. Оған белгіленген лимит өз шегіне таяп қалғаны себеп. «7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінде шамамен 325 миллиард теңге қарыз берілген. Бұл 27 мыңнан астам қазақстандыққа баспана сатып алуға сеп болды. Бірақ бағдарламаға белгіленген шекті сома 1 триллион теңге. Сондықтан бұл қаражат толық игерілмейінше бағдарлама жұмысы тоқтатылмайды.
«Қазақстанның орнықтылық қорының» хабарлауынша, бұл қаржыны игеру 2022 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал «Баспана хитке» 600 миллиард теңге бекітілген. Екінші деңгейлі банктер болжамы бойынша бұл сома биыл толық игеріледі. Қордың мәліметінше, қазір екінші деңгейлі банктер «Баспана хит» бағдарламасына ұқсас несие талаптарын әзірледі.
«Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандырудың қажеті жоқ» делінген хабарламада.
Мемлекеттік бағдарламар тоқтағаннан кейін тұрғын үйлер 20%-ке арзандайды. Экономист Арман Бейсенбин осындай пікірде.
«Егер бұл бағдарламалардың баламасы пайда болмаса, баспана нарығын оң өзгерістер күтіп тұр», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, тұрғын үй бағасының дағдарысқа қарамастан өсуі дұрыс емес. Қалыпты жағдайда дағдарыс кезеңінде тауарлар арзандайды. Сонымен қатар 2015 жылдан бері тұрғын нарығында баға ұдайы өсіп келеді. Ал халықтың тұтынушылық қабілеті өзгеріссіз қалды. Сондықтан сарапшы мемлекеттік жеңілдетілген несиелердің тоқтауы баспана нарығына жақсы өзгерістер әкелетініне сенімді.