2024 жылға қарай Семейде жаңа көпір пайда болады
2024 жылға қарай Семейде жаңа көпір пайда болады
Ал, ескі автомобиль көпірі жаяу жүргіншілерге арнайы қайта жасалады. Бұл туралы баспасөз өкілдерімен өткен кездесуде қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, - деп хабарлайды 24.kz.
«Бастапқыда ескі көпірдің тіректерін қалдыру жоспарланған болатын. Аралық құрылымды ауыстырғанмен, тіректердің су асты бөлігін қарастырған кезде көпірдің жүк көтергіштігі мен қызмет ету мерзіміне әсер ететін ақаулар анықталды. Осылайша, жақын жерде жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Ал, ескі көпір жаяу жүргіншіге айналады. Онда веложол орнатылып, жылу желілері жүргізіледі. Яғни, жылу желілері сол жағалаудан оң жағалауға қосылатын болады. Жоба әзірленіп, қазір сараптамадан өтуде. Сараптама дайын болған соң біз республикаға өтінім береміз. Бәлкім, биыл көпірді қайта құру басталуы мүмкін», – деді әкім.
Жаңа көпір салу құрылысы 2 жылға жоспарланған. Яғни, 2024 жылға қарай қалада жаңа көпір пайда болады. Аспалы көпірге келетін болсақ, онда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда жапондық компания бүкіл көпірге зерттеу жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша асфальтбетон жабынын жөндеу бойынша қажетті шаралар қабылданады.