Тайқазан

Тайқазан

Тайқазан
ашық дереккөзі
Жасы ұлғайғандар өткен ғасырдың сек­сенін­ші жыл­дары Мәс­кеу­дегі ел басқарушы пар­тияның Орта­лық Ко­митет өкілдері Оң­түс­тік Қазақстан облысын тесіле тексеріп, нәти­жесінде басшы ауысып, об­лыс біраз уақытта қара тізімде тұрғанын ұмыта қоймаған шығар. Басшылыққа сайланған Р.Мырзашев өз қызметіне белсене кірісті. Үш күн өт­кен­де облыстық партия комитетінің іс-жоспарына сәйкес кезекті бюро мәжі­лі­сінде күн тәртібіне сәйкес біздің, өндіріс және көлік бөлігіне қарасты кәсіп­орын­дарда «өндірістің тиім­ділігін арттыру өзектілігі мәселесі» қаралатын болды. Бөлім меңгерушісі ретінде ол мәселені ал­дын ала тиянақты тексеру нәтижесінде ке­містіктер анықталып, өндірістік жо­ғары нәтижеге жету жолдары жүйе­леніп ұсыныс­тар дайындалған болатын. Р. Мыр­­зашұлы­на арнайы кіріп, барлық материалмен таныс­тырып, ол кісінің сұрақтарына жауап бердім. Бюро мәжі­лісі уақытылы өткізіліп, ерекше есте қал­ғаны, ол кісі жаңа келгеніне қарамас­тан, біздің облыста бұрыннан қызмет жа­са­ған­дай терең біліктілігі мен білім­ділігін көр­сетті. Көп ұзамай Р.Мырзашұлы өзіне шақырып, мені жан-жақты терең зерттегенін, сондай-ақ «осы қыз­метте ұзақ отырып қалған екенсің, енді Түр­кістан қаласының басшылығына бара­сың» деді. Мен үлкен ризашылығымды біл­­діріп, «облыс өндірісіне нарықтық эко­номика жүйесін ендіру мәселесі» тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс дайындаған едім, тек соны ғы­лыми кеңесте қорғаған соң, ұсын­ған кез келген қызметке дайынмын» дегенімде, «Жоқ, қа­зір біз үшін әрбір сағат қымбат, алда қыр­уар іс күтіп тұр» деп нықтап айт­ты. Түсініс­тікпен келісуге тура келді. Облыс­тық партия ко­митетінің кезектен тыс бюро мәжілісінде ұсы­ныс бірауыздан қабыл­данып республика бас­шылығының келісімін алған соң, 1985 жыл­ғы 6 қарашада Түркістан қаласы пар­тия комитетінің пленумында бірінші хат­шы қызметіне сайланып, басшы мәр­те­бесіне ие болдым. Бұрынғы қызмет-міндеттеріме сәйкес Түркістандағы өнеркәсіп және көлік са­ласының кәсіпорындарымен тікелей бай­ла­ныста болып талай рет қалаға бар­ға­ны­мызға қа­рамастан, қасиетті қаланың көп ерек­ше­лігі мен қиыншылығына көңіл аудар­ма­ғаныма көзім жетті. Жасы ұлғайған кісілер бі­рінші басшының әрбір қимылы, іс-әре­кет­теріне аса зор көңіл бөліп қадағалап оты­ра­ты­ны белгілі болды. Адамдар еңбекқор, «ұлы сауда жібек жолы» бойындағы тарихи қала жұр­тының сауда-саттыққа жақындығы сезі­леді, әсіресе демалыс күндерді алыс-жақын жер­лердегі Оңтүстік Қазақстан мен Қызыл­орда облыс­тарының тұрғындары ағылып келеді екен. Тарихты зерттей келе, көзім жеткені мұн­дай жағдай астаналық болған қала жұртына тән қасиет екен. Мен барған кез­де қалада жұмыссыздық, (әсіресе, әйелдер ара­сында) өндіріс орындарының аздығы, қа­ла бюджетінің жетіспеушілігінде мемлекет бере­тін жәрдемақыға тәуелділігі, ше­шілуін қажет ететін күрделі мәселелер жи­нақталған. Ең бастысы, түркі әлеміне бел­гілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына кел­тіру өзекті екен.  width= Жалпы жағдайды терең түсіну үшін тарихи деректерді ақтаруға тура кел­ді. Қазақстанды танып-білу қоғамның Сыр­дария бөлімшесі 1930 жылы шығарған М.Мас­сонның «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі (кесенесі)» атты кітабымен танысудың реті кел­ді. Онда келтірілген деректер: «Қазіргі Түр­кістанның аты қолданысқа кіргені XVI ғ. Араб жолшыларының (саяхатшыларының) деректері бойынша қазіргі Түркістан жерінде кең көлемді Шауғар қаласы болуы мүмкін де­лінеді. Бұл уақытқа дейінгі сол жердегі ар­хеологиялық материалдар мұн­да қалалық елді мекен XII ғасырда болғанын көр­сетеді. ол кезде Яссы (ие­сін) деген атпен аталатын Түркістан қаласын сол уа­қытта-ақ софы Қожа Ахмет Ясауи атымен бай­ланыстыра бастады. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Махмуд баласы Ифтардан туған Ибрагим сол жер­дегі түрік тұқымынан. Бала кезінен терең ой­ланатын, парасатты, әсерленгіш және күй­гелек Ахметті жергілікті түрік шейхы Арыс­тан баб назарына алып, рухани тәрбиелеумен айналысады. Қожа Ахмет кейіннен, ұстазы қайтыс болған соң Бұхараға аттанып, он­да сол кездегі танымал шейх Қожа Юсуф Ха­маданиден үйреніп, «иршад» - өзі де со­фылық «шындықты тану жолдарын» (тари­хат) үйретуге рұқсат құқығына ие болды. Тіп­тен ол кейінірек накшбанд атымен белгілі бол­ған бұхаралық софылар қауымын бір­ша­ма уақыт басқарады. Сонан соң Бұхараны тастап және Яссыға оралады. Бұл жерде тақуа сопыға кең көлемді қыз­меттік әрекетке жол ашылды. Оның өнегелі беделі кеңес және жұбаныш із­деген тіптен алыстағы кісілерді қызық­ты­рып, өзіне тартты. Өзінің ақиқатты өнегелі өмі­рінен нақты мысалдармен жеңіл түсінуге жеңіл тілімен Қожа Ахмет өзіне келгендерге, софылық ілім қажет ететін жақсылық жасау, тойымсыздықты тежеу, бойұсынғыштықта ұстазды құлақ қойып тыңдауға, сенімді жүруге талап етіп, үндеді. Оның жолын қуушы ізбасарларының са­ны тез көбейді. Барлық өңірдегі, бұл уақытқа дейін әрең тамырын жая бас­таған ислам дініндегі түрік тайпалары, оны өз­дерінің рухани басшысы ретінде мойын­дады және оған «ата» (әке) деген ат берді. 562 х.ж. (ж.э. 1166\7ж.) уағыздау қызметінің екін­ші онжылдығында даңқты түрік шей­хы­ның дүниеден өтуі данқын және әйгілігін ешқандай кеміткен жоқ. Оның қабіріне жыл сайын мыңдаған тәуіп етуші ағылып жат­ты. Түрік тіліндегі авторы Қожа Ахмет сана­ла­тын Хикмет (даналық) атты софылық өлең­дер жинағы кеңінен таралды. Қожа Ахметтің қанша жаста өмірден өт­кені белгісіз. Хикметте жазылған бір өлеңде белгілі болғандай, 63 жасқа тол­ғанда, яғни пайғамбар Мұхаммедтің қайтыс бол­ған жасында, Қожа Ахмет осы оқиғаны еске алып, жер асты жеке бөлмесіне (Хилля-ха­наға) түсіп, онда 60 күн және 60 түн ораза тұтып және намаз оқыған. Темірдің ресми тарихы «жеңістер» кі­та­бында көрсетілгендей, Ясауи қа­бірі­нің басына ғимарат тұрғызу хикаясы х.799 жылының соңында, яғни ж.э.1397 жылдың күзін­де болған оқиғалармен байланыстыры­ла­ды. Әмір өзінің болашақ жұбайының келуін күтіп, қыркүйек айында Яссы қала­сына келеді және Қожа Ахмет бейітіне діни жора­ға сәйкес салтанатты зират (тәжім ету) жа­сайды жә­не дәл сол уақытта түрік шей­хының қабірі ба­­сына жаңа кесене тұрғызуға бұйрық береді. Тап­сырушының қалауы ғи­мараттың жалпы жос­пары, негізгі көлем-мөлшерлері және кей­бір декоративті (сәндік) бөлшектері ішкі жа­сау жиһаздары указбен бекітіледі. Тап­сыр­маны іске асыру Маулен Убайдулла Садраға жүктеледі. Ескерткіштің әртүрлі бөліктері мен жекелеген жасау бұйым заттарында ке­сенені тұрғызуға қатысушы кейбір парсы ше­берлерінің аттары бұл күнге дейін жеткен. Изразецті сыртқы қабығын Шираздық Хаджы Хасан деген кісі жүргізген, оның аты және жұмыс уақыты х. 800 ж. сол­түстік фасадтың сыртқы қуысынан жоғары көк түсті кірпішпен көмкерілген. Сағананың дәл үстіндегі қабырғасы ырсиған кіші күм­безді жапқан алты-қырлы жұқа кірпіш басқа Шираздық Шемс Абд-ал-Вахабтың атын сақ­таған жазба бойынша, ол кесенені түгел­дей болмаса да, қабірдің өзін жасап шығару­шы болуы мүмкін. Екі есіктегі күміспен бе­зендірілген, қола ілмектер және шырағ­дан­дар мен чирагаларға арналған бірнеше брон­за­лық тіреуіштерді жасап шығарған Исфа­ган­дық Тадж-ед-Диннің ұлы – Изз-ед-Дин. Салынған құдыретті кесене тастарға сәйкес және ниет, түпкі ой бойынша Орта Азияда жалғастырушысы жоқ. Бірақ оның ислам өнері тудырған дәстүрлі түр­лері­нің ар жағында, көңіл күйі ғасырына үндес, мүм­кін, кездейсоқ емес интуициямен Пер­сия­ның патшалық стилінен, Сасанид ға­сырынан және императорлық Византия ар­хитектурасынан алып пайдаланған жаң­ғырық сезіледі. Ктесифон және Фирузабад сарай­ларды өздерінің кескін ерекшеліктерін сызба тұрғысынан «П» әрпі кескінінен тапты. Са­санидтік патшалардың (Так-и-Кесра) зал­дарының орасан зор күмбездері-сәулетті Пор­телдың болашақ үлгісі. Византияның барынша дәл әсері, бұ­рын сасанидтік Персияда болған «аспан патшасы және жердегі тақсырдың бір қолдан басқарушылығы» идеясын архитек­тура­да іске асырылуы өркендеді және 537 жы­лы тұрғызылған Константинопольдағы «Киелі Софияда» салтанатты көрініс тапты. Бұл әлемдік ескерткіш бірнеше ғасыр бойы едәуір дәрежеде әйгілі шығыс, сондай-ақ мұсылмандық Түркия архитектурасына тәуелді әсері Қожа Ахмет кесенесінде көрініс тап­қан, сондықтан оны толық негізде Орта Азия­ның Айя-Софиясы деп атауға болады. Қожа Ахмет кесенесі қабырғаларының ас­тына сол кездегі жердің деңгейінен 25-30 см тереңдікте бірнеше қатар кірпіш ұқып­сыз қаланып қойылған, мұнаралар және пор­талдар астындағы шұңқырлар топырақ ара­лас кесек тастармен толтырылған. Фундаменттің болмауы ескерткіштің шөгуінің негізгі себебі болып сана­лады және мұнымен ескерткіштің бірте-бірте бүлінуіне әкеледі. Өз кезегінде жер сілкінісі оша­ғының қашықтығына сәйкес уақыт әре­кеті әсеріне айтарлықтай қарсы тұруы тиіс. К­е­сененің кіреберістегі есігінің табалды­ры­ғынан аттаған келуші жан-жағы 18,5 шаршы метр орталық және ең үлкен бөлмеге тап бо­­ла­ды. Мұның ортасында бүкіл бөлмеге «қа­­зан­­дық» атын берген биіктігі адам бойын­дай үлкен қола қазан орналасқан. Қазанға тәтті су құйылып, діндарларға жұма күнгі намаз аяқталған соң үлес­тірілген, онан соң мұнда кедейлер мен кез­белерге ерекше тамақ «халим» таратылып бе­ріл­ген. Ол сол жақтағы дәліздің арғы­ жа­ғын­дағы «Халимхана» аталған (Юляк) бөл­меде дайындалған. Халимханаға симметриялы оң жақта дәліздің ар жағында құдығы бар «Құ­дық» аты берілген күмбезді бөлме орналасқан. Бөл­менің алғашында неге арналғаны белгісіз. Құ­дық XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр­дың басында қалаға шабуыл жасалғанда жа­сырынып отыру үшін қазылған. Орталық «Қазандықтың» жалпақ қуы­сынан тесіп шығарылған екі есік, олар­дың ар жағында «қазандықпен» (юляк) дәлізі арқылы байланыстыратын созылып орналасқан кішігірім бөлмелерге апарады. Сол жақтағысы «кітапхана» деп аталады, өйт­кені аңыз бойынша мұнда кітапхана ор­наласқан, өйткені оң жақ­тағысы – кіші Ақ­сарай, қарама-қарсыда және бүкіл ғи­марат­тың солтүстік бұры­шына жататын екі күм­безді шатыр арқалығымен жабылған үлкен Ақ­сарай бөлмесі. Үлкен Ақсарайға жұп ес­керткіштің батыс бұрышында кіші мешіт бөл­месі. Оған орталық «Қазандықтан» сонда жер­ленген Жолбарыс хан дәлізі арқылы кіре­ді. Кіші мешіт Қожа Ахмет сағанасынан «Зиярат юлак» атты дәлізімен бөлінген. Мұн­да әулие қабіріне тағзым ететіндер оның қа­бірі орналасқан бөлмеде тар есікпен бі­телген орын арқылы жақын келе алады. Жар­тылай жарық қазандықта тұрып және оның ашық есігі арқылы қабірге қарағанда бейіт­ке тау жарығы төмен түскендей көрі­не­ді, өйткені сағананың іші әрқашан өте жа­рық.» (М.Массон. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Таш­­кент 1930). Зерттеу нәтижесіндегі келтірілген ғы­лыми деректер әлемдік дәрежедегі ғи­марат пен Түркістан қаласының тағдыры бү­кіл Түркі халқының өткен ғасырлар тари­хы ғана емес, әділдік пен шындықты тану жолдарын үйрену, өз-өзіңді тәрбиелеу, адами асыл қасиеттерді бойға жинау арқылы жар­қын болашаққа жол сілтейтін еліміздің ру­хани орталығы екенін көрсетті. Осынау ізгі ниет­ке көз жеткізу үшін Қазақ қалпына кел­тіру жобалау институтының («Казпроект рес­таврация») директоры Б.Тұяқбаева мен бас инженерін арнайы шақырып, кеңес өткіз­дік. Кездесу барысында жинақталған мәсе­ле­лер мен алдағы атқарар іс-шаралар түйін­дел­ді. А.Ясауи кесенесіне байланысты алдыңғы жыл­дары қабылданған Қазақстан минис­тер­лер кеңесінің арнайы қаулысы бар болып шық­ты. Өкініштісі, онда белгіленген іс-ша­ралар толық орындалмаған. Келесі жылдың маусым айында қалаға ар­найы сапармен Д.Қонаев барды. Ке­сенені аралап, құдықтан бір кесе су ішіп, сыртқа шыға бергенде, алдын ала келісім бойын­ша жобалау институтының директоры Б.Тұяқбаева есік алды қабырғасына сызба-кар­талар ілініп, ойластырылып келіскен, қа­жет­ті және шешілуі кезек күттірмейтін мә­се­лелер туралы баяндады. Димекеңе ой-пі­кірімізді толық жеткізуге тырыстық. Ынта қойып тыңдағаннан соң, «Қарағым Нұридін, бұл уақытқа дейін ешкім мұншалықты мәселелерді айтқан емес еді. Бәрін шешеміз» деді. Бір ай өткеннен соң, Димекеңнің қа­былдауында болу сәті түсті. Аса бір іл­типатпен қабылдаған ол кісі: «Көтерілген мә­селе Орталық Комитеттің секретариатында қаралып, Министрлер кеңесінің орындауына тапсырылды» дегенде қуанышым қойныма сыймады. Жылы шырайлы қоштасқаннан соң ескі алаңдағы ғимаратта орналасқан Ми­нистрлер кеңесіне барғанымда, кеңес тө­рағасы ол шешімді алғанын және оның орын­далатынын айтты. Бір ай бойы күткен шешім туралы ха­бар болмаған соң қаланың халық де­путаттары кеңесі атқару комитетінің төра­ға­сы Е.Жорабековке Министрлер кеңе­сіне барып, қаламыз туралы қаулының тағ­ды­рын біліп келуін тапсырдым. Оның кет­кенінен келуі жылдам болды. Еңсесі түсіп кет­кен. Ми­нистрлер кеңесі төрағасының кө­мек­ші­сіне жолыққанын және оның «ауыр сөз­дерін» естуге тура келгенін жеткізді. Со­ны­мен үміт артқан тарихи шешім қабыл­дан­бай аяқсыз қалды. Енді шегінерге жол жоқ деген шешімге келіп, Еркін Жорабековке «қасиетті тай­қазан» тағдырымен шұғылдануды тап­сырып, қаламыздың күрделі де, өзекті мәсе­лелерін шешу үшін Түркістанның қала болып қалыптасқан жылын анықтап, ғасырлар тари­хымыздың куәгері А.Ясауи кесенесін ЮНЕСКО жылнамасы тізіміне енгізу жұмыс­тарын тікелей мойныма алдым. Алдымызда тарихи оқиғалар тұрғанын кім білген? Көп ұзамай Кеңес Одағы рес­публикалары басшыларының арасында КОКП саяси бюросының санаулы ғана мү­шесінің бірі Д.Қонаевтың орнына респуб­лика басшылығына біздің елде ғана емес, одаққа белгісіз Г.Колбиннің тағайындалуы халық­тың, әсіресе ұлтжанды өскелең студент жас­тарымыздың наразылығын туғызды. Қаламыздың тарихы туралы біраз де­ректер жиналған соң ҚКП орталық ко­митетінің хатшысы З.Камалидиновтің қа­былдауында болып, еліміздің бірнеше ға­сыр астанасы болған Түркістан қаласының жыл­намасын анықтап, ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесін тілге тиек еттім. Ол кісі тү­сіністік танытқандай болды. «Қазір Сол­түс­тік Қазақстан облысының орыстілді газетінің 100 жылдығын атап өтуге дайындық жүріп жатыр. Өйткені қолымызда газеттің бірінші нөмірі бар» деді. «Қазіргі жиналған деректерде қа­ланың қай жылы қалай аталғаны көр­се­тілмеген, әлі де іздестіреміз, мүмкін көрші ел Қытай жылнамаларынан табылып қалар» де­генімде, ол кісі «Жоқ, тек ресейлік деректер болуы керек» деп кесіп айтты. Әрине мұндай күрделі де жауапты мә­селені шешу үшін республиканың Ұлт­тық ғылым академиясына шығуға тура кел­ді. Кейіннен ескі қала аумағында жүр­гізіл­ген археологиялық қазба жұмыстарының не­гізінде Түркістан қаласына 1500 жыл деген ресми дерек анықталды. М.Горбачевтың Қазақстанға сапары кезінде оған мен А.Ясауи кесенесі ту­ралы қазақ, орыс және ағылшын тілінде жа­зылып шыққан альбомды ұсындым. Ми­хаил Сергеевич альбомды қолына алып «600 жылдан астам бұрын фундаментсіз тұрғы­зыл­ған бұл тарихи кесене туралы Нұрсұлтан Әбішұлы ұшақта жол бойы айтып келді» деп ризашылық пейілмен жұбайына ұстатты. Бірақ бұл тақырып одан әрі жалғасын тапқан жоқ. Біздің ұсынысымыз қабылданып, көп ұзамай ҚКП орталық комитетінен арнайы ко­миссия келіп қаланың әлеуметтік-эконо­микалық даму барысын тексеріп, зерделеп, са­раптама мәліметтерімен таныстырды. Өзек­ті мәселелерді тізбектеумен қатар, онда қа­лада жекешелендіру шараларын іске асыруда оң нәтижелерге қол жеткізілгені жә­не салыстырмалы түрде мұңдағы тә­жірибені үлгі ретінде басқа жерлерге таратуға болатыны көрсетіліпті. Еске сала кетейін, бұрында баспасөзде жарық көрген мақаламда жазылғандай, тексерілген мәселелер ҚКП орталық комитетінің бюро мәжілісінде тың­далып, оның шешіміне сәйкес, Министрлер кеңесі «Түркістан қаласының әлеуметтік-эко­номикалық дамуы туралы» арнайы қаулы қа­былдады. Саяси бюро мәжілісінің шешімі жарық көрген соң «Казахстанская правда» газеті «Туркестан – город социальных проб­лем» атты бір беттік көлемді мақала басты. Қоғамдық пікір тудырған бұл жайттардан кейін, екінші рет ҚКП орталық комитетінің бюро мәжілісінде менің есебім тыңдалып, қа­былданған шешім негізінде, Министрлер кеңесі «Республикалық Әзірет Сұлтан қо­рығын құру туралы» қаулы қабылдады. Тақырыбымызға оралсақ, тайқазанды қайтару ең өзекті мәселе ретінде көңіл­ден кеткен емес, тұрақты түрде оның шешу жолдарын іздестірдік. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи қала тұрғындары ата-бабаларын қан­ға сіңген сауда-саттықты дамытуда нарық жүйе­сін еркін меңгеріп, алыс -жақын елдер­дегі кәсіпкерлермен етене қарым-қатынасы ұлғайып, Түркістан қаласы кеңінен таныла бас­тады. Мұндай мүмкіншілікті ескеріп, қала­лық халық депутаттары кеңесі атқару ко­митетінің төрағасы Еркін Жорабеков, кә­сіпкерлер Ә.Әбдіразақов, Б.Ирисметов тобын Мәскеуге Одақтық мәдениет министрлігіне тай­қазанды қайтару мүмкіндігін анықтауға ар­найы жіберілді. Сапарлары оң болды. Е.Жора­беков Одақ Мәдениет министрі В.Захаровпен кездесіп, тайқазанды Эрми­таж­дан қайтару мәселесін көтерген. Әңгіменің шеті М.Горбачевтің жұбайы Райса Горбачева­ның құлағына жеткен. (Мүмкін жоғарыда айтылғандай М.Горбачевке тапсырылған А.Ясауи кесенесі туралы үш тілдегі альбомның да септігі тиген болар). В.Захаров тайқазанды қайтаруға болатынын мойындайды. Көңілдері орнына түсіп қайтқан жі­гіт­тер Ленинградқа аттанып, Эрмитажға барғанда академик Б.Пиотровский кезекті де­малыста болғандықтан, қарсы алған Эр­митаждың жауапты қызметкері тайқазанның қай­тарылмайтынын айтып, Мәскеуден кел­ген «тайқазанды қайтарудан бас тарту» тура­лы ресми жеделхатты көрсетіп кері қай­тара­ды. Көңілі түскен жігіттер кері қайтады. Ара­­да біраз уақыт өткен соң Б.Пиотровский­дің өзі Е.Жорабековке қоңырау шалып тай­қазанның қайтарылуы оң шешілгені, енді тез келіп алып кетуді хабарлаған. Мұндай қуа­ныш­ты хабарды ести сала, ол маған келіп «тай­қазанды алып келуге өзіңіз барасыз ба?» деді. Мен оған «жоқ осы игі істің басы-қасын­да жүрген сен барасың» деп, бұл жұмысты өзіне тапсырдым. Тайқазанды алып келуге мақта тазарту зауытынан «КамАЗ» автокөлігі екі (Шералы, Молдахан есімді) жүргізушілер мен қа­лалық ішкі істер бөлімінен арнайы қыз­мет­кер белгіленіп, автокөлікке Эрмитаж қыз­меткерлеріне арналған қарбыз тиеліп Ле­­нинградқа тездетіп аттандырылып, Е.Жо­ра­беков, Ә.Әбдразақов, Д.Жамалов ұшақ­пен жолға шықты. Беттеген жеріне жеткен соң, жігіттер сый-сияпат ретінде оңтүстік өңірден қарбыз әкелгенін айтқанда Б.Пиотровский өз қызметкерлеріне мәлімет тізім (ведомость) арқылы таратып береді. Е.Жорабеков риза­шылықпен Б.Пиотровскийді қонаққа шақы­рып, арқа-жарқа сезімде ыстық көңілмен қиын мәселенің қалай шешілгенін сұрағанда, ол кісі уақытында Эрмитажға Иран өнерінің халықаралық көрмесіне уақытша әкелінген тайқазанға көрме барысында тәуіп (зиярат) етушілердің көп болғанына байланысты Эрмитаж басшылары Түркістан қаласының басқарушы органдары басшыларына тай­қазанның Эрмитажда қалу уақытын ұзартуды сұранып өтініш жеделхат жібергенін, сол себепті тайқазанның тұрақты қалып қойға­нын мойындайды. Тіптен жеделхаттың түп­нұсқасын да жігіттерге көрсетеді. Әңгіме бары­сында тайқазанның қайтарылуына қарсы болғандардың жеткілікті болғанына байланысты Б.Пиотровский СОКП Орталық Комитетінің басшыларына арнайы жолығып, қолындағы деректі құжаттарды көрсетіп, шындықты дәлелдеген соң ғана мәселенің оң шешілгенін айтады. Келесі күні академик жер­гілікті теледидардан тайқазанның Эр­митажға уақытша әкелінгені, енді оның тарихи өз орнына қойылуы үшін Қазақстанға қайтарылуы туралы шешім қабылданғанын ашық хабарлайды. Сондай-ақ Эрмитаждың тиісті қызметкерлеріне экспонаттарды қор­ғаудың электр жүйесінен ажыратып, тай­қазанды тұрған жерінен алып шығуға рұқсат етеді. Алайда келеңсіз қиындықтар туын­дай­ды. Қазанның өлшем-мөлшері терезенікімен дәлме-дәл келуіне байланысты жігіттер алып келген автокрандардың тайқазанды алып шығуына мүмкіндіктері болмай уақыт со­зылады. Бұл жағдай құлақ түріп отырғандарға резонанс тудырады. Одақ көлемінде қажетті техниканың жоғын айтудың орнына, оқи­ғадан хабары бар тележүргізуші Невзоров эфир­ден қасиетті тайқазанды Эрмитаж ғи­маратынан шығара алмай жатқанын келе­междеп хабарлайды. «Кәсіпкердің табысты болуы танысының көптігіне байланысты» дегендей, Әбсадық Әбдра­зақовтың алыс-берісті сыйластықтағы сол жердегі «Нагинка» фабрикасы дирек­торының орынбасары А.Козловтың жәр­демі­мен шведциялық «Вольво» жүргізушісі де швед автокранымен тайқазанды ғимарат тере­зесінен алып шығып, астына әкелінген киізді төсеп, «КамАЗ» автокөлігіне жайғас­тырады. Ә.Әбдіразақов пен Д.Жамалов ере жүріп, оларды «Мәскеу қақпасы» деген жерге жеткізіп, күзетші милиционер мен жүргізу­шілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп Балқаш бағытына жүруді белгілеп, жолға шы­ғарып салады. Олар жол бойы, еш жерде тоқтамай, автокөлікті кезек-кезек, белгілі қалаларға жеткен уақытын хабарлап отырды. Сондықтан да келер уақытын пайымдауға мүм­кіндік туды. Аудан шекарасынан қарсы алған Түркістан қаласының ішкі істер бөлі­мінің басшысы Т.Мамышев тайқазан тиеген автокөлігінің алдына түсіп, жарық сигналын қосқан бойы кесене алдына келіп тоқтап, қа­сиетті тайқазанның аман-есен жеткізілгені туралы рапорт берді. Сондай-ақ ол тайқазан­ның әкеле жатқанын естіген халық Түр­кістанға жете берістегі «Ынтымақ» ауылынан бастап тізілген, қалың жұрт қалаға кіргенше қол бұлғап тұрып қарсы алғанын жеткізді. Кесене алдында ине шаншар жер жоқ, қуа­нышы қойнына сыймаған жандарға толы. Қарсы алу рәсімінде қаланың мәдениет бөлімінің басшысы Қ.Бегмановтың ша­қыруымен келген академик Зейнолла Қабдоловпен бірге сөйлеген сөзімде «қасиетті тайқазан елімізге ырыс әкеледі» деген ыстық лебіз айтылып еді, ол сәт менің өмірімдегі ең қымбат уақыт болып қала береді.

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ, Түркістан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы»