Тайқазан
Тайқазан
Жасы ұлғайғандар өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеудегі ел басқарушы партияның Орталық Комитет өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысын тесіле тексеріп, нәтижесінде басшы ауысып, облыс біраз уақытта қара тізімде тұрғанын ұмыта қоймаған шығар.
Басшылыққа сайланған Р.Мырзашев өз қызметіне белсене кірісті. Үш күн өткенде облыстық партия комитетінің іс-жоспарына сәйкес кезекті бюро мәжілісінде күн тәртібіне сәйкес біздің, өндіріс және көлік бөлігіне қарасты кәсіпорындарда «өндірістің тиімділігін арттыру өзектілігі мәселесі» қаралатын болды. Бөлім меңгерушісі ретінде ол мәселені алдын ала тиянақты тексеру нәтижесінде кемістіктер анықталып, өндірістік жоғары нәтижеге жету жолдары жүйеленіп ұсыныстар дайындалған болатын. Р. Мырзашұлына арнайы кіріп, барлық материалмен таныстырып, ол кісінің сұрақтарына жауап бердім. Бюро мәжілісі уақытылы өткізіліп, ерекше есте қалғаны, ол кісі жаңа келгеніне қарамастан, біздің облыста бұрыннан қызмет жасағандай терең біліктілігі мен білімділігін көрсетті.
Көп ұзамай Р.Мырзашұлы өзіне шақырып, мені жан-жақты терең зерттегенін, сондай-ақ «осы қызметте ұзақ отырып қалған екенсің, енді Түркістан қаласының басшылығына барасың» деді. Мен үлкен ризашылығымды білдіріп, «облыс өндірісіне нарықтық экономика жүйесін ендіру мәселесі» тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс дайындаған едім, тек соны ғылыми кеңесте қорғаған соң, ұсынған кез келген қызметке дайынмын» дегенімде, «Жоқ, қазір біз үшін әрбір сағат қымбат, алда қыруар іс күтіп тұр» деп нықтап айтты. Түсіністікпен келісуге тура келді. Облыстық партия комитетінің кезектен тыс бюро мәжілісінде ұсыныс бірауыздан қабылданып республика басшылығының келісімін алған соң, 1985 жылғы 6 қарашада Түркістан қаласы партия комитетінің пленумында бірінші хатшы қызметіне сайланып, басшы мәртебесіне ие болдым.
Бұрынғы қызмет-міндеттеріме сәйкес Түркістандағы өнеркәсіп және көлік саласының кәсіпорындарымен тікелей байланыста болып талай рет қалаға барғанымызға қарамастан, қасиетті қаланың көп ерекшелігі мен қиыншылығына көңіл аудармағаныма көзім жетті. Жасы ұлғайған кісілер бірінші басшының әрбір қимылы, іс-әрекеттеріне аса зор көңіл бөліп қадағалап отыратыны белгілі болды. Адамдар еңбекқор, «ұлы сауда жібек жолы» бойындағы тарихи қала жұртының сауда-саттыққа жақындығы сезіледі, әсіресе демалыс күндерді алыс-жақын жерлердегі Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұрғындары ағылып келеді екен.
Тарихты зерттей келе, көзім жеткені мұндай жағдай астаналық болған қала жұртына тән қасиет екен. Мен барған кезде қалада жұмыссыздық, (әсіресе, әйелдер арасында) өндіріс орындарының аздығы, қала бюджетінің жетіспеушілігінде мемлекет беретін жәрдемақыға тәуелділігі, шешілуін қажет ететін күрделі мәселелер жинақталған. Ең бастысы, түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру өзекті екен.