Оқулық қандай, оқушы сондай

Оқулық қандай, оқушы сондай

Оқулық қандай, оқушы сондай
ашық дереккөзі
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформаларға тоқталып, оқулық сапасының на­шарлығын айтып мәселе көтерген болатын. «Біздегі оқу­лық­тардың деңгейі төмен. Кітапты әзір­ле­ген азаматтардың жауап­кершілігін заңнамалық тұрғыдан реттеу ке­рек. Сапасыз оқулық дайындағаны үшін жауапқа тартылсын. Басқаша бол­майды», – деді Президент. Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда мек­теп оқулықтары бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Соңғы жылдары мектеп бағ­дарламасында сапасы төмен оқулықтар бар екені айтылып жүр. Осы орайда Túrkistan халықаралық газеті мамандарға мек­теп оқулықтарының сапасына байла­нысты сауал қойған болатын.  width= Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы: Әдебиет тарихын білмеген жастар тәуелсіздік қадірін білмейді
– Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жаздым жаным ашып Алашыма» деді. Кеңес өкіметі тыйым салған кездің өзінде түрмеде ату жазасын күтіп отырса да қайраткерлер халқына арнап әділ сөз айта білді. Ұлты­ның азаттығы үшін Алаш қайрат­керлері «ілінбей» қалған оқулыққа жазушылық ор­та­да мойындалмаған ақын-жазушы­лар­дың қалай енгені, қандай критериймен сұрыпталғанына қайран қаламын. Оқулық авторларына осыны айтсаң, біз бағдар­ламаға сүйендік деп ақталады. Авторлар оқулықты жазуға 2-3 ай уақыт береді дейді. Асығыс жазылған кітапта қандай білім болсын?! Өзім қазір Назарбаев университетінде сабақ беремін. Студенттерге әдебиет пен тарих­ты байланыстыра отырып қайрат­кер­лер өмірі мен шығармашылығын баян­дасаң таңғалады. Олар Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін», «Қартқожасын», М.Әуезовтің «Қи­лы заманын», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» енді оқып жатыр. Әде­биетімізде осындай саяси романдар бол­ғанын неге мектепте айтпаған деп сұрай­ды. Алаш әдебиеті 9-11-сынып оқушы­ларына оқытылуы керек. Мысалы, 5-6 сыныптан бастап Абайдың «Аттың сыны», «Жазғытұры», «Болыс болдым, мінеки» секілді өлеңдерін береді. Мақұл делік, ал Абайдың кім екенін оқушылар жоғары сы­ныпта толық біліп шығуы керек қой. Ре­сейдің оқулықтарында адамның са­насына өзгеріс алып келетін мықты жазу­шылардың еңбегі жоғары сыныптарда оқытылады. Оқушы орта мектепті бітір­генде қазақ әдебиеті арқылы ұлттық құн­дылықтарды бойына сіңіріп өссе, бола­шақта ұлтқа қалтқысыз қызмет етпей ме? Қазіргі оқушылар сіз бен бізден сауат­ты. Алаш әдебиеті мектеп бағдар­ламасына дұрыстап енгізілсе, оқушылар басқа шы­ғар­маларын оқып, өздері зерттеп алады. Студенттер «Ұлтқа қызмет ету үшін қандай болу керек?» деген мәселеде шетелдің ақы­лы мотивациялық курстарын оқып, тре­нингтеріне қатысып жүр. Бүгінгі заманның нағыз мотиваторлары Алаш қайраткерлері екен ғой деп таңғалады. «Мына шығар­ма­ларды мектепте оқысақ, Сорбонна универ­ситетінде оқып жүретін едім ғой» деген студенттер де болды. Алаш арыстарының бірнеше еуропалық тілді қай уақытта, қа­лай оқып үйреніп алғанының өзі бүгінгі жастарға үлгі. Осыдан 5-6 жыл бұрын мектеп бітірген оқу­шылардың алды бүгінде ЖОО бітірді. Олар біздің жолымыз болған екен деп қуанады. Мектептің оқу бағдарламасын 5 жылдан кейін бір ұйықтап тұрған адам жасай ма деген сұрақ туындайды. Бұл мәсе­лені Білім және ғылым министрі қаперге алуы керек. Өйткені бұл – сіз бен біздің ба­лаларымыздың, ұрпағымыздың келе­шегі. Біздің оқырманға әлемдік әдебиет емес, деректік тарихи проза керек. Әдебиет тарихын білмеген жастар тәуелсіздік қадірін білмейді. Алаш қайраткерлерін жоғары сыныпта оқытпағанда қашан оқы­тамыз? Мектеп бітірген соң жастар әде­биетке қызыға ма, жоқ па білмейміз. Сон­дықтан қолда бар әдеби байлығымыз­ды болашақ ұрпақ санасына мейлінше те­реңірек сіңіруге атсалысуымыз керек.
 width= Айман АҚТАНОВА, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің қауым­дастырылған профессоры міндетін ат­қарушы, 5-11-сыныпқа арналған «Қазақ әде­биеті» оқулықтарының авторы, фи­лология ғылымдарының кандидаты: Бүгінгі оқушыға тақырыпты меңгеру қиын емес
– Мектептегі қазақ әдебиеті оқулық­тарын­да Алаш қайраткерлері туралы жа­зыл­маған дегенге толық келісе алмаймын. Себебі Алаш қайраткерлерінің еңбектері 5-сыныптан бастап мектеп бағдарла­ма­сы­на енгізілген. Олар «Алаш әдебиеті» немесе «Алаш қайраткерлері» деп жеке тарау ре­тін­де қойылмаған. Осыған ғана сүйеніп алаш­тықтар мектеп бағдарламасына енбе­ді деп айтуға болмайды. Өйткені Алаш қайраткерлері туралы әр сыныптың бағ­дарламасында бар. Мүмкін болашақта бағ­дарламаға түзету енгізіп, жеке Алаш әде­биетіне тарау арнау керек шығар. Бұл жер­де оқулық авторлары оқулықты ар­найы бекітілген бағдарлама бойынша жаза­тынын ескеру керек. Авторлар оқулықты 2-3 айда жазады де­ген пікірмен келіспеймін. Оқулық ең аз дегенде 1 жыл дайындалады. Бұрын­нан келе жатқан авторлар оқулықты же­тіл­діру туралы үнемі айналысады деуге болады. Қазір оқулық авторларын оқыта­тын курстар да бар. Онда авторларға тап­сыр­малар жүйесін реттеуді үйретеді және ғы­лыми-әдістемелік жаңалықтармен та­ныстырады. Былтыр сондай курсты «Оқу­лық орталығы» ұйымдастырды. Сосын оқу­лықты сараптайтын бірнеше комиссия бар. Оқулықты мектеп ұстаздары мен әдіс­кер ғалымдар әдістемелік жағынан сара­ласа, журналистер әлеуметтік сараптама жасайды. Ал ғалымдар ғылыми негіздеме­лерін қарайды. Ең соңында Тіл білімі инс­титуының ғалымдары тілдік, сөздік қол­даныс жағынан қателерін тексереді. Кейбір оқулықтарда дыбыстық, тех­никалық жағынан бірен-саран қате кетуі мүмкін. Ол дұрыс емес, ондай қатені жі­бер­меуге тырысу керек. Бір оқулықтың ар­тында қаншама адамның кәсіби еңбегі мен маңдай тері тұр. Оқулықты сынау дайын асты сынау секілді оңай. Жалпы кез келген жаңалық бірден қабылданбайды, оған үйренуге уақыт керек. Жаңартылған білім мазмұны бүкіл қоғамға келген жаңалық болды. Сондықтан оны қоғам болып талқыладық. Әлі де жаңаша қарап өңдеуді қажет етеді. Себебі әр заманның баласы алдымен өз замандастары туралы оқуы керек. Бағдарламаға кейінгі әде­биеттің озық үлгілерін кіргізу керек деп са­наймын. Қазіргі балалар әдебиетінде та­ма­ша туындылар жасап жүрген заман­дастарымыз да бар. Жалпы оқулық арнайы оқу мақсат­тарына сай жазылады. Тапсырмалардың барлығы сол оқу мақсаты бойынша жүйе­леніп құрылады. Ол Блум таксономиясына сай білу, түсіну, қолдану құзыреттіліктері­мен байланысты. Тақырыпты меңгеру оңай тапсырмалардан басталады. Мысалы, нені білу керек деген мәселе сұрақ-жауап тү­рінде жүргізіледі. Екінші, оқушының нені түсінгеніне байланысты тапсырмалар жа­салынады. Бұл бөлікте көбінесе жазба жұмыстары беріледі. Түсінгеніңе байла­нысты ойыңды білдір, сын-пікір білдір деген сияқты тапсырма болуы мүмкін. Одан кейін алған білімді қолдану бөлі­мін­де ауызша және жазбаша тапсырмалар беріледі. Бұл жүйе оқу мақсатына сай оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға негізделген. Қолдану бөлігінде негізінен бағалау және салыстыру бойынша тапсырмалар болады. Оқушы ай­тылған, өзі түсінген, білген нәрселерге баға береді, сын жазады. Бұрын біз оқыған кезде мұндай нәрсе­лер болған жоқ, сын жасаған жоқпыз, баға берген жоқпыз. Тек алдымызға бергеннен түсінгенімізді айтып, мазмұндап берумен шектелдік. Бұрын шығарма жаздық. Шы­ғарманы қазір де гуманитарлық бағытта оқитын оқушыларға жазғызуға болады. Қазір көбіне шығарманың орнына әлемдік білім стандартына сай эссе жазады. Эссе­нің де әр сыныпқа және жас ерекшелі­гіне байланысты әр түрі қолданылады. Бұл бү­гінгі оқушының функционалдық сауат­тылығын қалыптастыру үшін арнайы мақ­саттармен құрылады. Тапсырмалар да сол мақсатқа негізделген. Осы жаңашыл­дықты кейбір ұстаздардың өздері дұрыс қабылдай алмай жатады. Мұғалімдер бе­ріл­ген тақырыпты игеру оқушыларға қиын деп айтады. Менің ойымша, бүгінгі оқу­шыға тақырыпты меңгеру қиын емес, тек бұған ұстаздарымыздың аса дайын еместігі байқалады. Адамның ойлау қабілетін тез өзгерту мүмкін емес. Мысалы, ұстаздар жаңартылған оқу бағдарламасындағы білімді қабылдады, курстан өтті. Бірақ оны ішкі рухани, саналық тұрғыдан қорытып, өзіне қабылдап үлгермегендіктен де оқу­шыға үйрету қиынға соғып отыр деп ой­лаймын. Бұған ұстаздарды кінәлаудың да қажеті жоқ. Себебі бұл – уақытша процесс. Бүгінде ЖОО бітіріп, мектепке мұғалім болып орналасып жатқан жастар жаңар­тылған білім мазмұнын енді біраз уақыт­тан кейін оп-оңай қабылдап, игеріп кетеді деп санаймын. Сол кезде оқушыларға да тақырыпты түсіндіру қиын болмайды. Тағы бір ескеретін мәселе – біз барлық пән­­дер бойынша материалдық білім беру­мен шектелмей, рухани білім беруге ұмтылуымыз керек. Материалдық білім деген пән бойынша оқып, жаттап, мазмұн­даумен шектеледі. Яғни, бұл жерде оқушы баға үшін оқиды. Рухани білім оқыған дүниені санасына сіңіріп, өмірде қолдана білуі. Әдебиет алдымен оқушының рухани санасын қалыптастырып, болашақта қоғамға пайдалы, рухы таза адамдар тәр­бие­леуді мақсат етеді. Абай айтқан «толық адам» да, Шәкәрім айтқан «таза адам» со­дан пайда болады.
 width= Бақытгүл ЖӨКЕБАЕВА, Жамбыл облысы Қордай ауданы №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары: Оқулық түзелмей, білім сапалы болмайды
– Соңғы жылдары мектеп оқулық­та­ры­ның сапасы туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Бұл мәселе тек қана орта білім сала­сында емес, кәсіптік-техникалық, жоғары білім саласында да әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Осы кезге дейін жазылған оқу­лықтардың ішінде сапасыз оқулық­тардың болғанын, әлі де бар екенін жасыра алмаймыз. Оқулық түзелмесе, білім сапа­сының артпайтынын, дұрыс оқулық ұрпақ болашығының кепілі екенін түсінетін кез жетті. Өзім мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Сонда қарасаңыз, әріптерді кеше ғана қосып үйренген балаларға ересек адам әрең түсінетін мәтіндер мен жаттаулардың берілгенін көресіз. Мысалы, математика оқулығында жазу, сызу, оқу білмейтін балаға логикалық есептер бойын­ша тапсырма берілген. Бұл – бір. Екін­шіден, кейбір жаңа тақырыпқа байланысты тапсырмалар жеткіліксіз, аз берілген. Мә­селен, 1-сыныпқа арналған дүниетану, жара­тылыстану пәндерінде жаңа тақырып бойынша толық ақпарат берілмеген. Ол жерде зертте, сипатта, тұжырымда, тал­қыла деп тапсырмалар берілген. Мектеп та­балдырығын енді атта­ған бала тақы­рыпты қалай тұжырымдап, талқылайды? Ал 4-сыныптың математика оқулығында есептер өте күрделі. 4-сынып оқушысына 6-7 сыныптың формулалары берілген. Сон­дай-ақ кейбір есептердің берілуі дұрыс емес, қатемен жіберілген. Қанша шығарсаң да жауабы шықпайды. Сонымен қатар жаңа сабақты түсіндіру бары­сында толық дерек берілмей тұрып оқу­шыларға тапсырмалар берген. Әде­биеттік оқуда алдымен жаңа сабақта ав­тор­мен таныстыру керек қой. Ал оқулықта автор туралы толық ақпарат жоқ немесе тым қысқа ғана беріледі. Аты-жөнін, туған жылын, 2-3 шығармасын ғана атап өтеді. Әдебиеттік оқуда оқушы шығарманы оқиды, сондықтан шығарма авторы туралы толық ақпарат берілуі керек. Бұрынғы оқулықтарда автор туралы толық ақпарат берілетін, ал кейінгі шыққан оқулықта автор туралы толық дерек келтірілмейді. Оқулықтың ішкі сапасы туралы айт­қанда, мұқабасы, түптелуі туралы да айта кет­кен жөн. Оқулық дұрыс түптел­ме­гендіктен мұқабасы жыртылып, шашылып кете береді. Кітаптар өте көлемді болған­дықтан, оқушының сөмкесіне сыймайды әрі ауыр. Қолға ұстап оқуға ыңғайсыз әрі қолайсыз. Осы айтқан мәселелер ескерілсе деймін. оқулық сапасына министрлік тұрғысынан ерек­ше мән беріліп, қолға алынбайынша бі­лім сапасын арттырамыз деу бос әуре­шілік.

Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ