Қошке Кемеңгерұлы және рухани құндылықтар
Қошке Кемеңгерұлы және рухани құндылықтар
Қошке Кемеңгерұлы шығармашылығы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ұлт тұлғалары ізденісін айқын аңғартады. Бұл ізденістің мәні Алаш мүддесіне адал болып, елді ағарту, әлемдік көркемөнер формаларын қазақ топырағына лайықты орнықтыру, интеллектуалдық әлеуетті молайту еді. Қаламгердің прозаға, драматургияға, ғылымға (тарих, лингвистика, агрономия, педагогика), әдеби сын мен журналистикаға атсалысуын осы өреде қарау керек. Осы ретте рухани құндылықтарын байыптау мен оны жаңа кезең оқырманына жеткізу – Қ.Кемеңгерұлы мұрасының алтын арқауы.
Жалпы осы мәселені сөз етер алдында «құндылық» деген ұғымды талдап-таразылап алайық. Ә дегенде бұл сөз аударма («ценность») екені байқалады. Бірақ ХХ ғасырда ерікті де, еріксіз де ықпалдастық үдерісі жүргендіктен, бұдан қатты шошуға болмайды. Қазақта «құндылық» ұғымын жеткізе алған «қасиет», «қадір» т.б. сөздер аз емес. Сондықтан пән сөзіне айналған «құндылық» жаңа мәнге ие болды.
Адамзаттың бүгінгі танымы «құндылықты» жіктегенде – «ақиқат», «түзік жол», «адамның ішкі әлемі», «сүйіспеншілік», «күштемеу» ұғымдарын алға шығарады. Ал, мұны тарата айтсақ, әлем мен елді тек жақсылыққа бастайтын, қазақша айтқанда, ұшпаққа шығаратын және адамның қолымен, еңбегімен жасалатын іс-әрекеттің жүйесі айқындалады. Олар: денсаулық, отбасы берекесі, орта мен дос-жаран ынтымағы, өмірден орын табу, еңбектің рахаты, діни және ұлттық жоралғылар, шығармашылық, демалыс, ізденіс, әлеуметтік мәртебе, еркіндік, тұрақтылық.
Енді «осы айтылғандар Қ.Кемеңгерұлы кезеңіндегі Қазақ елі өмірінде болды ма?» деген сұраққа қаламгер ойымен жауап беріп көрейік. «Бір кезде ауыздан жалын шашқан, жалаңаш қолмен өткір қылыш жүзін қайраған ерліктің арқасында жер сілкіндіріп, көк тітіреткен ер едім. Ұшы-қиыры жоқ сары дала, жасыл тоғай, асқар тау, дертке шипа мөлдір, салқын суға ие едім. Байлық, бақыт, шаттық сарайында еркелік құрушы едім. Енді, міне, қара шаңды жамылып, салқын сыздың үстінде сасық, тар, қараңғы, көр абақтыда, жасағанның кең жарық жерінде жүріп, таза ауада еркін дем ала алмай, жан досымды көре алмай, бейшара құлдай құнсыз, үнсіз жанды жеп жатырмын» («Тұтқынның ойы» әңгімесінен). Бұл – аллегориялық көркем шығарма. Бірақ елдің басына түскен ауыр халді айнытпай жеткізген. Ал, осы тұтқын (қазақ ұлты) тар қапасқа қалай түскен? «Жазықсыз жараландым, тұтқын болдым. Іші – қанды мұз, сырты – жылы көлгір, хайуан мінезді, адам пернелі жау алдап тұзаққа түсірді. Қандай тұз ащы бейнетпен тапқан мүлкімді алды. Ен жайлап, еркін өскен мекенімді алды. Бәрінен де қымбат алтын басты қорлап тұтқынға алды. Адам деген атымды жоғалтты» (Бұл да сонда).
Қошке ешқашан қазақ ауданында қалған емес. Ол белгілі бір мысалды дәлелдегенде орыс және әлем тұлғаларын дәйек етіп отырады. Мәселен, аты дардай «Орыс мәдениетінің тарихы» (өз атауы «Очерки по истории русской культуры [в 3 частях]») атты еңбек жазған Кадет партиясының көшбасшысы, Мемлекеттік дума депутаты, Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі П.Милюковтың «түрік балалары еуропалықтарды мазақтайды» деген пікіріне Ресейдегі осындай жағдайды (орыс жігіттері мен балаларының өзге ұлттар туралы анайы қылықтары) көрмейтінін қарсы қояды. Сондай-ақ Герман жұртының әйгілі қаламгері Генрих фон Клейстің «Михаэль Кольхасс» повесінен мынандай сілтеме алады: «Егер маған тағдырда аяқпен тебілуге жазылса, онда менің адам болып жүргенімнен ит болғаным артық».
Жаратылысынан гуманист Қ.Кемеңгерұлы адами және рухани құндылықтардың құлдырауы – еліне, ұлтына, нәсіліне қарамай астамшылықтан, надандықтан, мәдениетсіздіктен, қарапайым ғана кісілік парықты тең ұстанбаудан деп біледі.
Арада ғасырға жуық уақыт өтті. Әлем сапа емес, сан жағынан ғана өзгергендей. Сондықтан Қошкенің рухани құндылықтар туралы айтқан пайымдары әлі көкейкесті.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі