Қошке Кемеңгерұлы және рухани құндылықтар

Қошке Кемеңгерұлы және рухани құндылықтар

Қошке Кемеңгерұлы және рухани құндылықтар
ашық дереккөзі
Қошке Кемеңгерұлы шығармашылығы ХХ ғасырдың 20-жыл­дарын­дағы ұлт тұлғалары ізденісін айқын аңғартады. Бұл ізденістің мәні Алаш мүд­десіне адал болып, елді ағарту, әлемдік көркемөнер формаларын қазақ то­пыра­ғына лайықты орнықтыру, интеллектуалдық әлеуетті мо­лайту еді. Қа­ламгердің прозаға, драматургияға, ғылымға (тарих, линг­вис­тика, агро­номия, педагогика), әдеби сын мен журналистикаға атсалысуын осы өреде қарау керек. Осы ретте рухани құндылықтарын байыптау мен оны жаңа кезең оқырманына жеткізу – Қ.Кемеңгерұлы мұрасының алтын арқауы. Жалпы осы мәселені сөз етер алдында «құн­дылық» деген ұғымды талдап-тара­зы­лап алайық. Ә дегенде бұл сөз аударма («цен­ность») екені байқалады. Бірақ ХХ ға­сырда ерікті де, еріксіз де ықпалдастық үде­рісі жүргендіктен, бұдан қатты шошуға бол­майды. Қазақта «құндылық» ұғымын жет­кізе алған «қасиет», «қадір» т.б. сөздер аз емес. Сондықтан пән сөзіне айналған «құн­ды­лық» жаңа мәнге ие болды. Адамзаттың бүгінгі танымы «құнды­лық­ты» жіктегенде – «ақиқат», «түзік жол», «адам­ның ішкі әлемі», «сүйіспеншілік», «күш­темеу» ұғымдарын алға шығарады. Ал, мұ­ны тарата айтсақ, әлем мен елді тек жақ­сылыққа бастайтын, қазақша айтқанда, ұш­паққа шығаратын және адамның қо­лы­мен, еңбегімен жасалатын іс-әрекеттің жүйе­сі айқындалады. Олар: денсаулық, от­ба­сы берекесі, орта мен дос-жаран ын­ты­ма­ғы, өмірден орын табу, еңбектің рахаты, діни және ұлттық жоралғылар, шығар­ма­шы­лық, демалыс, ізденіс, әлеуметтік мәр­те­бе, еркіндік, тұрақтылық. Енді «осы айтылғандар Қ.Кемеңгерұлы ке­зеңін­дегі Қазақ елі өмірінде болды ма?» де­ген сұраққа қаламгер ойымен жауап беріп кө­рейік. «Бір кезде ауыздан жалын шашқан, жа­лаңаш қолмен өткір қылыш жүзін қай­ра­ған ерліктің арқасында жер сілкіндіріп, көк тітіреткен ер едім. Ұшы-қиыры жоқ сары дала, жасыл тоғай, асқар тау, дертке ши­па мөлдір, салқын суға ие едім. Байлық, ба­қыт, шаттық сарайында еркелік құрушы едім. Енді, міне, қара шаңды жамылып, сал­қын сыздың үстінде сасық, тар, қараңғы, көр абақтыда, жасағанның кең жарық же­рін­де жүріп, таза ауада еркін дем ала алмай, жан досымды көре алмай, бейшара құлдай құн­сыз, үнсіз жанды жеп жатырмын» («Тұт­қын­ның ойы» әңгімесінен). Бұл – алле­гориялық көркем шығарма. Бірақ елдің ба­сы­на түскен ауыр халді айнытпай жет­кіз­ген. Ал, осы тұтқын (қазақ ұлты) тар қа­пас­қа қалай түскен? «Жазықсыз жараландым, тұтқын болдым. Іші – қанды мұз, сырты – жы­лы көлгір, хайуан мінезді, адам пернелі жау алдап тұзаққа түсірді. Қандай тұз ащы бей­нетпен тапқан мүлкімді алды. Ен жай­лап, еркін өскен мекенімді алды. Бәрінен де қым­бат алтын басты қорлап тұтқынға алды. Адам деген атымды жоғалтты» (Бұл да сон­да).  width= Жоғарыда адамзат мойындаған «құн­ды­лықтар» мен қанпезер отарлаудың зарда­бы­нан «адам», «ұлт» деген атынан айырыла жаз­­­­даған қазақ тағдырын салыстырайық. Міне, Қ.Кемеңгерұлы елшіл замандастары­ның шығармашылығы – Құдайдың өзі сыйлаған елдің қарапайым құқын қалпына келтіруге бағытталған-ды. Құндылықты қалпына келтірудің яки күрделі заманда жұрт қатарына қосылудың жо­лы бар ма екен? Әрине, бар. Мұны «Отар­шыл­дық ұсқындары» әңгімесінде Қошке бы­лайша түйіндейді: «Тұрмыстан ел қазағы­ның соққы көретіні – надандығы, оқыма­ған­дығы. Оқыған мен таяқ жемеймін, «арда» еш­кім келемеж қылмайды. Ел қазағы оқы­май бұл құлдықтан құтыла алмайды». «Рухани құндылық» деген ұғымның байы­бына барсақ, әдетте оны «материалдық құн­дылықтан» тыс мәдени құн­дылық­тар­дың жиынтығы есебінде қараймыз. Ғылым жүзінде оған «діни, этикалық, эстетикалық құн­дылықтар» деп баға береміз. Қ.Кемеңгерұлы ата діннен айнымаған, ді­ни салт-дәстүрді қадір тұтқан қажының пер­зенті ретінде «1912 жылы қазақ даласын ши­майлап өтетін 20 тарау жолға (темір жол – Д.Қ.) пылан жасалған еді» деп отар­шыл­дықтың саяси-экономикалық негізіне тал­дау жасай білген оқымысты ретінде құн­дылықтар құлдырауының себеп-салдарын айқындай алды. Қаламгер ХІХ-ХХ ғасырдағы діни қыз­мет­тің ұлт дамуына қолғабыс ете алмай жат­қаны осы саладағы жетекші адамдардың ше­шімсіздігінен, пендешілігінен және олар­ды алдап матаған патша өкіметінің қулы­ғынан деп біледі. «Хүкіметтің қазақ билеу­шілеріне «жалпақ шешей» болып алғашқы кездерде мешіт салып, құрметтеуіне үлкен себептің бірі – Орта Азия мұсылман­дары­ның дін атымен саясат жүргізіп, қазаққа әсер беруінен қорыққандығы» деп жазған Қош­ке орыс миссионерлігінің болмыс-біті­міне де тоқталады. Қайраткер бүй дейді: «1912 жылы Святейший Синодтың мынадай пікірі болды: «Бір қазаққа екі орыс көрші бол­са, қазақ кедейленеді. Содан барып қа­зақ­ты орыс қылу оңай» («Қазақ тари­хынан» кітабынан). Этикалық құндылықтарға келсек, ерік­сіз жүзеге асқан орыс-қазақ қарым-қаты­на­сы елге не үйреткені де Қошке мұрасында зер­деленген. «Қалың қазақтың алдымен көр­гені – ел арасына шыққан, үкіметтің қол тоқ­пағы болған казак-орыс отрядтары, адам­шылықтан азған, пара алуды, қорық­қызуды өзіне парыз деп білген төрелер, алдау жолына арын сатқан саудегерлер, қарауылға қойылған казак-орыс қалалары. Ресей хүкіметі қазақ білім-өнерге пісіп, қатарлы ел болсын деген жоқ», деп жазады қа­ламгер. Осындай дәлелді алға тарта оты­рып, Қошке мынандай қорытынды жа­сайды: «Хүкімет көздері ақ жолдан адасқан соң, шын жолмен жүріп талай жапа шегіп, запыс болғандықтан, қазақтың көпшілігі өтіріктің ордасы болып алды. Жаратылысқа шаруасы жақын тұрған халықтың жас бала сияқты көрсеқызар, қорқақ, бір алдағаннан қайтып аяқ баспайтын, бір сенімі қайта сенбейтін мінезі болады. Қазақ та солай бо­лып алды». 20-жылдары Қ.Кемеңгерұлына кеңсе қызметкерлерін (шенеунік) қалыптастырып дамыту туралы біраз сұрақ қойылған. Соның бірі мінезге байланысты. Қаламгер соған былай жауап беріпті: «Жақсылық та, жамандық та қолынан келетін өжет, байдан қаймықпайтын епті жігіттер екі түрлі болады: 1) үлгі-өнеге көрсе, тұрмыс шарты тү­зелсе, жамандығы қалып, іскер адам бо­лып кететіні бар; 2) туысында жамандыққа бейімділігі бар адам үлгі көрумен, тәрбиемен түзелмейді» («Кеңсе қызметкерлері туралы» сұхбатынан). Жауаптан кеңестік кезеңнің табы да, сонымен бірге алда келе жатқан қан­құйлы 30-жылдардың елесі де сезіледі. Мұ­ны өзі «Алтын сақина» пьесасында: «Алла­ның сайтанынан адамның сайтаны күш­ті» деп те жазған-ды. Әрине, бесаспап қаламгер Қ.Кемең­гер­ұлы мұрасында рухани және этикалық құн­дылықтарға байланысты ой-пайымдар аз емес. Соның бірі – «сырт көз» сыншының су­бъективті-объективті көзқарасына бай­ланысты ой.  width= Қошке ешқашан қазақ ауданында қал­ған емес. Ол белгілі бір мысалды дәлел­де­ген­де орыс және әлем тұлғаларын дәйек етіп отырады. Мәселен, аты дардай «Орыс мә­дениетінің тарихы» (өз атауы «Очерки по истории русской культуры [в 3 частях]») ат­ты еңбек жазған Кадет партиясының көш­басшысы, Мемлекеттік дума депутаты, Уақыт­ша үкіметтің Сыртқы істер министрі П.Милюковтың «түрік балалары еуропалық­тарды мазақтайды» деген пікіріне Ресейдегі осындай жағдайды (орыс жігіттері мен ба­лаларының өзге ұлттар туралы анайы қы­лықтары) көрмейтінін қарсы қояды. Сон­дай-ақ Герман жұртының әйгілі қаламгері Генрих фон Клейстің «Михаэль Кольхасс» повесінен мынандай сілтеме алады: «Егер маған тағдырда аяқпен тебілуге жазылса, онда менің адам болып жүргенімнен ит болғаным артық». Жаратылысынан гуманист Қ.Ке­мең­гер­ұлы адами және рухани құндылықтардың құлдырауы – еліне, ұлтына, нәсіліне қара­май астамшылықтан, надандықтан, мәде­ниет­сіздіктен, қарапайым ғана кісілік парық­ты тең ұстанбаудан деп біледі. Арада ғасырға жуық уақыт өтті. Әлем сапа емес, сан жағынан ғана өзгергендей. Сон­дықтан Қошкенің рухани құндылықтар туралы айтқан пайымдары әлі көкейкесті.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі