Алматы қауіпсіз қалаға айналмақ
Алматы қауіпсіз қалаға айналмақ
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі. Мәдениет, тарих, экономика, қаржы, банк, ғылым және білім беру салалары бойынша елдің индустриялық орталығына айналған алып шаһарда өмір сүрудің қауіпсіздік деңгейі жыл сайын артып келеді. Қаланың алдағы 30 жылға арналған «Алматы – 2050» стратегиясында көрсетілген басым бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері туралы қала әкімі
Б.Сағынтаев есеп берді.
Мемлекеттік құрылымдар, тұрғындар және мамандар белсенді атсалысқан алып шаһарды дамытудың «Алматы – 2050» стратегиясында белгіленген жеті стратегиялық бағыттың бірі – қауіпсіздік. Онда жол апатынан қаза табатындардың санын нөлге түсіру, қылмыс санын 100 адамға шаққанда беске дейін төмендету, сонымен қатар қаланы бейнебақылау мен адамды тани алатын интеллектуалды жүйелер орнатылған, ақылды, қауіпсіз, экологиясы таза, мәдени және креативті мегаполиске айналдыру көзделген.
Қазір Алматы халқының саны – 3 миллион. Сарапшылардың болжауынша, 2030 жылға қарай қала халқы 5 миллионға жетеді. Тұрғындар саны күн санап көбейіп келе жатқан шаһардағы басты міндет – қала тұрғындары мен туристердің барлық уақытта өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету. Ол үшін мегаполистегі қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қаупін төмендету маңызды.
«Қауіпсіз қала – бұл тұрғындар үшін жайлы қала. Қауіпсіз қала – бұл инвесторлар мен туристер көп келетін қала. Қауіпсіз қала – бұл бизнестің дамуы. Осының бәрі болса, онда қаламыз әл-ауқатты, жасыл желекке бөленген, жұмыс орны көптеп ашылған, халықтың жүзі жарқын болады. Ол үшін қаладағы қоғамдық орындарда қауіпсіздікті күшейтіп, қылмысты азайту жұмысы жүргізіліп жатыр», – деді қала әкімі Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, қаладағы қауіпсіздік деңгейі жыл сайын артып келе жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыс санын азайту мақсатында қала әкімінің тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап криминогенді жерлерде полицияның 37 жаңа модульді стационарлық посты ұйымдастырылды. Биыл тағы осындай 7 пост ашылмақ. Патрульдеуді күшейту және жылжымалы полиция пункттерін құру жағдайды едәуір жақсартқан. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс 2 есеге (47,8 пайызға) азайған. Қоғамдық орындарда тіркелген құқық бұзушылық саны 3,4 есеге төмендеп, көше қылмыстары 4,2 есеге қысқарған. Сондай-ақ, қылмыстың ізін суытпай ашу 12,3 пайызға жақсарған. Биылғы қаңтар-сәуір айының қорытындысы бойынша барлық бағыт бойынша қылмыс 21,3 пайызға төмендеген.
Қазіргі заманда заманауи техникалық жетістіктерді қолданбай қылмыспен күресу мүмкін емес. Осы ретте қылмыстың тез ашылуына полицияның техникалық жабдықталуы мен бейнебақылау желісінің кеңеюі оң әсер ететінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қалада жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 1 425 қылмыс ашылып, 780 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Мәселен, электронды планшеттің арқасында хаттамалар мен құжаттарды толтыру уақыты едәуір қысқарған. Егер бұрын бір хаттама толтыруға 30-40 минут кететін болса, қазір бұл уақыт 5-7 минутқа дейін қысқарған.
Бақытжан Сағынтаев полиция қызметінің қайта құрылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге баса назар аударылатынын атап өтті. Осыған дейін патрульдік полиция полкі құрамының үштен бірі жаяу патрульдеуге көшірілген болатын. Көп күттірмей алғашқы нәтижесі мен тиімділігін көрсетті. Мысалы, жыл басынан бері қоғамдық орындардағы қылмыс 3,8 есеге азайды. Алдағы жоспар бойынша полк жеке құрамының 50 пайызына дейін жаяу патрульдеуге ауысады. Демек қылмыс саны бұдан да азаймақ.
Қалада құқық бұзушылыққа қарсы нөлдік төзімділік ахуалын қалыптастыру қажет. Бұл да стратегияда көрсетілген. Жалпы қылмысты ашумен қатар, оның салдарымен де күресу керек. Қылмыс жасайтындардың басым көпшілігі жұмыссыз азаматтар, қиын жағдайға тап болғандар және заңсыз мигранттар. Осы орайда қылмысқа бейім адамдармен алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижелі болмақ.
Бүгінгі таңда қаланың қауіпсіздігі Алматы әкімдігі мен жергілікті полицияның ерекше назарында. Қылмыстың алдын алуға қатысты жан-жақты атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыс саны айтарлықтай азайып отыр. Ал қылмыс саны азайған сайын Алматы ең қауіпсіз қалалардың қатарына қосылады.
Алып шаһар үшін қала тұрғындарының қауіпсіздігімен қатар туристердің қауіпсіздігі де аса маңызды. Өйткені қаланың әрбір екінші қонағы – турист. Былтыр пандемия жағдайына қарамастан қалаға 163 мың шетелдік қонақ келген. Ал Алматыға арнайы саяхаттап келген туристің тауға шықпай, көкке серуендемей қайтуы өте сирек. Мысалы, пандемия кезінде таулы аймақтарға бару төрт есе өсіпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш артпаса, кемімейді. Өйткені әлемдік пандемия таза ауадағы демалысқа сұранысты арттырып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарының уақытын қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жағдайлар жасалуы керек. Әсіресе адам көп жиналатын демалыс орындары мен ұлттық саябақтардың инфрақұрылымын ретке келтіру кезек күттірмейтін мәселе. Бұл бағытта 1 мың шақырым таудың жаяу соқпақтары цифрландырылып, 500 шақырымы абаттандырылды. Шымбұлақ пен Медеуде, Аюсай шатқалы мен «Горельник» термальді көзінің жанынан визит-орталықтар ашылып, жұмыс істей бастады. Медеуде, Республика алаңында, Халықаралық әуежайда және Республика сарайының жанында туристік полицияның 4 пункті ашылды.
Тауға серуендейтін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұялы байланыс аймақтары кеңейтілмек. Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті, Тұйық су қыратында тікұшақ алаңы, таулы бағыттардың шеткі тораптық учаскелерінде туристер паналайтын 15 лашық салынбақ. Сондай-ақ, құтқару топтарына сигнал беру үшін дабылды бастырмалары бар 10 радиорелейлі бағана орнатылады.
Алматы жер сілкінісі, сел, көшкін, қар көшкіні, су басу, өрт сияқты техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға бейім. Бүгінде мамандардың ұсынысына сәйкес таулы аудандарда сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде.
Аюсай және Ақсай шатқалдарында екі сел бөгетінің құрылысы басталды. Жоба 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бөгеттердің құрылысы 40 мыңнан астам халықтың тіршілігі мен инфрақұрылымын қамтамасыз етеді. Селге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи техникалық құралдар қолданылады. Мысалы, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Мамандар Алматы секілді алып шаһардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өртке қарсы толық ауқымды және тиімді жұмыс жасау үшін 18 депо салу қажет екенін айтады. Қазіргі таңда үш өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр, Алатау және Наурызбай аудандарындағы екі депоның құрылысы аяқталып қалды.
Таулы аймақта орналасқан Алматы – сейсмикалық жағынан еліміздегі ең қауіпті қала. Оңтүстік астанада жылына 400-ден астам жер сілкінісі болып тұрады. Сейсмология институты мамандарының айтуынша қала тұрғындары қашанда зілзалаға дайын болуы керек. Бұл орайда жер сілкінісін алдын ала хабарлайтын жүйенің маңызы зор. Жүйе жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы автоматты режимде сигнал береді. Ал алматылықтарға жер сілкінісі туралы сигнал 40 секундқа дейінгі аралықта түседі.
Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде халықты оқыту және қауіпсіз тәртіп мәдениетін, өздерін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқу-әдістемелік орталық салынып жатыр. Мамандар бұл елімізде баламасы жоқ инновациялық жоба деп бағалап отыр.