Әбсаттар қажы Дербісәлі: Біз Ислам дінін қабылдаушы ел емес, дамытқан елміз
Әбсаттар қажы Дербісәлі: Біз Ислам дінін қабылдаушы ел емес, дамытқан елміз
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәлірек 1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы құрылып, басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі болып Рәтбек Нысанбаев сайланды. Одан кейін 2000 жылы өткен ІІІ құрылтайда ҚМДБ-ның төрағасы әрі Бас мүфтиі болып профессор Әбсаттар Дербісәлі, 2013 жылғы 19 ақпанда кезектен тыс өткен VII құрылтайда Ержан қажы Малғажыұлы, 2017 жылғы 8 желтоқсанда өткен кезекті VIII құрылтайда Серікбай қажы Ораз сайланды. Ал 2020 жылғы 7 ақпаннан бері Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы әрі Бас мүфти қызметін Наурызбай қажы Тағанұлы атқарып келеді.
Ислам әдебиеті мен мәдениетінің арғы-бергі тарихы және теориясының асқан білгірі, шығыстанушы, дінтанушы ғалым, бұрынғы Бас мүфти, хазірет Шейх Әбсаттар қажы Бағысбайұлымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы діни ахуалы жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Қазақстан мұсылмандары ел тәуелсіздік алғаннан бері біраз сатыдан өтті. Осынау тәуелсіздік жылдарында еліміздің діни саласында жеткен жетістіктері деп нені айтар едіңіз?
– Ауыз толтырып айтарлықтай игі істер әрине көп. Ислам діні тек құлшылық жасаумен шектелмейді. Ол – ілім-білім діні. Сондықтан да елімізде 2000 жылы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетін аштық. Бұл тарихи үлкен оқиға болды. Одан өзге еліміздің түрлі аймақтарынан тоғыз медресе-колледж ұйымдастырдық. Мен мүфтиліктен ғылым, білім саласына оралғанға дейін республикамызда 2 500-дей мешіт салынды. Оның барлығының тарихын жазып, энциклопедиялық еңбек ретінде жарыққа шығардық. (Тәуелсіз Қазақстанның мешіттері мен медреселері. Рухани шамшырақтар (IX-XX ғ.). Алматы 2009 ж; «Қазақстанның мешіттері». Алматы 2011 ж, 2 том; «Қазақстанның діни оқу орындары». Алматы 2011 ж., барлығы қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде шыққан). Осы еңбектерде еліміздегі ислам діні және мешіт-медреселердің, руханият қайраткерлерінің тарихы толыққанды жазылды.
Бұрын елімізде ресми түрде діни мейрам атап өтілмейтін. Мен осыны Елбасы Н.Назарбаевқа айтып, 2005 жылы тұңғыш рет Құрбан айт мерекесін діни мереке ретінде атап өттік.
2000 жылдары мен Сауд-Арабиясында Меккеде дипломатиялық қызметте болатынмын. Елбасы шақырып «еліміздегі діни ахуалды реттеңіз, ең құрыса бір жыл істеңіз» деді. Мен бір емес, 13 жыл қызмет еттім. Орта Азияда көп жыл мүфти болғандардың бірі –мен. Осы жылдарда көптеген игі іс атқарылды. Әсіресе, ғылымға көп көңіл бөлдік. Кейін Елбасына «ғылым саласына оралайын» деп өтініш жасап, ғылымға түбегейлі бет бұрдым.
– Біздегі дін ғылымнан алыстап барады дейтіндер көп. Дін мен ғылым екі бөлек феномен дейтіндер де бар. Бұған не дейсіз?
– Мен Бас мүфти болып тұрған тұста ғылымға мейлінше көп көңіл бөлінді. «Қазақ КСР Тарихында» орта ғасырларда ғұмыр кешкен ойшыл-кемеңгерлерден 4-5 кісінің ғана аты аталатын. Тәуелсіздіктен кейін шыққан тарихта сол сан өзгере қойған жоқ. Ал мен қазақ даласынан шыққан 200-ден астам ғалымды таптым. Жұрт Отырардан шыққан Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Мен тағы 32 әл-Фарабидің дерегін анықтадым. Өзге де Сайрами, Түркістани, Сығанақи, Женди, Таразилер қаншама! Қазақ даласы – осындай ғұламалардың киелі топырағы.
Бірде Үндістанға барғанымда сол елдің ғалымдары: «Кашмирліктердің мұсылман болуында сіздердің аталарыңыздың үлкен рөлі бар. Моңғол шапқыншылығынан кейін Орта Азиядан 600 софы келіп, бізді ислам дініне енгізген», – деді. Мен Кашмирде қызмет еткен, Түркістаннан шыққан оннан астам тарихи ғалым бабаларымыздың мұраларын таптым. Одан бөлек Үндістанның астанасы Делидің оңтүстік жағындағы Тұғлақабад қаласында Имам Замин Түркістани деген кісінің кесенесін көрдім. Ол Мұхаммед Хайдар Дулати, Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабыр тұсында өмір сүрген ғалым екен. Бұл кісінің өмірі мен шығармашылығын зерттеу үстіндемін.
Кезінде Алматыдан имамдардың біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашқан едім. Елімізде діни кадларды даярлауды сөйтіп бір жүйеге келтірдік.
– Діни білім беру ісі бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылды? Тарқатып айта кетсеңіз?
– Ислам – үлкен өркениет. Біз жай ғана ислам дінін қабылдаған ел емеспіз, оны дамытқан елміз. 2000 жылы «Ислам және өркениет» атты газет, «Иман» атты журнал ашылды. Оған имамдарымыздың мақала жазып тұруы дәстүрге айналды.
2000 жылы Елбасыға жолығып: «Діни кадрларды шетелде даярлауға болмайды. Мектепті енді ғана бітірген жастарға онда не үйрететіні белгісіз. Қандай мақсатпен дайындап жіберетінін қайдан білеміз, басқа мамандықтар жарайды, бірақ дін мәселесі – өте күрделі әрі нәзік сала. Сондықтан исламтанушыларды өз елімізде даярлайтын жоғары оқу орны керек» деп жоғарыда айтылғандай, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетін ашу керектігін айттым. Елбасы қолдады.
Қазір еліміздегі имамдар бакалавриат, магистратура, PhD бітіруге талпынуда. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, кафедра меңгерушісі де – менің шәкірттерім. Қазір «Нұр-Мүбарактан» жақсы ғалымдар шығып келеді. Мен ұсынған ғылыми тақырыптарды қорғауда. Қазір араб елдерінің кез келген ғалымымен тең түсетін ғалымдарымыз бар. Олар араб тілінде пікір таластыратын деңгейге жетті. Египеттен келген ислам ғалымдары бірде біздің жас ғалымдарды көріп, тыңдап таңғалды. Олар – Қайрат Құрманбаев, Қайрат Жолдыбай, Нұрлан Анарбай, т.б. Одан бөлек, 2000 жылдан бері 20-ға жуық ғылым докторы даярланды. ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінен 10 елші шықты. Қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, оның бірінші орынбасары Шаһрат Нұрышев те – менің шәкірттерім.
– Ел тәуелсіздік алғаннан кейін халық бұрын қол үзіп қалған исламға жаппай бет бұра бастады. Бірақ сонымен бірге шеттен әртүлі жат ағымдар мен арандатушы топтар ене бастады. Оның зардабын әлі тартып келеміз...
– Ол заңның әлсіздігінен болды. Оған бірақ мемлекетті кінәлай алмаймыз. Өйткені Кеңес Одағы кезінде Орта Азияға сырттан бірде-бір мұндай жат ағым өкілдерін қия бастырмайтын. Өйткені заң бар, қадағалау бар. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында есіктің бәрі айқара ашылды. Кім болса сол келді. Көптеген отандасымыз зиянды сайттардағы діни уағыздардың жетегінде кетті. Біз дінбұзарлармен көп күрестік. Есесіне көптеген дұшпан да таптым.
Осы кезде қоғамда «Діни басқарма қайда қарап отыр?» дейтіндер табылды. Діни қызметкерлердің қолында не құзырет бар? Мүфти прокурор емес қой. Осы мәселені зерттей келе, жат ағымдармен тек өркениетті жолмен күресіп, заң арқылы реттеу керегін түсіндім. Осы мәселені шешетін арнайы заң қабылдануына атсалыстым. Мемлекет бірте-бірте осындай мәселелерге де назар аудара бастады. Соның нәтижесінде көптеген теріс пиғылды ағымдарды насихаттаушы сайттар жабылды. Одан басқа да олардың әртүрлі зиянды әрекеттеріне тосқауыл қойылды. сөйтіп, бұл іс біршама нәтижесін берді.
Ислам діні де, мемлекет те діндер арасындағы татулық, ынтымақтастық секілді нәрселерге көңіл бөледі. Жоғарыда атап өткенімдей, әртүрлі діни жат ағымдармен күресуде тек мемлекеттің рөлі зор екені белгілі.
– Тәуелсіздіктен бері қасиетті саналатын Құран кітабының елімізде бірнеше аудармасы шықты. Бірақ көпшілігі оқырман көңілінен шыға қоймағандай. Аударма тілінің жұтаңдығы, кедір-бұдырлығы байқалады. Бұған әлі де бірізділік жетіспей жатқан сыңайлы.
– Рас, бұл мәселеде де келешекте атқарылатын жұмыс көп. Қасиетті Құранның қазақ тілінде бірнеше аудармасы бар. Бірақ бір-бірінен айырмашылық байқалады. Өмірінде бірде-бір мақала жазбаған, аударма жасап көрмеген адамдар қалайша мүбарак Құранды аударады? Осы мәселе бойынша конференция ұйымдастырылуы керек қой деп ойлаймын. Аудармалар діни қайраткерлердің талқысына түсіп отырса игі.
Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР