Ерегіскен жаяу жүргіншіні әдейі басып өлтіріп кеткен…

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 мамыр күні сағат 19:00 шамасында Қарасай ауданының полиция басқармасына келіп түскен хабарламада Алматы облысындағы Қаскелең қаласында 50 жастағы жергілікті тұрғынмен белгісіз азаматтың арасында кикілжің туындап, көлік иесі қасақана өзімен жанжалдасқан адамды көлігімен басып, қашып кеткен.

Тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, куәгерлердің айтуымен көліктің маркасы мен бағыт алған мекенжайын анықтап, көп ұзамай олар ауылдың шетінен «Фольксваген Гольф-3» көлігін тапқан. Кейін оның 61 жастағы иесі де қолға түскен. Ол Қаскелең қаласының тұрғыны болып шыққан.

Ұсталған көлік иесінің ішімдік ішкені анықталған және ол болған оқиғаға кінәлі екенін мойындаған. Жәбірленуші мен күдікті жол ережесіне байланысты келіспей қап, жаяу жүргінші көліктің үстіне шығып, терезесін ұрған. Сол сәтте жүргізуші көлікті жүргізіп барып, бірден тоқтатқан кезде жүргінші жерге құлаған, сол кезде автокөлік иесі оны көлігімен басып болып, оқиға орнынан тез кетіп қалған.

61 жастағы азамат қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Back to top button