Коронавирусқа қарсы вакциналардың бағасы қанша – министр жауап берді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шетелдік вакцинаны жеткізу мәселесі мен отандық фармацевтикалық зауыттардың жұмысы туралы айтты.  

Сенаттың жалпы отырысында шетелден жеткізілген КВИ-ға қарсы вакцина қымбаттау екені айтылды. Мәселен, екі компонеттен тұратын Hayat-vax – 62,2 доллар, «Спутник V» – 26 доллар, отандық QazVac 9,4 доллар тұрады.

А.Цой вакцина бағасын өндіруші белгілейтінін атап өтті.

«Бізге қысқа мерзімде Қазақстан нарығында вакцинаның қолжетімдігін қамтамасыз ету және адамдарға таңдау жасауға мүмкіндік беру өте маңызды. Өндірушілермен келіссөз жүргізу барысында вакцина жеткізуде тапшылық бар екенін білесіздер, яғни әр өндіруші тиісті лимит қойған. Біздің мақсат – қысқа мерзімде Қазақстан халқын вакцинамен барынша қамтамасыз ету», – деді министр.

Сонымен қатар ол препараттар шығаратын өндіріс алаңдарының жұмысына тоқталды.

«Қазіргі кезде өндірістік қуаттар вакцина шығаруға қайта бағдарланды. Бұл өндірістік алаңдар сонымен қатар онкологиялық әрі басқа да ауруларды емдеуге арналған биологиялық препараттарды шығарады. Сондықтан зауыттардың жабылуы проблемасы болмайды. Барлық зауыттар көпфункциялы және препараттардың кеңейтілген тізбегін өндіреді», – деді А.Цой

Back to top button