Жаңалықтар

Бақылаудағы 200 түрлі дәрі-дәрмектің бағасы көтерілмейді

ашық дереккөзі

Бақылаудағы 200 түрлі дәрі-дәрмектің бағасы көтерілмейді

Астана қаласында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанның кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтарының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында 200 түрлі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру туралы меморандумға қол қойылды.

Аталмыш келісімді Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту, «Қазақстанның ФармМедИндустриясы», «ҚР Халықаралық фармацевтикалық өндірушілері», «ҚР Фармацевтикалық өнім дистрибьюторлары» қауымдастықтары қолдады. Меморандумға қол қоюдағы мақсат – халықтың әлеуметтік жағынан қауқарсыз топтарын қолдау. «Бұл құжатқа қол қою арқылы адамдарға үлкен қолдау жасалуда. Осы орайда қауымдастықтардың өздеріне жүктеп отырған әлеуметтік жауапкершілігі үшін алғысымды білдіргім келеді», – деді меморандумға қол қойған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Еліміздегі отандық және халықаралық дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды өндірушілер, дистрибьюторлар және сауда өкілдері халық жиі тұтынатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың құнын ұстап тұру туралы жауапкершілікті өз мойындарына алды. Бағасы көтерілмейтін дәрілер мен медициналық заттардың қатарында қабынуға қарсы, ауыруды басатын, дене қызуын түсіретін дәрілік препараттар, антибиотиктердің кейбір түрлері, шприцтер және жара таңатын дәкелер бар. Аталған дәрілердің тізбесі әрбір дәріханада ілініп тұратын болады. Айта кетейік, құжатта көрсетілген дәрілердің 70-і шетелдік препараттар екен.

Ал меморандумға сай дәрі-дәрмектердің құнын белгіленген бағадан асырғандар жауапкершілікке тартылады. «Бұл тұрғыда айыппұл аз емес. Министрліктің әрбір қалада фармацевтикалық инспекциясы бар. Сондықтан тиісті қадағалау назардан тыс қалмайды», – деп атап өтті «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов.