Ұлттық буржуазияны ұйыстыратын кез келді

Күні кеше Forbes Kazakhstan журналы еліміздегі ең дәулетті 50 адамның тізімін жариялады. Олардың алтауы Forbes-тің америкалық нұсқасына да енген еді. Яғни бізде әлемдік деңгейдегі байлармен терезесі тең ауқаттылар бар. Бірақ әлі күнге дейін ұлт болашағына алаңдап, ұлттық жобалармен ай­налысатын, ұлт үшін жауапкершілік арқалауға дайын ұлттық бур­жуа­зиялық топ қалыптаса қоймады. Тек стихиялы түрдегі ұлттық жобалармен ғана шектеліп қалып жатырмыз.
Бізге меценаттардың, атымтай жомарттардың басын біріктіріп, бизнесті ұлт руханиятының дамуына бағыттайтын, ал кәсіпкерлерге сол үшін мем­лекет тарапынан ынталандыру тетіктерін қарастыратын бастама, ауқымды әрі жүйелі жоба ауадай қажет.

Елбасы 1994 жылы кәсiпкерлермен кез­дес­кенде: «Бiзге ұлттық буржуазия керек. Ұлт­­тың қалталы адамдары қалыптас­пайын­ша, көп­теген iстiң қиюы келмейдi. Ұлттық бур­жуа­зия пайда болса, мемлекет мүддесiн ой­лай­тын адамдар көбейер едi. Өз бай­лары­мыз өзге­лер құсап қымқырып-жымқырып қалу­ды мақсат тұтпас едi. Осындай аса қиын әрi күр­делi жағдайда ұлттық бур­жуа­зия өз сөзiн ай­туы, iс-әрекет жасауы керек», – де­ген бо­ла­тын.
Алайда әлі күнге дейін жекелеген кә­сіпкер, қалталы азаматтардың қолдауы ұлт­тық буржуазия деңгейіне жете қойған жоқ. Біздің ауқатты атымтай жомарттардың ба­стамалары ең арысы ауылға мешіт немесе мек­теп салумен шектеледі. Бір ауылдың, бір рудың байлары бірігіп, өз руының немесе ауылының батырына ескерткіш орнатады. Немесе бәйге, күрес сияқты ұлттық спорт жа­рыстарының демеушісі болуы мүмкін. Мұ­ның барлығы да ауыз толтырып айтар­лық игі іс, қоғамға қажет, әлеуметтік бас­та­ма­лар екенін теріске шығармаймыз. Ұлт­тық жауапкершілік деген ұғым бұдан әлдеқайда кең. Дегенмен, бұдан артығына шағын және орта кәсіп иелерінің шамасы жете бермейді. Ал өте ауқатты байлардың ұлттық мәселе­лерге аса көңіл бөле бермейтіні тағы бар. Бі­рақ, бір ескеретін нәрсе – олар салық тө­­леп, Үкіметтің талаптарын орындап оты­рады. Яғни, бізге ұлттық буржуазияны қол­дан құрып, қолдан өсіруге талаптану керек екені байқалады.
Әлемнің дамыған елдерінде ауқатты адам­дардың ұлт мәдениетіне қаржы бөлуі, мұра­сын қалдыруы – ежелден қалыптасқан үйреншікті жағдай.
Жалпы, меценат сөзінің этимологиясын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біздің дәуірі­мізге дейін ежелгі Римде Гай Цильний Меце­нат деген ақсүйек, бай адам өмір сүрген. Ол өнерді қатты бағалаған, ақындарға арнап үйір­ме ашқан, сол кездегі Вергилий, Про­перций, Гораций сияқты ақындарға қам­қорлық жасап, барлық жағынан қолдаған. Өзі де өлең жазған. Бірақ өзінен асыра жа­за­тын ақындар мен өнер иелеріне қызға­нышпен қарамай, керісінше қолдау көр­сете­тін жақсы қасиетімен тарихта қалған. Қайы­рымдылық және қолдаумен айналы­сатын барлық ауқатты адамдар күні бүгінге дейін оның тегімен меценат аталады.
Әдебиетке, өнерге қолдау көрсету Қайта өрлеу дәуірінде кең өріс алып, желісі үзілген жоқ. Тарихтағы ең танымал меценаттық жобалардың бірі – атақты Альфред Нобель сыйлығы әлі күн­ге дейін ғалымдар мен өнер иелерін ын­таландырып келеді.
Одан бөлек, Ресейде де XIX ғасырдың ор­тасы мен ХХ ғасырдың басында меце­наттар мұражайлар мен театрлар ашты, ежел­гі қолөнерді жандандырды. Осы кезде орыс байлары мен көпестері ұлттық мәде­ниеттерін дамытуға үлкен күш салды. Саудагер Павел Третьяков суретшілерді қол­дады, олардан картиналарды сатып алып, тапсырыс берді. Қазір Третьяков гале­реясы – орыс бейнелеу өнерінің ең үлкен кол­лекциясы бар танымал мұражай. Савва Мамонтов өз қаражатына Ресейдегі алғаш­қы жеке опера театрын құрды және бей­нелеу өнері мұражайының негізін қалауға кө­мектесті (бүгінде Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайы). Мак­сим Горький, Антон Чехов сияқты жазу­шыларға қолдау көрсетті. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Жекелеген демеушілерден бөлек, әлемде меценаттардың басын біріктіретін үлкен қорлар да жұмыс істейді. Мәселен, Ұлыб­ри­танияда Корольдік әдебиет қоры жыл сайын 200-ге жуық жазушыға көмектеседі екен. Ол 1790 жылы құрылған. Қайырым­ды­лық қорын құру туралы үндеуге алғаш­қылардың бірі болып болашақ ханзада регент, Джордж IV қолдау көрсеткен. Қазір қор үкіметтен субсидия алмайды, бірақ әлі күнге жұмысын тоқтатқан жоқ.
Қор Сэмюэл Тейлор Колеридж, Джозеф Конрад, Джеймс Джойс және Дилан Томас және тағы басқа танымал авторларға қол ұшын берген.
Корольдік әдебиет қоры, сонымен қатар уни­верситеттермен тығыз байланыс ор­натқан. Биыл 115 стипендиат Ұлыб­ри­та­ния­ның 80 университетінде жұмыс істеп жа­тыр. Олар студенттерге дәріс оқып, жас та­ланттардың қалыптасуына қол ұшын береді.
2010 жылы Өзбекстан үкіметі Кеңес ке­зінде құрылып, кейін тоқтап қалған әде­биетті дамытуға бағытталған қор жұмысын қайта жандандырды. Жалпы, біздің елде ұлттық буржуазия бар ма, болған ба? Біздің елде де руханиятты қолдауға бағытталған қор құрылса, оған тартылған меценаттарға мемлекет тарапынан ынталандыру қарас­тырылса деген мәселе төңірегінде жан-жақты пікір білген едік.

Zangar Kerimhan e1621493378674

Заңғар КӘРІМХАН,
ғалым:

Қазақ бай­лары ұлт ру­ха­нияты­ның қалып­тасуы­на үлкен күш салған

– ХХ ғасырдың басында ұлттық ояну дәуірі болғаны, Алаш қозғалысының өмірге кел­гені, сол Алаш қозғалысының басынан аяғына дейін қатысқан қайраткерлердің іс-әрекеті барлығы да тарихтан белгілі. Міне осы кезеңде оларға тірек болатын, оларға кө­мек беретін үлкен топ пайда болды. Ол – ұлттық буржуазия, қазақтың байлары, шонжарлары, меценаттары. 1913 жылы қазақ әдебиетінде роман бәйгесі жария­лан­ды. Роман бәйгесіне Жетісудағы Есенқұл қажы бастаған үлкен бір әулет осы роман бәй­гесінің қаржысын көтеріп алды, меценат бо­лып, демеушілік танытты. Роман бәйге­сінде Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы, Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлы­ның «Қалың мал» романы және Тайыр Жомартбаевтің «Қыз көрелік» рома­ны бәйгеге түсті.
Бұл кездегі ұлттық буржуазияның сіңір­ген еңбегі өте зор. Мәселен, Қаражан Үкі­баев, Ике Әділұлы, Абайға қарсы жаулық ой­ла­ған дейтін атақты Оразбайдың бала­лары, Ақкенже деген тағы бір бай, Мұқан Жәкежанұлы және Жаңабай Әлікұлы сияқты азаматтар ұлт руханиятының қа­лыптасуына өздерінің қаржысын да, барлық мүмкіндігін де аяған жоқ. Олар сонымен қатар оқу-білім жүйесі, ағарту саласы бойын­ша да көп нәрсеге қол ұшын берді. Мә­селен, жер-жерде мектептердің ашылуы, оқу­лықтардың шығуы, осының барлығы­ның да ар жағында сол байлар, ұлттық бур­жуазияның өкілдері тұрды. Бір ғана мы­сал, Әлихан түрмеде жатқан кезде, қа­заққа керек адам ғой деп осы Оразбайдың балалары, Медеу сияқты байлар жылқысын, қой-қозысын сойып, қымызын күнделікті жеткізіп отырған. Міне, қазақтын бай-бо­лыстары осындай болған.
1916-1919 жылдардағы қым-қуыт за­ман­да харекет еткен, ұлттың бостандығы, елдің тәуелсіздігі, жердің тұтас­тығы және тілдің тұғырлануы үшін батыл әрекет еткен Алаш қайраткерлері, оқыған зия­лыларымен бірге Алаштың ұлттық бур­жуазиясы – меце­нат­тарын ұмытпауға тиіс­піз.

Akberen Elgezek e1621493442181
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төра­ғасының бірінші орынбасары:

Ұлтты әдебиет танытады

– Бұл өте керемет бастама болар еді. Мы­салы Өзбекстанда «Ижод» деген қор бар. «Ижод» – шабыт деп аударылады. Сол қор ар­қылы оларда әдебиетке жан-жақты қол­дау көрсетіліп жатыр, жазушылар одағы­ның жаңа ғимаратын салды. Өздерінің баспа­лары бар, газет-журналдары бар. Яғни мем­ле­кет сол арқылы бизнесті әде­биетке, ру­ха­ниятқа қамқор болуға ша­қырады, сол ар­қылы олар қазір аударма ісін қолға алып, басқа да маңызды дүниелермен айналысып жатыр. Қаржы болғаннан кейін көп нәрсені жасай алады ғой…
Ал бізде ондай жоқ, бізде Жазушылар ода­ғы ғана бар, бірақ біздің өзіміз кәдімгі қа­тардағы мемлекеттік емес ұйым сияқты кон­курстарға қатысамыз. Кейде жеңесің, кей­де ұтылып қаласың. Қор құрып, жүйелі түр­де жұмыс істеуге біздің әлеуетіміз жетеді. Мы­салы бір «Атамекеннің» өзінде қаншама биз­нес компаниялар бар. Кәсіпкерлер өз жағ­дайына қарап өткізетін болса, көп нәрсе істеуге болады. Әдебиетті дамытуға аса көп ақ­ша керек емес те негізі.
Әдебиет болмаса кино болмайды, әде­биет болмаса, кітапхана, театрлар жұмыс іс­темейді. Бізде тіпті мәдениет туралы заңда әдебиет туралы бап жоқ. Әдебиетті таныту арқылы біз елімізді танытамыз. Мысалы XVIII-XIX ғасырларда Франция, Испания сияқты империялық елдерде әдебиет сыртқы саясаттың ажырамас бөлігі болған. Олар өзінің әдебиетін насихаттау арқылы ру­хани экспансия жасаған. Сондықтан, қор құрылар болса, екі бағытта жұмыс істеуі ке­рек деп ойлаймын. Біріншісі – қазақ әде­биетін әлемге таныту және екіншісі – жас таланттарды қолдау. Жас таланттарды қол­дау тек қана кітабын шығарып қою емес, әдебиет академиясын құру, олардың білік­тілігін арттыру, шыңдау, шетелмен байланыс орнату. Себебі ұлтты әдебиет танытады.

Seule Otarbaeva 1 e1621503549848

Сәуле ОТАРБАЕВА,
«Рахымжан Отар­баев руха­ният қоры» жеке қоры дирек­торы:

Қор керек және оның жетілдірілген механизмі қажет

– Жалпы меценаттық дегеніміз не? Ол – қаржылай қолдау көрсету, жеке адамға кө­мек көрсету. Өнерді, әдебиетті қол­дай­мын, жас­тарды қолдаймын, жалпы меценат бо­ламын дегендер болса, ешкім оған тосқауыл қой­майды. Бірақ арнайы қор құрылса, оған ынталандыру жолдары қарастырылса, онда ол әдебиетке біздің үкімет назар аударып жа­тыр, сең қозғалып жатыр деген сөз. Бұл өте жақсы бастама болар еді. Расымен де, әде­биетімізді дамытар, ұлттық буржуазияны қа­лыптастырар бір мүмкіндік. Өзіндегі бай­лықты Құдай берді деп есептесе, мұ­сыл­ман­дық жолымен жарияламай-ақ, мұқтаж жан­ға, керекті жеріне бөлісіп отырса, онда бізде ұлттық буржуазияңыз да, ұлттық ме­це­наттық мектеп те, жалпыұлттық деген нәр­сенің бәрі қалыптасқан болар еді.
Қор керек және бұл үлкен мәселе жан-жақ­ты жолға қойылу үшін өте-мөте жетіл­діріл­ген механизм керек.
Бізде өкінішке қарай, жершілдік, ру­шыл­­дық, ағайыншылдық деген дерт өршіп тұр.
Өмірден өткен ақын-жазушылардың мұрасын насихаттауға да көңіл бөлінуі керек. Тірлігінде ел үшін, қоғам үшін еңбек ет­кен, артына құнды мұра қалдырған адам­ның еңбегі ескеріліп, оның екінші ғұмырын жал­ғастыру мемлекеттік маңызды іс болуы керек деп ойлаймын. Олардың ұрпағы әке мұра­сын өлтірмеймін деп есік жағалап, алақан жайып кетпеу керек. Мысалы, қазір шетелден кітап басып шығаруға әдеби агенттер 25 миллион теңге шамасында қаражат сұрайды.
Атағы шыққан, ұлт әдебиетін жасап отырмын деген тұлғалар, ақындар, жазу­шы­ларды қолдау аса қажет емес деп ойлаймын. Әйтпесе, 70-80-ге дейін сарнай беру, үкі­мет­ке алақан жаю тоқтамайды.
Ал, жастар туралы сөз басқа. Тек қана өз шеңберімізде қалып қалмай, шын асыл, шын құнды әдеби мұраларымызды шетелге таныту жұмыстары қолға алынса, әдебиетті дамыту, халықаралық, әлемдік деңгейге таныту дегеніміз міне сол деп ойлаймын.
Ұлттық буржуазияның негізгі өзегі, дә­негі – ұлтқа деген құрмет, жауапкершілік пен сүйіспеншілікте. Ұлттың болашағына алаң­дап, тілінің тағдырын күйттеп, мәде­ние­тінің мәртебесін көтеруге әзір атымтай жо­марттар бар. Бірақ мемлекет сол жеке­ле­ген азаматтарды бір жерге шоғырландырып, бір мүддеге бағыттамаса, шашыраған күйі қала бермек . Ұлттық буржуазияның басын бірік­тіретін жобаны қолға алатын уақыт жеткен сияқты.

Back to top button