Ұлттық буржуазияны ұйыстыратын кез келді
Ұлттық буржуазияны ұйыстыратын кез келді
Күні кеше Forbes Kazakhstan журналы еліміздегі ең дәулетті 50 адамның тізімін жариялады. Олардың алтауы Forbes-тің америкалық нұсқасына да енген еді. Яғни бізде әлемдік деңгейдегі байлармен терезесі тең ауқаттылар бар. Бірақ әлі күнге дейін ұлт болашағына алаңдап, ұлттық жобалармен айналысатын, ұлт үшін жауапкершілік арқалауға дайын ұлттық буржуазиялық топ қалыптаса қоймады. Тек стихиялы түрдегі ұлттық жобалармен ғана шектеліп қалып жатырмыз.
Бізге меценаттардың, атымтай жомарттардың басын біріктіріп, бизнесті ұлт руханиятының дамуына бағыттайтын, ал кәсіпкерлерге сол үшін мемлекет тарапынан ынталандыру тетіктерін қарастыратын бастама, ауқымды әрі жүйелі жоба ауадай қажет.
Елбасы 1994 жылы кәсiпкерлермен кездескенде: «Бiзге ұлттық буржуазия керек. Ұлттың қалталы адамдары қалыптаспайынша, көптеген iстiң қиюы келмейдi. Ұлттық буржуазия пайда болса, мемлекет мүддесiн ойлайтын адамдар көбейер едi. Өз байларымыз өзгелер құсап қымқырып-жымқырып қалуды мақсат тұтпас едi. Осындай аса қиын әрi күрделi жағдайда ұлттық буржуазия өз сөзiн айтуы, iс-әрекет жасауы керек», – деген болатын.
Алайда әлі күнге дейін жекелеген кәсіпкер, қалталы азаматтардың қолдауы ұлттық буржуазия деңгейіне жете қойған жоқ. Біздің ауқатты атымтай жомарттардың бастамалары ең арысы ауылға мешіт немесе мектеп салумен шектеледі. Бір ауылдың, бір рудың байлары бірігіп, өз руының немесе ауылының батырына ескерткіш орнатады. Немесе бәйге, күрес сияқты ұлттық спорт жарыстарының демеушісі болуы мүмкін. Мұның барлығы да ауыз толтырып айтарлық игі іс, қоғамға қажет, әлеуметтік бастамалар екенін теріске шығармаймыз. Ұлттық жауапкершілік деген ұғым бұдан әлдеқайда кең. Дегенмен, бұдан артығына шағын және орта кәсіп иелерінің шамасы жете бермейді. Ал өте ауқатты байлардың ұлттық мәселелерге аса көңіл бөле бермейтіні тағы бар. Бірақ, бір ескеретін нәрсе – олар салық төлеп, Үкіметтің талаптарын орындап отырады. Яғни, бізге ұлттық буржуазияны қолдан құрып, қолдан өсіруге талаптану керек екені байқалады.
Әлемнің дамыған елдерінде ауқатты адамдардың ұлт мәдениетіне қаржы бөлуі, мұрасын қалдыруы – ежелден қалыптасқан үйреншікті жағдай.
Жалпы, меценат сөзінің этимологиясын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біздің дәуірімізге дейін ежелгі Римде Гай Цильний Меценат деген ақсүйек, бай адам өмір сүрген. Ол өнерді қатты бағалаған, ақындарға арнап үйірме ашқан, сол кездегі Вергилий, Проперций, Гораций сияқты ақындарға қамқорлық жасап, барлық жағынан қолдаған. Өзі де өлең жазған. Бірақ өзінен асыра жазатын ақындар мен өнер иелеріне қызғанышпен қарамай, керісінше қолдау көрсететін жақсы қасиетімен тарихта қалған. Қайырымдылық және қолдаумен айналысатын барлық ауқатты адамдар күні бүгінге дейін оның тегімен меценат аталады.
Әдебиетке, өнерге қолдау көрсету Қайта өрлеу дәуірінде кең өріс алып, желісі үзілген жоқ. Тарихтағы ең танымал меценаттық жобалардың бірі – атақты Альфред Нобель сыйлығы әлі күнге дейін ғалымдар мен өнер иелерін ынталандырып келеді.
Одан бөлек, Ресейде де XIX ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында меценаттар мұражайлар мен театрлар ашты, ежелгі қолөнерді жандандырды. Осы кезде орыс байлары мен көпестері ұлттық мәдениеттерін дамытуға үлкен күш салды. Саудагер Павел Третьяков суретшілерді қолдады, олардан картиналарды сатып алып, тапсырыс берді. Қазір Третьяков галереясы – орыс бейнелеу өнерінің ең үлкен коллекциясы бар танымал мұражай. Савва Мамонтов өз қаражатына Ресейдегі алғашқы жеке опера театрын құрды және бейнелеу өнері мұражайының негізін қалауға көмектесті (бүгінде Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайы). Максим Горький, Антон Чехов сияқты жазушыларға қолдау көрсетті. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Жекелеген демеушілерден бөлек, әлемде меценаттардың басын біріктіретін үлкен қорлар да жұмыс істейді. Мәселен, Ұлыбританияда Корольдік әдебиет қоры жыл сайын 200-ге жуық жазушыға көмектеседі екен. Ол 1790 жылы құрылған. Қайырымдылық қорын құру туралы үндеуге алғашқылардың бірі болып болашақ ханзада регент, Джордж IV қолдау көрсеткен. Қазір қор үкіметтен субсидия алмайды, бірақ әлі күнге жұмысын тоқтатқан жоқ.
Қор Сэмюэл Тейлор Колеридж, Джозеф Конрад, Джеймс Джойс және Дилан Томас және тағы басқа танымал авторларға қол ұшын берген.
Корольдік әдебиет қоры, сонымен қатар университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Биыл 115 стипендиат Ұлыбританияның 80 университетінде жұмыс істеп жатыр. Олар студенттерге дәріс оқып, жас таланттардың қалыптасуына қол ұшын береді.
2010 жылы Өзбекстан үкіметі Кеңес кезінде құрылып, кейін тоқтап қалған әдебиетті дамытуға бағытталған қор жұмысын қайта жандандырды. Жалпы, біздің елде ұлттық буржуазия бар ма, болған ба? Біздің елде де руханиятты қолдауға бағытталған қор құрылса, оған тартылған меценаттарға мемлекет тарапынан ынталандыру қарастырылса деген мәселе төңірегінде жан-жақты пікір білген едік.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
Ұлтты әдебиет танытады
– Бұл өте керемет бастама болар еді. Мысалы Өзбекстанда «Ижод» деген қор бар. «Ижод» – шабыт деп аударылады. Сол қор арқылы оларда әдебиетке жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр, жазушылар одағының жаңа ғимаратын салды. Өздерінің баспалары бар, газет-журналдары бар. Яғни мемлекет сол арқылы бизнесті әдебиетке, руханиятқа қамқор болуға шақырады, сол арқылы олар қазір аударма ісін қолға алып, басқа да маңызды дүниелермен айналысып жатыр. Қаржы болғаннан кейін көп нәрсені жасай алады ғой...
Ал бізде ондай жоқ, бізде Жазушылар одағы ғана бар, бірақ біздің өзіміз кәдімгі қатардағы мемлекеттік емес ұйым сияқты конкурстарға қатысамыз. Кейде жеңесің, кейде ұтылып қаласың. Қор құрып, жүйелі түрде жұмыс істеуге біздің әлеуетіміз жетеді. Мысалы бір «Атамекеннің» өзінде қаншама бизнес компаниялар бар. Кәсіпкерлер өз жағдайына қарап өткізетін болса, көп нәрсе істеуге болады. Әдебиетті дамытуға аса көп ақша керек емес те негізі.
Әдебиет болмаса кино болмайды, әдебиет болмаса, кітапхана, театрлар жұмыс істемейді. Бізде тіпті мәдениет туралы заңда әдебиет туралы бап жоқ. Әдебиетті таныту арқылы біз елімізді танытамыз. Мысалы XVIII-XIX ғасырларда Франция, Испания сияқты империялық елдерде әдебиет сыртқы саясаттың ажырамас бөлігі болған. Олар өзінің әдебиетін насихаттау арқылы рухани экспансия жасаған. Сондықтан, қор құрылар болса, екі бағытта жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Біріншісі – қазақ әдебиетін әлемге таныту және екіншісі – жас таланттарды қолдау. Жас таланттарды қолдау тек қана кітабын шығарып қою емес, әдебиет академиясын құру, олардың біліктілігін арттыру, шыңдау, шетелмен байланыс орнату. Себебі ұлтты әдебиет танытады.