Мұхит ТҰМАБАЕВ, кәсіпкер: Ерінбей еңбек етсең, еселеп табыс табасың

Мұхит ТҰМАБАЕВ, кәсіпкер: Ерінбей еңбек етсең, еселеп табыс табасың

Мұхит ТҰМАБАЕВ, кәсіпкер: Ерінбей еңбек етсең, еселеп табыс табасың
ашық дереккөзі
Таяуда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңында орман өрті болып, тұрғындар мен орман­шыларды, өрт сөн­діру­шілерді ірі мөлшерде шығынға ұшыратты. Халқымыздың ын­тымағының арқасында қазір қаржылық шығынның орны тол­тырылып жатыр. Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақ­тағановтың ұйымдастыруымен кәсіпкерлер Риддер тұрғын­дарына қаржы және азық-түлік жеткізіп берген. Осы іске бел­сенді түрде атсалысып, азық-түлік бөлген Семей қаласы ірге­сіндегі «Агрофирма – При­речный» ЖШС болатын. Біз жақын­да Семей өңіріне жасаған іссапар барысында аталған шаруа­шылық иесі, белгілі кәсіпкер, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мұхит Тұмабаевқа жолығып әңгі­мелескен едік. Кәсіпкермен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Сіз – ауыл шаруашылығы саласы бойын­­ша та­бысқа жеткен тәжірибелі кә­сіпкерсіз. Шығыс Қа­зақстан облысы тұр­ғындары сіздердің шаруашы­лық­тан шық­қан өнімді тұтынады. Ең әуелі осы шаруа­шылықты қалай қолға алып, алға жылжыт­қаныңыз жайында әңгімелеп берсеңіз. – 1979 жылы жас маман, мал дәрігері ре­тін­де осы ауыл­ға арнайы жолдамамен кел­дім. Бірақ мұнда келсем шошқа ғана өсіреді екен. Сосын бұл жерде 90 пайыз неміс ұлты­ның өкілі тұратын. Өзім шығыстағы Үржар ау­данынанмын. Ол жақта қазақы ортада өскен­діктен инс­титуттағы оқуым кезінде де, мұнда да тіл жөнінен біраз қиыншылық бол­ды. Бұрын шошқа бағып көрмегенбіз. Оның үстіне күн сайын ауру шығып, шошқаның шы­ғыны көбейіп, жұмыс ауыр болды. Неміс хал­қы – өте шаруашыл әрі ұқыпты. Фермадағы бар­лық жұмыс өз уақытымен жос­парлы түр­де басталып, аяқталып отырды. Таңғы сағат 4-те басталатын ферма жұмысы кешкі ел ая­ғы басыл­ғанша тынымсыз жүреді. Соның арасында сол немістердің әрқайсы үйлерінде 4-5-тен сиыр, қой ұстайды. Оның бар­лығын ба­ғып-қағуға және реттеуге уақыт табады.Сол жердегі мамандар менің еңбегімді әділ бағалап, 1 жылға жетпейтін уақыт ішінде аға дәрігер етіп бекітті. Сосын бірнеше жыл­дан соң 1983 жылдары мені партия білімімді жо­ғарылату үшін 6 айлық курсқа жіберді. Кур­стан келген соң кейін маған цехты бас­қару­ға тапсырды. Ол кезде фермада 3 мың шош­қа бар екен. Біз оны өсіріп 17 жылда 35 мың­ға дейін жеткіздік. – Қазір бұл ауылда неміс ұлтының өкіл­дері көп пе? – Жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған соң неміс­тер өздерінің байырғы мекендеріне көшіп кетті. Тоқсаныншы жылдардың басында бұл жер­де еңбек істейтін адам табу қиындады. Се­бебі әрбір ай сайын немістер көшіп жатты. Олар­дың үй-жайын, мал-мүлкін сатып алуы­мыз қажет. Сөйтіп жүріп шаруашылықты сақ­тап қалу үшін өзіміздің қазақтарды жан-жақ­тан шақырып, көшіріп алып келдік. Осы­лайша жекешелендіру басталған кезде Қа­зақстан бойынша ең бірінші болып 1993 жы­лы шаруашылықты жекеге шығардық. 1994 жылы Елбасының алдында жекеменшік өкі­лі ретінде сөз сөйледім. Содан кейін әр­түрлі облыс басшылары бар көптеген де­ле­гация өкілдері келіп, совхозды жеке шаруа­шы­лыққа шығарудың механизмін, құжат­тар­ды заңдастырудың ретін жеке шаруашылық жүргізудің үлгісін бізден үйренді. – Қазір шаруашылық қандай бағыт­та жұмыс істейді? Шошқа өсіруді жеке­мен­шікке шыққан соң кәсіп етпеген бо­ларсыз? – Иә, бұрынғы жүйе ыдыраған соң шош­қа­ның көзін жойдық. Қазір екі бағыт бойын­ша шаруашылық жүргіземіз. Бірінші – қа­зақ­тың ақбас сиырын өсіреміз. Екінші – 1 800 гек­тарға жуық суармалы жерді күтіп-баптап өнім аламыз. Онда картоп, сәбіз, сарымсақ, орамжапы­рақ, қызылша өсіреміз. Оның сыртында мал­ға қажетті жем-шөптің барлығын даяр­лай­мыз. Осы 1 800 гектар жер Өскемен мен Се­мей екі қаласын қажетті азық-түлікпен қам­тып отыр. Біз Кеңес Одағы тұсындағы шаруа­шылық негізін сақтай отырып оны одан әрі дамытып, ауқымын кеңейттік. Екі мыңын­шы жылдары мемлекет бізге 2,5 мил­лион доллар несиені 25 жылға берді. Себебі байыр­ға Кеңес Одағынан қалған ескі тех­ни­каны жаңарту керек болды. Біз ол қарызды уақытымен төлеп келеміз. Нәтижесінде екі бір­дей қала тұрғындарын азық-түлікпен қа­ным­дайтын шаруашылық жұмысын дұрыс жол­ға қойдық. – Қанша мал басы бар? – Ірі қара малдың саны 4 000-ға жетті. Бар­лығы – асылтұқымды сиырлар. Кезінде кол­хоздар мен совхоздар ыдыраған кезде ең жақ­сы асыл тұқымды малдарды барып сатып алдық. Қазір соларды жыл сайын сұрыптап, өсі­ріп отырмыз. – Шаруашылықта қанша адам жұмыс істейді? Жұмысшылардың еңбек бөлінісі, жалақысы қалай реттеледі? – Бізде тұрақты түрде 180 адам жұмыс іс­тейді. Барлығының еңбекақысы уақытында төленеді. Жалақы жұмыс өнімділігіне қарай, ал­ған өнімінің мөлшеріне сай төленеді. Мә­селен бақташы неше бұзауды аман өсірді жә­не оның салмағы қанша болды деген та­лап­тардың барлығына қаржы төлейміз. Егіс алқабында жұмыс істейтін диқаншыларға да сондай шарт қойылады. Мәселен 20 тонна өнім аламын деп келісімшартқа отырған адам ол жерден 25 тонна өнім алса, 5 тонна өнім­ді мен сатып аламын. Мұндай жүйемен жұ­мыс істеуге де біздің адамдарымыз үйреніп қалды. Бірақ бір ескеретін мәселе бар. Мен жұ­мысшыларға үнемі айтып отырамын, қазір адам­дар өздерінің қораларында жекеменшік мал ұстамайтын болды. Етін де сүтін де бар­лы­ғын менен алады. Ал біз кезінде совхоздың жұ­мысын істеп жүріп те жекеменшік мал бағатынбыз. Мәселен бұзаулайтын 4 сиыр, екі бие, 40 қойды өзімнің жеке қорам­да бақ­тым. Совхоздың жұмысын істеп келіп, кеш­ке, түсте жем-шөбін беремін. Таңер­тең ерте тұрып, малдың астын тазалай­мын. Ал қазір ешкім де жекеменшік малға мән беріп, оны дәулет ретінде бағып-қағуды білмейді. Бұл – дұрыс емес. Кейбіреулер тауықтың жұ­мыртқасын немесе сары майды сатып алып жатса мен оларға айтамын. Не себептен са­тып аласың, осының барлығын өзіңнің қо­раң­да өсірген мал мен тауықтан алуың керек еді деп түсіндіремін. Бізде жұмыс істейтін адам­дардың барлық малын шаруашылық ма­лымен бірге тегін баққызып беремін. Сон­дай жағдай жасап отырсам да кейбір аза­мат­тар жекеменшік мал өсірмейді. Бұл – на­рық заңдылығын түсінбегеннің себебі. – Малды немесе егіс алқабына егі­летін әртүрлі тұқымдарды асылдандыру үшін қандай шаруалар атқарасыздар? Жаңа технология негізінде жұмыс істей алатын мамандарыңыз бар ма? Болмаса барлығын өзіңіз басқарып отырсыз ба? – Менің мамандығым мал дәрігері бол­ған­дықтан мұндай мәселеге өте жақсы көңіл бөле­мін. Кезінде өзім тәрбиелеген шәкір­т­те­рім осы жерде жұмыс істеп жүріп еңбек де­ма­лы­сына шығып кетті. Қазір екі жігіт, екі қыз өсіп келе жатыр. Олар жаңа технология тілін біледі. Мен оларға жалпы бағыт беріп отырам. Мәселен малдың тұқымын қанша жыл­да жаңалап отыру керек және оны қай мем­лекеттен алып келген дұрыс дегендей нұс­қаулар беремін. Малды жылына екі рет мін­детті түрде тексеруден өткізіп тұрамыз. Сол сияқты жерге себетін дақылдар мен тұ­қым­дарды үнемі шетелден алып келіп, жаңар­тып отырамыз. Голландия сияқты ел­дер­ден келетін тұқымдардың сапасы өте жақ­сы. – Шаруашылықта 200-ге жуық адам еңбек етеді екен. Осы өлкеде сіз бас­қа­рып отырған ұжымның өзіндік салмағы бар екені белгілі болды. Жалпы ауыл тұрғындарына қандай да бір жеңіл­дік­тер, ынталандыру жасала ма? – Осы ауылдың 40 пайызына жылу жүйе­сін тартып бердім. Дәрігерлік бөлімше, мек­теп, сонымен қатар шаруашылықтың кө­лік­тері тұратын автотұрақтардың барлығына жылу тартып қойдық. 1990 жылдардан бас­тап мектеп оқушыларына шәкіртақы береміз. Өте жақсы, жақсы оқитындар арнайы талап бойынша сұрыптаудан өтіп, шәкіртақы алады. Біз оны нарықтық қоғамның талабын үйренсін, ұмтылсын, талпынсын деп ынта­лан­дыру мақсатында тағайындап отырмыз. Сосын осы ауылға қарайтын екі бөлімшедегі мек­теп оқушыларына арнап автобус жүргізіп отыр­мыз. Ол автобустар да 1990 жылдардан бері жүріп келеді. Сонымен қатар қалаға қа­ты­найтын автобусты да ұйымдастырып отыр­мыз. Қалада сабақ оқитын студенттер бар, сонымен қатар ауыл тұрғындары да қан­дай да бір шаруамен қалаға барып келуге бо­лады. Тәуелсіздіктің 30 жылында талай шаруа ат­қарылды. Жолдар төселді, жарық тартыл­ды, жаңағы үйлеріне жылу тартып отырған тұрғындар Кеңес Одағы тұсында мұндай игілік­ті көрген жоқ. Мал өсірсек те, егін сал­сақ та жаңа технология мүмкіндігіне сүйе­не­тін болдық. Мұның барлығы дербес ел бол­ға­нымыздың арқасы. Ауыл шаруашылығы жұмысы жылдың төрт мезгілі тынымсыз қозғалысты талап ете­ді. Бұл салада тиіп-қашып жүретін жалқау­лар­ға орын жоқ. Еңбек етсең, еселеп табыс табуыңа болады. Біз техниканы да, жұмыс істеу технологиясын да жыл сайын жаңартып отырмыз. Мәселен көкөніс тұқымдарын басында Голландиядан алып келетінбіз, ал қазір одан гөрі сапалырақ Германиядан ал­дыра­мыз. Техника да солай. Кезінде Голлан­дия­дан әкелінген техникаларды қазір герма­ниялық техникаға айырбастап жатырмыз. 90-жылдардың басындағы ескі техниканың барлығы жоқ. Тракторларымыз автомат қозғалтқышты, салонында салқындатқыш жұ­мыс істейді, ішіне шаң кірмейді. Мәселен қа­зіргі комбайндар егістікті шауып келе жат­қанда қанша гектардан қанша өнім алып жат­қанын, оның ылғалдылығы қанша пайыз де­ген деректердің барлығын жүргізуші са­лонда отырып, экраннан көріп отырады. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Мемлекетіміз осы 30 жылдың ішін­де ірі-ірі табыстарға қол жеткізді. Ол кә­­­сіп­керлік саласы болсын, ауыл шаруа­шы­лығы болсын, қай қырынан алып қарасақ та жа­ман болған жоқ. Мұның барлығы еге­мен­дікпен келген игілік деп түсінген жөн.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ