Мұхит ТҰМАБАЕВ, кәсіпкер: Ерінбей еңбек етсең, еселеп табыс табасың
Мұхит ТҰМАБАЕВ, кәсіпкер: Ерінбей еңбек етсең, еселеп табыс табасың
Таяуда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңында орман өрті болып, тұрғындар мен орманшыларды, өрт сөндірушілерді ірі мөлшерде шығынға ұшыратты. Халқымыздың ынтымағының арқасында қазір қаржылық шығынның орны толтырылып жатыр. Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың ұйымдастыруымен кәсіпкерлер Риддер тұрғындарына қаржы және азық-түлік жеткізіп берген. Осы іске белсенді түрде атсалысып, азық-түлік бөлген Семей қаласы іргесіндегі «Агрофирма – Приречный» ЖШС болатын. Біз жақында Семей өңіріне жасаған іссапар барысында аталған шаруашылық иесі, белгілі кәсіпкер, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мұхит Тұмабаевқа жолығып әңгімелескен едік. Кәсіпкермен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Сіз – ауыл шаруашылығы саласы бойынша табысқа жеткен тәжірибелі кәсіпкерсіз. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары сіздердің шаруашылықтан шыққан өнімді тұтынады. Ең әуелі осы шаруашылықты қалай қолға алып, алға жылжытқаныңыз жайында әңгімелеп берсеңіз.
– 1979 жылы жас маман, мал дәрігері ретінде осы ауылға арнайы жолдамамен келдім. Бірақ мұнда келсем шошқа ғана өсіреді екен. Сосын бұл жерде 90 пайыз неміс ұлтының өкілі тұратын. Өзім шығыстағы Үржар ауданынанмын. Ол жақта қазақы ортада өскендіктен институттағы оқуым кезінде де, мұнда да тіл жөнінен біраз қиыншылық болды. Бұрын шошқа бағып көрмегенбіз. Оның үстіне күн сайын ауру шығып, шошқаның шығыны көбейіп, жұмыс ауыр болды. Неміс халқы – өте шаруашыл әрі ұқыпты. Фермадағы барлық жұмыс өз уақытымен жоспарлы түрде басталып, аяқталып отырды. Таңғы сағат 4-те басталатын ферма жұмысы кешкі ел аяғы басылғанша тынымсыз жүреді. Соның арасында сол немістердің әрқайсы үйлерінде 4-5-тен сиыр, қой ұстайды. Оның барлығын бағып-қағуға және реттеуге уақыт табады.Сол жердегі мамандар менің еңбегімді әділ бағалап, 1 жылға жетпейтін уақыт ішінде аға дәрігер етіп бекітті. Сосын бірнеше жылдан соң 1983 жылдары мені партия білімімді жоғарылату үшін 6 айлық курсқа жіберді. Курстан келген соң кейін маған цехты басқаруға тапсырды. Ол кезде фермада 3 мың шошқа бар екен. Біз оны өсіріп 17 жылда 35 мыңға дейін жеткіздік.
– Қазір бұл ауылда неміс ұлтының өкілдері көп пе?
– Жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған соң немістер өздерінің байырғы мекендеріне көшіп кетті. Тоқсаныншы жылдардың басында бұл жерде еңбек істейтін адам табу қиындады. Себебі әрбір ай сайын немістер көшіп жатты. Олардың үй-жайын, мал-мүлкін сатып алуымыз қажет. Сөйтіп жүріп шаруашылықты сақтап қалу үшін өзіміздің қазақтарды жан-жақтан шақырып, көшіріп алып келдік. Осылайша жекешелендіру басталған кезде Қазақстан бойынша ең бірінші болып 1993 жылы шаруашылықты жекеге шығардық. 1994 жылы Елбасының алдында жекеменшік өкілі ретінде сөз сөйледім. Содан кейін әртүрлі облыс басшылары бар көптеген делегация өкілдері келіп, совхозды жеке шаруашылыққа шығарудың механизмін, құжаттарды заңдастырудың ретін жеке шаруашылық жүргізудің үлгісін бізден үйренді.
– Қазір шаруашылық қандай бағытта жұмыс істейді? Шошқа өсіруді жекеменшікке шыққан соң кәсіп етпеген боларсыз?
– Иә, бұрынғы жүйе ыдыраған соң шошқаның көзін жойдық. Қазір екі бағыт бойынша шаруашылық жүргіземіз. Бірінші – қазақтың ақбас сиырын өсіреміз. Екінші – 1 800 гектарға жуық суармалы жерді күтіп-баптап өнім аламыз.
Онда картоп, сәбіз, сарымсақ, орамжапырақ, қызылша өсіреміз. Оның сыртында малға қажетті жем-шөптің барлығын даярлаймыз. Осы 1 800 гектар жер Өскемен мен Семей екі қаласын қажетті азық-түлікпен қамтып отыр. Біз Кеңес Одағы тұсындағы шаруашылық негізін сақтай отырып оны одан әрі дамытып, ауқымын кеңейттік. Екі мыңыншы жылдары мемлекет бізге 2,5 миллион доллар несиені 25 жылға берді. Себебі байырға Кеңес Одағынан қалған ескі техниканы жаңарту керек болды. Біз ол қарызды уақытымен төлеп келеміз. Нәтижесінде екі бірдей қала тұрғындарын азық-түлікпен қанымдайтын шаруашылық жұмысын дұрыс жолға қойдық.
– Қанша мал басы бар?
– Ірі қара малдың саны 4 000-ға жетті. Барлығы – асылтұқымды сиырлар. Кезінде колхоздар мен совхоздар ыдыраған кезде ең жақсы асыл тұқымды малдарды барып сатып алдық. Қазір соларды жыл сайын сұрыптап, өсіріп отырмыз.
– Шаруашылықта қанша адам жұмыс істейді? Жұмысшылардың еңбек бөлінісі, жалақысы қалай реттеледі?
– Бізде тұрақты түрде 180 адам жұмыс істейді. Барлығының еңбекақысы уақытында төленеді. Жалақы жұмыс өнімділігіне қарай, алған өнімінің мөлшеріне сай төленеді. Мәселен бақташы неше бұзауды аман өсірді және оның салмағы қанша болды деген талаптардың барлығына қаржы төлейміз. Егіс алқабында жұмыс істейтін диқаншыларға да сондай шарт қойылады. Мәселен 20 тонна өнім аламын деп келісімшартқа отырған адам ол жерден 25 тонна өнім алса, 5 тонна өнімді мен сатып аламын. Мұндай жүйемен жұмыс істеуге де біздің адамдарымыз үйреніп қалды. Бірақ бір ескеретін мәселе бар. Мен жұмысшыларға үнемі айтып отырамын, қазір адамдар өздерінің қораларында жекеменшік мал ұстамайтын болды. Етін де сүтін де барлығын менен алады. Ал біз кезінде совхоздың жұмысын істеп жүріп те жекеменшік мал бағатынбыз. Мәселен бұзаулайтын
4 сиыр, екі бие, 40 қойды өзімнің жеке қорамда бақтым. Совхоздың жұмысын істеп келіп, кешке, түсте жем-шөбін беремін. Таңертең ерте тұрып, малдың астын тазалаймын. Ал қазір ешкім де жекеменшік малға мән беріп, оны дәулет ретінде бағып-қағуды білмейді. Бұл – дұрыс емес. Кейбіреулер тауықтың жұмыртқасын немесе сары майды сатып алып жатса мен оларға айтамын. Не себептен сатып аласың, осының барлығын өзіңнің қораңда өсірген мал мен тауықтан алуың керек еді деп түсіндіремін. Бізде жұмыс істейтін адамдардың барлық малын шаруашылық малымен бірге тегін баққызып беремін. Сондай жағдай жасап отырсам да кейбір азаматтар жекеменшік мал өсірмейді. Бұл – нарық заңдылығын түсінбегеннің себебі.
– Малды немесе егіс алқабына егілетін әртүрлі тұқымдарды асылдандыру үшін қандай шаруалар атқарасыздар? Жаңа технология негізінде жұмыс істей алатын мамандарыңыз бар ма? Болмаса барлығын өзіңіз басқарып отырсыз ба?
– Менің мамандығым мал дәрігері болғандықтан мұндай мәселеге өте жақсы көңіл бөлемін. Кезінде өзім тәрбиелеген шәкірттерім осы жерде жұмыс істеп жүріп еңбек демалысына шығып кетті. Қазір екі жігіт, екі қыз өсіп келе жатыр. Олар жаңа технология тілін біледі. Мен оларға жалпы бағыт беріп отырам. Мәселен малдың тұқымын қанша жылда жаңалап отыру керек және оны қай мемлекеттен алып келген дұрыс дегендей нұсқаулар беремін. Малды жылына екі рет міндетті түрде тексеруден өткізіп тұрамыз. Сол сияқты жерге себетін дақылдар мен тұқымдарды үнемі шетелден алып келіп, жаңартып отырамыз. Голландия сияқты елдерден келетін тұқымдардың сапасы өте жақсы.
– Шаруашылықта 200-ге жуық адам еңбек етеді екен. Осы өлкеде сіз басқарып отырған ұжымның өзіндік салмағы бар екені белгілі болды. Жалпы ауыл тұрғындарына қандай да бір жеңілдіктер, ынталандыру жасала ма?
– Осы ауылдың 40 пайызына жылу жүйесін тартып бердім. Дәрігерлік бөлімше, мектеп, сонымен қатар шаруашылықтың көліктері тұратын автотұрақтардың барлығына жылу тартып қойдық. 1990 жылдардан бастап мектеп оқушыларына шәкіртақы береміз. Өте жақсы, жақсы оқитындар арнайы талап бойынша сұрыптаудан өтіп, шәкіртақы алады. Біз оны нарықтық қоғамның талабын үйренсін, ұмтылсын, талпынсын деп ынталандыру мақсатында тағайындап отырмыз. Сосын осы ауылға қарайтын екі бөлімшедегі мектеп оқушыларына арнап автобус жүргізіп отырмыз. Ол автобустар да 1990 жылдардан бері жүріп келеді. Сонымен қатар қалаға қатынайтын автобусты да ұйымдастырып отырмыз. Қалада сабақ оқитын студенттер бар, сонымен қатар ауыл тұрғындары да қандай да бір шаруамен қалаға барып келуге болады.
Тәуелсіздіктің 30 жылында талай шаруа атқарылды. Жолдар төселді, жарық тартылды, жаңағы үйлеріне жылу тартып отырған тұрғындар Кеңес Одағы тұсында мұндай игілікті көрген жоқ. Мал өсірсек те, егін салсақ та жаңа технология мүмкіндігіне сүйенетін болдық. Мұның барлығы дербес ел болғанымыздың арқасы.
Ауыл шаруашылығы жұмысы жылдың төрт мезгілі тынымсыз қозғалысты талап етеді. Бұл салада тиіп-қашып жүретін жалқауларға орын жоқ. Еңбек етсең, еселеп табыс табуыңа болады. Біз техниканы да, жұмыс істеу технологиясын да жыл сайын жаңартып отырмыз. Мәселен көкөніс тұқымдарын басында Голландиядан алып келетінбіз, ал қазір одан гөрі сапалырақ Германиядан алдырамыз. Техника да солай. Кезінде Голландиядан әкелінген техникаларды қазір германиялық техникаға айырбастап жатырмыз. 90-жылдардың басындағы ескі техниканың барлығы жоқ. Тракторларымыз автомат қозғалтқышты, салонында салқындатқыш жұмыс істейді, ішіне шаң кірмейді. Мәселен қазіргі комбайндар егістікті шауып келе жатқанда қанша гектардан қанша өнім алып жатқанын, оның ылғалдылығы қанша пайыз деген деректердің барлығын жүргізуші салонда отырып, экраннан көріп отырады.
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Мемлекетіміз осы 30 жылдың ішінде ірі-ірі табыстарға қол жеткізді. Ол кәсіпкерлік саласы болсын, ауыл шаруашылығы болсын, қай қырынан алып қарасақ та жаман болған жоқ. Мұның барлығы егемендікпен келген игілік деп түсінген жөн.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ