Раушангүл МҰҚЫШЕВА, Венгрияда қазақ тілі пәнінің оқытушысы: Бізге де British Council мен Yunus Emre сияқты қазақ орталығы қажет
Раушангүл МҰҚЫШЕВА, Венгрияда қазақ тілі пәнінің оқытушысы: Бізге де British Council мен Yunus Emre сияқты қазақ орталығы қажет
Раушангүл Мұқышева – Венгриядағы Сегед университеті алтаистика кафедрасының қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын. Ол Венгрия студенттеріне қазақ тілін үйретіп қана қоймай, қазақ-мажар әдебиетіндегі үндестіктерді зерттеп, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына септігін тигізіп жүр. Шетелде қазақ тілін оқытатын мамандардың басын біріктіретін бір орталық ашу керек деп Президентке арнайы хат жазған Раушангүл Зақанқызына хабарласып, әңгімелескен едік.
– Байқағанымыздай, шетел университеттерінде қазақ тілін аймақтану мамандығын игеріп жүрген студенттер оқиды. Сіз де Орта Азия аймағын зерттеумен айналысатын сондай кафедрада сабақ бересіз бе?
– Жоқ, мен алтаистика кафедрасында сабақ беремін. 60-қа жуық тілден тұратын алтай тілдері тобына түркі тілдері де кіреді. Осы тілдердің ішінде қазақ тілін мен оқытамын. Бұдан бөлек, кафедрада түрік, жапон, моңғол және бурят тілдері оқытылады. Негізі, студенттер бірінші курста түрік тілін оқиды. Сонымен қатар, түркі тілдеріне кіріспе, яғни, олардың фонетикасы, морфологиясы, грамматикасы жалпылама оқытылады. Түрік тілін үйреніп алған студенттерге екінші курста қазақ тілін үйрету маған оңай. Түрік тілімен ұқсастықтар көп болған соң, олар қазақ тілін еш қиындықсыз меңгереді. Әсіресе, оларға қазақ әріптерінің дыбысталуы ерекше ұнайды. Мысалы, түрік тілінде қ әрпі жоқ, сондықтан олардың алғашында осындай әріптің дыбысталуын естіп, таңғалғаны бар. Ал ғ әрпін француз тіліндегі әріпке ұқсайды екен деп, жарыса дыбыстап отырады. Мажар тілінде ә, ө, ү деген әріптер бар. Сол себепті өз тілдерімен ұқсастығына да, өзгешелігіне де қызыққан олар қазақ тілін оқуға ерекше ден қояды. Сөздің шыны керек, Венгрияда алғашқы жылы қазақ тілін оқыту қиын болды. Десек те қазір барлығы орнына келді. Қазақ-мажар сөздігі жоқ, дегенмен ара-тұра қазақ-ағылшын сөздігін қолданамыз. Сондай-ақ, елге барған сайын түрлі кітаптар мен оқулықтар алып келемін. Жалпы, Венгрияда бакалавриат үш жылға жалғасатындықтан, студенттер қазақ тілін екінші және үшінші курс бойы оқып, бітірер кезде емтихан тапсырады. Сосын бакалавриатта қазақ тілі пәнін оқығандар магистратурада тағы бір жыл қазақша сабақ оқиды. Бастапқыда қазақ тілінің грамматикасын ғана оқытатынмын. Кейін венгр тілін меңгерген соң басшылық маған осы тілдегі сабақтарды оқытуды сеніп тапсырды. Қазақтың салт-дәстүрі, тарихы туралы мағлұмат беретін Елтану сабағын бұрын тек қазақ тілінде оқытсам, қазір бұл сабақты мажар тілінде өткіземін. Осы ретте бір айта кетерлігі, мажарлар біздің дәстүрімізге, соның ішінде саятшылыққа, бүркіт баптау ісіне ерекше қызығады. Өйткені венгрлер – Еуропада саятшылықпен айналысатын жалғыз халық. Тарихына үңілсек, олар бұл дәстүрді Азиядан алып келген. Оған қоса, ел арасында «мажар ат үстінде дүниеге келіп, ат үстінде өледі» деген түсінік бар. Сондықтан олар қазақтар секілді жылқы жануарын ерекше қастерлейді әрі ат үстіндегі ойындарға қызығушылығы мол. Елтану сабағынан бөлек, қазақ әдебиетін мажар тілінде оқытамын. Сондай-ақ, Орта Азия халқы мәдениетінің тарихы мен стилистика деген пәндер бойынша сабақ беремін. Бұдан бөлек, аударма сабағы бар. Онда қазақ тіліндегі ертегілерді мажар тіліне аударамыз.
– Кейінгі кезде шетелдік жоғары оқу орындарында қазақ тілі бөлімі көптеп ашылып жатыр. Онда қазақ тілін үйрететін мамандардың кейбірі сіз секілді арнайы шақырылса, енді бірі тіл маманы болмаса да, өз бетімен сабақ беріп жүр. Сол әріптестеріңіздің басын біріктіретін, қазақ тілін шетелдіктерге үйретуге бағытталған қандай да бір ортақ жүйе бар ма?
– Осыдан екі жыл бұрын дәл осы мәселені бірнеше пунктке бөліп, Президентке арнайы хат жазғанмын. Бізге тіл мамандарын қазақ тілін шетелдіктерге үйретуге баулитын арнайы институт ашу керек. Қарасаңыз, көптеген ел мәдениеті мен тілін насихаттау мақсатында әлем халқы танитын орталықтар ашып алған. Мысалы, немістердің Гете институтын, венгрлердің Балинт Балаши институтын, түріктердің Yunus Emre атындағы орталығын, ағылшындардың British Council ұйымын, орыстардың Пушкин үйін, француздардың Alliance Française орталығын білмейтін адам кемде-кем шығар. Сол секілді бізде де өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін мамандарды арнайы даярлайтын институт болуы керек. Сол институтқа Абай есімін берсек деп ұсыныс тастаған болатынмын. Бұл институт Абайды шетелдіктерге насихаттаудың бір жолы болсын, десек те бұл орталық шетелде қазақ тілін насихаттаумен ғана айналысуы қажет. Аудан, облыс, республика көлемінде іріктелген тіл мамандары арнайы конкурс арқылы таңдалып, төрт жыл сол институтта оқуы керек. Бұдан бөлек, сол орталықта қазақ тілі оқулықтарын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарымен бірлесе әзірлейтін ғалымдар жұмыс істесе екен деймін. Осындай жеке орталығымыз болса ғана қазақ тілі әлемдік аренада кеңінен насихатталады. Кейде елден Венгрияға мені арнайы іздеп келген журналистер «Сіз венгрлерге қазақ тілін қалай оқытып жатырсыз? Қандай оқу құралын қолданасыз?» деген сауалды алға тартып, қысқа репортаж түсіріп қайтады. Ал бірақ Венгрияда қазақ тілі қалай оқытылып жатыр, қандай кітап керек, қазақ тілін оқытуда қандай мәселе бар, не жетіспейді, қандай мамандар бар, қанша жалақы төленеді деген секілді мәселеге жоғары лауазымды адамдардың ешбірі бас қатырмайды. Мысалы, маған осында қазақ тілі мен әдебиетін оқытып жүргенім үшін Венгрия министрлігі жалақы төлеп, медициналық сақтандыру және үй-жаймен қамтамасыз етіп отыр. Бұл мәселені тек Венгрия емес, сондай-ақ Қазақстан тарапы да қамқорлығына алу керек деп ойлаймын. Қазір өзіңіз айтқандай әлемнің әр түкпірінде әркім қазақ тілін өз бетінше оқытып жүр. Қазақ тілін үйретуге әр маман өзі жауапты болмай, мұны жіті бақылайтын Қазақстанда бір орталық болуы керек. Сол мамандар жылына бір рет бас қосып, өзі сабақ беріп жүрген ұлт өкілдерінің тіл үйрету тәжірибесін ортаға салып, қазақ тілінің мына бөлімін қалай оқытсақ болады, мынадай форматта оқулық әзірлесек қалай болады деген секілді мәселелерді бірлесе талқыласа қандай керемет болар еді. Әлбетте, әр елден ашылған Қазақстан елшілігінің өкілдері шама-шарқысы жеткенше көмектеседі, десек те олардың қазақ тілін жетілдіруден де бөлек айналысатын өзге қыруар жұмыстары бар. Президентіміздің бір сөзінде «Дипломатияның құралы – тіл» деп айтқаны бар. Сол себепті қазақ тілінің мәртебесін халықаралық деңгейге жеткіземіз десек бізде осындай институт ашылуы керек.
– Еуропаның оқу орындарында қазақ тілінен сабақ беріп жүрген әріптестеріңізбен байланыс бар ма?
– Әрине, байланыстамыз. Алдымен Венгриядан бастайтын болсам, белгілі қыпшақтанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы Оңайша Мандоки кезінде Будапештте сабақ берген. Қазір ол кісі елшіліктің жанынан ашылған Абай орталығын басқарады. Сол жерде де мажарлар қазақша оқи алады. Сондай-ақ, Польшада Адам Мицкевич атындағы Познань университетінде Абайдың қара сөздерін поляк тіліне аударған профессор Генрих Янковскийдің шақыртуымен Гүлайхан Ақтай есімді оқытушы қазақ тілін үйретеді. Сол Гүлайхан қазақ тілін насихаттауда үлкен жұмыс атқарып жүр. Екі жыл бұрын Польшада қазақ тілі оқытушыларының форумын тұңғыш рет ұйымдастырған, сол кезде бірнешеуіміз бас қосқанбыз. Одан басқа Германияның Герцен университетінде Райхан Мұхамедова есімді маман бар. Ол кісі қазақ тілінің грамматикасын ағылшын тіліне аударып, оқулық жазып шыққан. Неміс тілінің маманы болса да бүгінде ол өзі қызмет ететін университетте қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Сосын Нидерландының Лейден университетінде Мұрат Әуезовтың қызы профессор Зифа-Алуа Әуезова студенттерге тарих, мәдениеттен бөлек, қазақ тілі мен әдебиеті туралы дәріс оқиды.