Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Ұлттық рухты оятқан университет

Ұлы даланың азаттығы жолында небір қилы ке­зең­дер, қым-қуыт тағдырлар өтті. Сұрапыл шайқас пен жойқын күш, мылтықсыз майданды бастан өт­кердік. Тәуелсіздік – ойда жоқта келе салған олжа емес, ол ата-бабамыздың төгілген қаны, жанкешті ер­­лігі. Сол арманға қол жеткізгелі де 30 жыл өте шы­ғып­­ты. Тәуелсіздік алу, оны сақтау қиынның қиыны. Сол қиын сәттерде жауапты қызметте болдық. Тұң­ғыш Президент сенім артқан соң, бірнеше жауапты мін­детті атқардық.

ZHoldaspek M

Өткен күндер еске түскенде, ел тәуелсіздігін баянды етуде аян­бай еңбек еткеніме, болашақ үшін тер төккеніме шүкір деймін. Ешнәр­се оңай болған жоқ. Ел енді етек-жеңін жиып, мемлекет азат­тығын алған тұста Қуаныш Сұл­та­нов, Әбіш Кекілбайұлы, Сауыт­бек Абдрахманов, Төлен Әбдікпен тізе қосып, қатар қызмет еттік. Бізді біріктірген тәуелсіздік еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Премьер-Министрдің орын­басары, Иран Ислам Респуб­лика­сындағы Төтенше және өкі­лет­ті елші қызметін атқардым. Жаңа­дан тәуелсіздік алған мем­ле­кет үшін халықаралық байланыс, қауіп­сіздік мәселелері өте маңыз­ды еді.
1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып, дип­ломат мамандарды енді өзіміз даярлауымыз керек деді. Осы жыл­дың қараша айында Сыртқы істер министрлігі жанынан Дип­ломатия академиясын құра бас­тадық. Сол жылдары Сыртқы ми­нистрінің орынбасары әрі ака­де­мия ректоры болып қызмет ет­тім. Академияның ұйымдастыру жұ­мыстарына сол кездегі Сыртқы істер министрі, бүгінгі президен­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп көмегі тиді.
Мемлекеттік қызметте жүрсем де, білім беру мен ұрпақ тәрбие­сі­нен қол үзгенім жоқ. Тәуелсіз ел­дің іргесін қалап, керегесін бекі­ту­де есте қалар естеліктер өте көп. Со­лардың ең маңыздысы – Л.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетіндегі жылдарым.
Университет басшылығына келуі­ме басты себеп 1998 жылы ас­тананы Арқаға көшіре бастаған тұста Елбасының ұсынысы бола­тын. Тегеранның ыстығынан кейін ызғарлы желге қарсы тұруға алға­шында денсаулық жарамайды деген сылтау айттым. Шынын айт­қан­да, Алатау баурайындағы та­мыл­жыған табиғатты қимадым. Қыс­қасы, көңіл соқпады.
Әлі есімде, 2000 жылы мамыр айын­да Мемлекеттік хатшы Әбіш Ке­кілбайұлы телефон шалды. Ма­ған арасында «шал» деп әңгіме ай­татын әдетіне басып:
– Шал, сені сағындық қой. Сә­бит Мұқановтың 100 жылдық ме­рейтойын өткіземіз, келсеңші, – деді.
Көп ойланбастан Астанаға жол­ға шықтым. Ертерек келген соң, Президентке сәлем беру мақ­сатында іс басқармасының жігіт­те­ріне хабарластым. Темірхан де­ген жігіт іс басқармасының бас­шы­сы қызметінде болатын. Пре­зидентті біраз күттім, бірақ ол кі­сінің қолы босамады. «Нұрекеңе сәлем айт» деп, Темірханмен қош­та­сып шығып кеттім. Ол кезде ауқымды шаралардың көпшілігі Өнер академиясының залында өтетін. Салтанатты жиынның бас­талуына шамалы уақыт қалған. Академия залына кіре бергенімде Темірхан хабарласып, тездетіп келуім­ді өтінді. Тіпті маған ар­найы көлік те жібергенін айтты. Дереу дайын көлікпен бардым.
Нұрсұлтан Әбішұлы күтіп отыр екен. Біраз әңгімелестік. Өзі ту­ралы түсірген деректі фильмді көр­дік. Сәлден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Саған бұрын да ұсыныс айт­тым, келіспедің. Ренжідім. Ренжі­сем де тағы қолқа салайын деп отыр­мын. Еуразия универси­те­тінің ректоры – жап-жақсы жігіт, барынша тырысып жүр. Дегенмен өзің келіп кіріспесең болатын емес, басшы қызметте болдың, көп­шілікке сөзің өтеді, саған тағы да қолқа салып отырмын, – деді.
Сөйтіп үш ұйықтасам, түсіме кір­меген Еуразия университетінің ректоры болып шыға келдім. Бұл мен үшін күтпеген оқиға еді.
Ол кезде Білім және ғылым ми­­нистрі болған Қырымбек Кө­шер­баев келіп, мені университет ұжымына таныстырды. Сөйтіп, 2000 жыл­дың 18 мамырында университет ректоры қызметіне ресми түрде кіріс­тім.
Білім ордасының ұлттық уни­верситет статусын алуына, ма­те­риалдық-техникалық базасының нығаюына, білікті мамандарды шақыртып, үздік шәкірттерді жи­науға бел шешіп кірістім. Еңбегім зая кетпеді, аз ғана уақыттың ішін­­де университет көптің аузын­да жүретін, шетелдік қонақтар ар­найы тоқтап, кездесу өткізетін ор­даға айналды.
Білім саласында білікті маман­дар­сыз оның сапасын көтеру – бос әурешілік. Сонымен қатар ұйым­­дастырушылық және бас­қару жұмыстарын жүйелеу, кадрлар әлеуетін көтеру – ең бас­ты міндеттердің бірі. Танымал ғалымдарды іздеп, Қазақстанның түк­пір-түкпірінен шақырдым. Ең алдымен шақырған ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шештік.
Мыңжылдықтың 7 есебін шеш­кен қазақ ғалымы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты Мұхтарбай Өтелбаевты ар­найы іздеп барып, жұмысқа ша­қыр­дым. Мықты математик келі­сімін берді. Осылайша жан-жақ­тан білікті мамандарды жинай бас­тадық.
Келесі бір міндет – универси­теттің халықаралық байланысын дамыту. Бірден М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен келісімшарт жа­сауға кірістік. Екіжақты келісімдер барысында университет ректоры Виктор Садовничий арнайы са­пармен Астанаға келді. Оқу ғи­маратында Мұхтарбай Өтел­баев­ты көріп, қатты қуанды. «Мух­тар­бай – ты гений!» деп В.Садовничий мәз болғанда, іштей кадр таңдауда қателеспегеніме қуандым.
Университеттің қарбалас тір­лі­гінде Мұхтарбай Өтелбаевқа тап­сырма бергенімде, көбінесе ке­шігіп жүретін. Сөйтсем түнімен есеп шығарып, таңертең ұйықтап қа­латын көрінеді. Оны кейін біл­дім.
Жоғары оқу орнының негізі – білімді студенттер. Бұл міндетті де профессор-оқытушыларды Қазақстанның түкпір-түкпіріне жұм­сап, кіл мықтыларды жинаң­дар деп тапсырма бердім. Кәсіби бағдар беру жұмыстарымен өзім де айналыстым. Соның нәтиже­сінде сол кездегі Қазақстандағы «Алт­ын белгі» иегерінің 4/1 біздің уни­верситетті таңдады. Көңіл кө­терілді, маңдай тер, төккен тер нә­тижесін берді.
Білікті маман мен білімді шә­кіртке заманауи материалдық-тех­­никалық база керек. Универси­тет­­тің басқару құрылымын жаңар­ту, жауапты қызметтерге жа­­лындаған жастарды тарту та­быс­қа жетелейді. Сондай жас­тардың қатарында Махметқали Сарыбеков, Амантай Шәріпті ай­тар едім. Амантай әлі күнге менің жанымда.
Университет ректоры болған жыл­дары ерекше есте қалған бір­неше оқиға, мен үшін өте маңыз­ды. Біріншісі – бас оқу ғима­ра­ты­ның ашылу салтанаты. Бұл шараға Түр­киядан бір ұшақ болып қонақ­тар келді. Түркі жұртының тату­лы­ғын паш еткен осы кездесу екі елдің арасындағы достықты одан әрі нығайта түскендей болды.
2000 жылғы 12 тамызда уни­вер­ситеттің бас оқу ғимаратының ашылу салтанатты шарасын өт­кіздік. Шараға Президент
Н.Назар­баевтың тапсырмасымен Үкімет мүшелері, қоғам және мем­ле­кет қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО басшылары, зиялылар қауы­мы, Түркия мемлекетінің Пар­ла­мент депутаттары қатысты.
Естен кетпейтін оқиғаның бірі – Күлтегін ескерткішінің ашылуы. 2001 жылғы 18 мамырда Пре­зидент Н.Назарбаевтың тап­сырмасымен сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасма­ғамбетовтің ұйымдас­тыруы­мен Күлтегін ескерткішінің Жапо­ния­да жасалған көшірмесін әкелдік. Бұл – қазақ үшін тарихи сәт. Түрік қағанатын құрған қазақтардың рухы қайта оянып, қайта тіріл­ген­дей түледік, қуандық.
Үшінші – Ресей президенті Вла­димир Путиннің тұңғыш рес­ми сапары да есімде. 2000 жы­лы 10 қазанда Президент болғалы тұң­ғыш ресми сапарын Қазақ­стан­нан бастаған еді. Осы сапарда екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамытуға септігін ти­гі­зетін тағылымды кездесу ұйым­дас­тырдық. Ол кезде шетелден кел­ген қонақтар Президент қа­былдауынан кейін міндетті түрде университетке соғатын. В.Пу­тин­нің студенттермен ресми кез­де­суінде Л.Гумилевтің жары Наталья Викторовнаның хатын оқып, ел басшыларының байланысын тереңдете түстік.
Осыншама күш-қайраттың, ерік-жігердің, бірліктің, тыным­сыз жұмыстың арқасында универ­ситеттің білім кеңістігіндегі беделі күн санап өсе берді. 2001 жылы 29 маусымда Үкімет қаулысымен университет Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деп аталды. 2003 жылы 15 сәуірде уни­верситеттің дамуына сіңірген ең­бегі үшін «Гумилев атындағы Алтын медаль», «Күлтегін» сыйлы­ғын тағайындадық. Әлі күнге дейін аталған марапаттар универ­ситеттің беделді марапаттарының бірі саналады.
Еуразия ұлттық университе­тінде жақсы күндерім, жарқын сәттерім өтуде. Ғылыми мектеп қа­лыптасты. Бүгінде білім беру кеңіс­тігінде әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие, халы­қ­ара­лық байланыс саласы қанат жайып дамыған, кадрлар әлеуеті мықты университет қатарында. Шы­ғыс даналығында «мың жыл­ды­ғыңды ойласаң, ұрпақ тәрбие­ле» деген тамаша тәмсіл бар. Еуразия ұлттық университеті – отандық ғылымның ордасы ғана емес, білімнің шамшырағы. Білім ордасының ширек ғасырлық тарихы мыңжылдыққа ұлассын.

Back to top button