Қалдархан Қамбар: Төл күнтізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды

Қалдархан Қамбар: Төл күнтізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды

Қалдархан Қамбар: Төл күнтізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды
ашық дереккөзі
Көшпелі түркі мәдениетінің арба, киіз үй, бесік т.б. материалдық мүлік­тері өркениетті ХХ ғасырға аман-есен жетті. Сол сияқты бабалары­мыздан қалған рухани игіліктер − Көне түркі сына жазуы және Көне түркі күнтізбесі далалықтардың ақыл-ойынан туған керемет дүниелер еді. Осының алдыңғысы әлемге біршама таны­мал болса, кейінгісінің танылуы соңғы отыз жылдың еншісінде. Сон­дықтан түркілік мұра − шартты түрде «Тоғыс есебі» деп атала­тын күнтізбені қайта тірілтіп, оған дүниежүзінің назарын аудар­ған белгілі күнтізбе зерттеуші Қалдархан Қамбармен әңгімеміз көбіне арнайы ортада ғана сөз болатын Қазақ күнтізбесі және оның маңызы туралы болды. Қалдархан Қамбар − Қалдархан Әлсейітұлы, көп жағ­дайда сұх­бат­тасушыға алдымен қойы­ла­тын дәстүрлі сауал­дар болады ғой, сіз­ден де сұрайық: күнтізбе зерт­теу секіл­ді күрделі салаға келуіңізге не себеп бол­­ды? − Шынын айтсам, о баста менде осыны зерттейінші, керек нәрсе екен деген секілді қызығушылық болған жоқ. Анау Созақтың Қаратау жағында өмір сүрген Сатыбалды деген кісі «Тоғыс есебін» зерттеген екен, біз сол кісінің ұрпағы боламыз. Менің әкем Әлсейіт Қамбарұлы (2003 жылы 81 жасында дүние салды) осы «Тоғыс есебін» білетін еді. Аталарынан үй­рен­ген. Маған да үйрететін. Ол кезде кіш­кентай баламын, терең мән бергенім жоқ. Әкем Ай­дың Үркермен тоғысатынын дүрбімен көр­сеткенде жай қызықтайтынмын. Соншалық қатты әсер етпеген де сияқты. Бірақ бала кезде миға кірген нәрсе далаға кет­песе керек. Жа­сың жер ортаға жақындағанда бұ­рын­­ғы естігендерің басыңда пісіп, осыны әкеміз неге үй­ретті екен деп ойлана бастайды екен адам. Студент кезіміз құр өткен жоқ. Алма­ты­дағы ұлттық кітапханаға жиі барып, мол қа­зынаны армансыз ақтардық. Ізденем деген адамға кітап көп. Сондайда баяғы әкемнің айт­қандары ойыма оралып, ұлттық күнтіз­беге қатысты іздене бастағанымда қолыма фи­зика-математика ғылымдарының канди­даты Хасен Әбішев (1902-1981) атамыздың «Халық астрономиясы», «Аспан сыры» деген кітап­тары түсті. Соларды оқыған соң барып әкем­нің айналысып жүргені түркі халық­тары­ның мұрасы екенін түсіндім. Әкемнен есті­ген­дерім мен кітаптан оқығандарымнан қорытқандарымды жүйелей бастадым. Содан «Тоғыс есебін» зерттеу менің өмірлік жұмы­сыма айналып кеткендей. Оқуды бітірген соң жур­налист болып жұмыс істегенде де бір ойым сонда болса, қазір Алматы қаласы әкім­дігінің бір құрылымында қызмет атқарып жүр­сем де соны естен шығарған емеспін. Өйт­кені әкем соны жайымен түсіндіріп жүріп-ақ миыма сіңіріп кеткен екен. Әкем қайтыс боларынан аз уақыт бұрын мені шақырып алып, осы істі аманаттап кет­кен еді. Сонда өмірінің соңғы күндерінде сөй­­леуден қалған әкем мәңгілік көз жұма­ры­нан алты сағаттай бұрын (ол кезде, әрине біл­ген жоқпыз ғой) кенеттен тілі ашылып ма­ған: «Балам, балаларымның ішіндегі оқы­ған-тоқығаны сенсің. Әулетімізде ешкім қы­зық­пады мына кәсіпке. Сенің жазған­дарың­ды оқып жүрмін. Бұл – сонау Сатыбалды ба­бамыздан келе жатқан мұра, осыны сен ғы­лыми жүйеге түсіріп жазып, әлемге таны­туға талпын. Мұны ақша үшін, басқа үшін істеме, сауап үшін істе. Халық мұны ұмытып кеткен, енді мүлде жойылып кетпеуі керек. Осы саған аманат» деген еді. Содан зерттей келе ақыры толық түсіндім ғой. Әрине, сонша уақыт арнап жүйелеу де оңай болған жоқ. Біреулер күлер бәлкім, сонша отыз жыл уақыт кетіретіндей несі бар деп. Әкемнің жас ке­зімде айтқандары мен кітаптардан оқы­ған­дарымды талдап, сараптап, соны мына Еуропа­ның ғалымдарына түсінетіндей дәре­жеге жеткізіп бергеннен кейін олар оны әрі қарай іліп кетті. Сөйтіп қазір нәтижесін күтіп отырған жайым бар. Бірақ әзірше қазақ түгілі күллі түркі елінен «тоғыс есебіне» қандайда бір қызығушылық көріп отырғам жоқ. Ал мына Еуропаның ғалымдарына қызығам, олар ғылым десе ішкен асын жерге қояды. Олар­да ғылымның дамуы да сондықтан. Мә­селен, таяуда маған анау ғарыш агенттігі − НАСА-да жұмыс істейтін АҚШ-тың бір ғалы­мы хат жазды. Мен ағылшын тілінде шыққан мақалаларымды кітапқа айналдырғам. Соны оқыған екен. «Мен де аспан денелерін зерт­теймін. Бірақ кейбір зерттеулеріме негіз таба алмай жүр едім, сіздің зерттеулеріңіздің ішін­де көшпенділер (олар қазақ, өзбек не түр­кілер демей номад дей салады ғой) қол­данған бір цикл бар екен, соны өзімнің бағы­тыма негіз қылып алғым келеді, соған рұқсат етесіз бе?» деп жазыпты. Бұл – әрине, мен үшін қуанышты жағдай. Ешкім қызықпай жатқан қа­зақтың бір дүниесіне кезінде Илон Масктың ғарышты игеру бағдарламасында жұ­мыс істеген мықты ғалым қолқа салып жат­са жақсы емес пе?! Өзі де таңғалып отыр. «Көш­пенділердің осындай жүйесі бар, соны пай­даланамын деп ойламаппын. Таңғалар­лығы, сіз ұсынып отырған жүйе менің ғылыми бағытыма сәйкес келіп тұр» дейді. − Кеңестік кезеңде, дәлірек айтсақ ХХ ғасырдың екінші жартысына қарай қазақ авторларының күнтізбе туралы ал­ғашқы зерттеу еңбектері шыға баста­ғаны белгілі. Олардың маңызы қандай еді? − Кеңестік кезеңде жалпыұлттық құн­ды­лықтар жөнінде айтуға, зерттеуге кедергілер көп болды, тіпті кейбір нәрселерге ашық түрде тыйым салынғаны белгілі. Халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты жөн-жобаларға «ескіліктің қалдығы» деп қарай­тын қытымыр заманда өмір сүрдік. Дегенмен кейбір жағдайларға байланысты мемлекеттік идеология халыққа кеңшілік беруге мәжбүр болған жайлар бар. Мәселен, осыдан тура ал­пыс жыл бұрын − 1961 жылы қазақ жеріне салынған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырыл­ған жер серігімен адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин көкке самғағаннан кейін халықта «ғарышта не бар?», «ол жаққа адам неге ұшып жатыр?» деген сияқты сұрақ­тар көбейіп, білмекке деген ынта күшей­ген ғой. Сол үшін бұқаралық ақпарат құрал­дары­на мониторинг жасап отырған орталықтың жауапты тұлғалары халыққа ғарыш туралы жалпылама болса да білім беруге шешім қа­былдаған. Сол кезде ҚазПИ-де оқытушы болып істейтін Хасен Әбішов деген ғалым кісіге кітап жазуға тапсырма берілген көрі­неді. Ол кісі 1957 жылы аспанға алғашқы ж­а­санды серіктер ұшырыла бастағаннан ғарыш саласына қызығып, іздене бастаған ғой. Сөйтіп 1959 жылы алғашқы кітабы шық­қан («Халық астрономиясы»). Міне осы кітап­та алғаш рет «Тоғыс есебі» туралы айтылады. Тым көп емес, бір жарым беттей ғана. Қазір ол кітаптың Ұлттық кітапханада бір-ақ дана­сы бар. Көп оқылғаны сондай, жұлым-жұлы­мы шыққан. Мен де оны қолыма алып оқып шыққам. Міне осы кітап қазақтың есінен шығып бара жатқан көп нәрсені қайта тіріл­туге себеп болды. Осы кітапты оқыған соң біраз адамдар қазақша «Тоғыс есебімен» жыл санауды, мүшел қайыруды естеріне түсірді. Содан бұл салаға деген халықтың ықыласын білген Х.Әбішев «Аспан сыры» деген кітабын (1962 және 1966 жылдары екі рет шықты) жазып жариялады. Оған халықтың аспан де­нелеріне байланысты ұғым-түсініктері қамтылған көптеген әңгіме енген. Ол кезде халықтық астрономия жайында көп білетін қариялар көп болған. Кітап авторы сондай көненің көзі секілді ақсақалдармен сөйлесіп, біраз нәрсе жазып алған. Кітабының соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі жоқ, ақпарат беруші 88 қазақтың ғана аты-жөні жазылған. Міне сол адамдардың деректері бойынша елдің жадынан көмескіленіп бара жат­қан нәрсе қайта жаңғырып, жоғалып кету­ден аман қалды. Қалайда бұған басты се­беп ғарышқа алғашқы адамның қазақ жерінен ұшқаны деп санауға болады. Бұдан бірталай уақыт өткен соң этнограф ға­лым Мыңбай Ысқақовтың «Халық кален­дары» (1980 ж. Алматы) атты кітабы жарық көріп, қызықты оқылып, елдің күнтізбе тура­лы білімін толықтырды. Бірақ бұдан кейінгі кезеңде қазақтың, жалпы түркі халықтары­ның күнтізбесі туралы әңгіме өрбімей қалды. − Жер бетінде шығыс әлемінің Хижра, христиан әлемінің Григорян се­кіл­ді танымал жыл санаулары бар. Түр­кілердің жыл санауы туралы не айтар едіңіз? – Жалпы жер бетінде, Орталық Азия, Сі­бір, Кап тауы жақтағысын − бәрін қосқанда 230 миллионға жуық түркі халықтары өмір сүреді деген дерек бар. Олардың біреулері бір-біріне жақын аймақта өмір сүріп жатса, енді біреулері шашырай қоныстанған. Деген­мен бүгінде түркі елдері құрған «Түркі кеңе­сі», «Түрксой» секілді жыл сайын бас қосып отыратын ұйымдар бар. Міне, осылар ортақ түркі танымын әлемге паш ететін кейбір құн­дылықтарға баса мән бере бермейтіні көңіл­ге кірбің ұялатады. Әйтпесе түркілік жыл санау деген ұғымды әлемге танытуға болар еді ғой. Әлем өзіндік дүниетанымы, күн­­­тізбесі, жыл санауы жоқ елдерді мойын­дай бермейтінін бәрі біледі. Ал бізде көне түркі әліпбиі, түркілік күнтізбе дегенді әлемге алып шығуға соншалық үлкен кедергі де жоқ. Осы тұста есімізде жүруге тиіс бір әңгі­мені айта кетейін: осы түркілік жыл санауды әлем­дік өркениетке түбінде бір ел кіргізеді. Ол қазақ не түрік, өзбек не қырғыз, әзірбай­жан не түркімен болуы мүмкін. Кім кіргізсе де күнтізбе соның атымен аталады, аты тарих­та мәңгі қалады. Ол анық. Айталық, ка­то­ликтердің осы уақытқа дейінгі 266 Папасының ішінде аты ең жиі аталатыны − Григорий. Неге? Өйткені ол бүгінгі Григориан күнтізбесін енгізіп кеткен тұлға. Одан бұрын Юлий күнтізбесін кіргізген Юлий Цезарьдың да императорлар арасында аты жиі аталады. Демек, қазақ мемлекеті де әлем тарихында аты жиі аталуын қаласа түркілік күнтізбені өз халқының, ата-бабаларының мұрасы ре­тін­де әлем назарына ұсынып, іс жүзінде қолданысқа енгізудің амалын табуы керек. Бұл – аса маңызды шаруа. Егер осыны біз қол­ға алып жүзеге асырсақ, әлемде күнтізбе­лер туралы айтқанда түркілік күнтізбеге «Қа­зақ күнтізбесі» деп сілтеме жасауға мәж­бүр болады. – Енді өзіңіз зерттеп, әлемге танытып жүрген түркі өркениетінің «Тоғыс есебі» жыл санауы туралы толығырақ айт­саңыз. Оның жүйесі мен тиімділігі қан­дай? − Ең алдымен, атауы жөнінде айтайық. «То­ғыс» − тоғысу, яғни бір аспан денесінің екін­ші бір аспан денесін көзден тасалап жа­буы. Ал қазақтар бұрында күнтізбені «есеп» деген, яғни күндерді есептеу, ай-күндердің есебі. Он үш түрлі фазадағы Айдың Үркерді жылд­ың 13 не 14 айында «басып өтуі» тоғыс, то­ғысу деп аталады. Демек «Тоғыс есебі» деген Ай мен Үркердің тоғысуына негізделіп жа­салған жұлдыздық ай-күн күнтізбесінің ерек­шелігін танытып тұр. Тоғыс кезінде Үркердің көзге көрінетін 6-7 жұлдызы Айдың арғы жағында, тасада қа­лады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өткеннен кейін тоғыс аяқ­талып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үне­мі тоғыса бермейді. Екі тоғыстың аралығында өте­тін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атайды. «Тоғыс есебі» күнтізбесінің дүниежүзіне бел­­гілі күнтізбелерден айырмашылығы, біре­гейлігі – бұл күнтізбеде жұлдыздық ай (аст­ро­номия ғылымы «сидерический (звёздный) месяц» деп атайды) мөлшері қолданылады. Ай мен Үркердің тоғысуына негізделген Тоғыс есебіндегі айдың ұзақтығы − 27,32 тәулік, яғни 27 күн 7 сағат 43 минут болады. Ежелгі уақыттарда бұл мөлшерді 28 күн деп есептеп бір жылда 364 күн болады деп шешкен (28х13=364 күн). Бірақ менің әкем Әлісейіт «Тоғыс есебін» 355-356, 382-383 күн деп жаңа есеп жүйесін жасаған есепші еді. Мен осы есепті зерттеп, әкемнің жаңа есебі дұрыс екеніне көз жеткіздім. Астрономия ғылымын жетік білмеген ежел­гі есепшілер жаздың басында (10 мамыр мен 20 маусым аралығы) Үркер аспан әле­мінің екінші жағына (көкжиектен төмен) «ба­тып», Жер шарының солтүстік жарты­сын­дағы елдерге 40 күндей көрінбейді деп ойла­ған. Ақиқатында Үркер қозғалмайтын жұл­дыз шоғыры, сол себепті бұл 40 күн бойында Үркер аспанда тұрады. Бірақ оны Күннің жарық сәулесі бүркеп біздерге көрсетпейді. Көкек («сәуір» деген атау дұрыс емес) айы­ның орта шамасында Үркерді бір жаңа­сындағы Айдың жіңішке орағы жауып өткен­нен кейін, келесі екі айда Ай «өліара» қалып­та болады. Одан кейінгі айлар – 27, 25, 23, 21, 19, 17, 15, 13, 11, 9, 7, 5, 3 тоғыс айлары деп ата­ла­ды. Тоғысу үнемі тақ санға келе бер­мейді, 8, 6, 4 және 2 тоғыс т.с.с. болуы да мүм­кін. Бірақ оларды қалыптасқан дәстүр бойынша тақ санға келтіріп 7, 5 тоғыс, 3 тоғыс т.с.с деп айтады. Тоғыс айларын осылай бел­гілеудің өзі түсінген адамға даналық. Гри­гориан күнтізбесінің жылында 365 немесе 366 күн болса, Тоғыс есебінде 355-356, 382-383 күн болады. Бұл күндер қазіргі еврей, қытай күнтізбелеріндегі секілді есептеледі. Жалғыз айырмашылығы, ол күнтізбелерде әр айда 29-30 күн болса, Тоғыс есебінде 27-28 күндер болады. Тоғыс есебін жүргізу үшін астрономия ғылымын өте жақсы білу керек. Бұл мәселемен шұғылданған сауатты адам­дарды ежелде «есепшілер» деп атаған. Есеп­шілер Айды, Үркерді, Сүмбілені т.б. жұлдыз­дарды бақылап төл алу, бие байлау, жайлауға көшу, қой қырқу, күйек ағыту т.с.с шаруа­шылық маусымдарының мерзімдерін бұқара халыққа жариялап отырған. Олардың прак­тикалық ережелері бойынша: «5 тоғыста күйек түседі», «3 тоғыста қой қоздайды» т.с.с. Тоғыс айын ұтымды қолданудың бірінші шар­ты – туар ай мен тоғыс айының ара­сын­дағы 2,208927306 тәулік немесе 2 күн 5 сағат 0 минут 51,3192 секунд уақыт айырмашы­лы­ғын әбден түсініп пайдалану. Екінші шарты – әрбір тоғыс айының бірінші күнін Ай мен Үркер «тоғыса» отырып жылжып, жуық түрде орнынан қозғалмайтын Темірқазықтың (ағыл. Polaris, Ursae Minoris, араб. Әл-Қутб әл-Шамалии «жебе, шеге», екінші атауы: Әл-Қаукаб әл-Шамалий «солтүстік білік, ұршық») қарсы бетіне келген кезден бастап есептеу. Үшінші шарты тоғыс айының басы Ай фаза­сы­ның жұп күніне тура келсе де, оны тек тақ сан­мен есептеп отыру. Мысалы, 6 күндік фа­за­­сын – сәйкес келуіне қарай 5 не 7 тоғыс айы, 12 күндік фазасын – сәйкес келуіне қа­рай 11 не 13 тоғыс айы т.т. деп есептеу қалып­тас­қан. Әлемдік астрономия ғылымы осы уа­қытқа дейін 29-30 күндік Ай күнтізбесін жа­сауға болады, ал 27-28 күндік жұлдыздық күн­тізбе жасау мүмкін емес деп санаған. Ал көш­пелі халықтар кең далада аспанды еркін ба­қылап өскендіктен Ай мен Үркердің қоз­ғалысындағы заңдылықты жақсы білген. Сөй­тіп «Тоғыс есебін» тұрақты жүргізген. Бұл − жұлдыздар қозғалысына қарап дұрыс күн­тізбе жасалмайды деген еуропалықтардың тұжырымын теріске шығарады. Бұл – кәдім­гідей Үркер мен Айдың қозғалысына сүйеніп жұмыс істейтін күнтізбе. − «Тоғыс есебі» күнтізбелік жүйесі біз­ден басқа қай елдерге белгілі? − «Тоғыс есебін» бұрын аз ғана түркі ел­дері білсе, 2018 жылдан бастап әлемнің көп­теген еліне танымал бола бастады. 2009-2010 жылдары «Тоғыс есебі» туралы алғаш айт­қанымда Англия ғалымы Карл Палмен мен Австралия ғалымы Питер Мейер менің сөзіме сенбей, «мұндай күнтізбені» іс жүзінде жасау мүмкін емес, қателесіп отырсың деген-ді. Сосын мен «екеуіңнің біреуің Қазақстанға келіңдер, мен түсіндірейін» дедім. Еуропаның ғалымдары ғылымды дамытуға үлес қосу үшін ештеңесін аямайды, біздегідей демеуші күтіп, ақша болмаса қалай істеймін деп қол қусырып отыра бермейді. Ұзақ уақыт хат жазысқаннан соң 2018 жылы күзде жасы 60-тан асып кеткен Питер Мейер Алматыға ұшып келді. Негізі ол дүниежүзі жоқ дегенді мен бар деп отырған соң менің пікірімді терістеу үшін ұшып келді. «Көшпелілерде неғылған күнтізбе» деген астамшылықпен мені ақымақ қылып мақала да жазғысы келген де шығар. Сөйтіп үш ай Алматыда болды. Сонда мен әкімшіліктерге, Мәдениет министрлігіне хат жазып, «Біздің ғылы­мы­мызды зерттеуге келген мына кісіге кіш­кене құрмет көрсетіп, жағдай жасайық» деп өтініш айтып, хат жолдадым. Олар «бізде қаражат жоқ» деп жауап қайтарды (ресми жауап хат­тары менде сақтаулы). Сосын не істейін, «жазған құлда шаршау жоқ» деп жеке басым­ның емес, халқымның мұрасы болғасын, соны зерттеймін деп ел асып келген қонақтың жүріп-тұруына қажет қаражатты өзім таптым бірдеңе қып. Үш ай бойғы зерттеу жұмысынан кейін Питер Мейер ақырында өзі таңғалды. «Сенің айтқаның шындық екен, мына күнтізбе мүлтіксіз жұмыс істеп тұр» деді анығына көзі жеткесін. Мен «Тоғыс есебін» қарабайыр қазақи жол­мен зерттегем ғой, ал ол физиканың, аст­ро­номияның формуласына салып тексергенде жұл­дыздық, күнтізбенің уақытты дәл бере­тінін дәлелдеді. Біз «Тоғыс есебінің» неше мың жыл бұрын пайда болғанын білмейміз ғой, бірақ сонша көне бола тұра ата-бабамыз ойлап тапқан күнтізбенің бүгінгі электрон­дық есептеулерде дәл шыққанына таңдай қаққан Питер Мейер Алматыдан Еуропадағы Карл Палменге «Қалдарханның айтып жүргені рас екен» деп хат жолдап, мәселені түсіндірді. «Көшпелілердің күнтізбесі мықты екен, тіпті Григориан күнтізбесінен де қолайлы. Дүниежүзіне насихаттауға тұратын дүние» деп «Тоғыс есебі» туралы «Қазақтардың көшпелілер күнтізбесі − қысқаша сипаттама», «Ежелгі қазақ көшпелілерінің күнтізбесі» деген екі ғылыми мақала жазды. Кетерінде «сен осыны зерттемегеніңде ешкімнің көзіне түспей, ұмытылып кететін еді» деп риза­шылығын білдіріп кетті. − Қай күнтізбені алсақ та, уақытты дәл есептеу жөнінен бір кемшілігі та­былып тұрады. Содан болар, әлемде әм­бебап күнтізбе жасау идеясы көп уа­қыттан бері күн тәртібінде. Сайлыбай Бек­болатов жасаған «Мәңгілік қазақ ка­лендары» деген де бар... − Әрине, күнтізбе жасап енгізу, оның бар­лық жағынан мүлтіксіз болуы оңай емес. Григориан күнтізбесінің де көзге ұрып тұр­ған кемшілігі көп. Әр айдағы күн сандарының әртүрлі болуы (28, 29, 30, 31), әр тоқсандағы күн сандарының бірдей болмауы (90, 91, 92 күн), жартыжылдықтағы теңсіздіктер (181, 182, 184 күн), айдағы күндер санының аптаның күндерімен сәйкес келмеуі, әр жаңа жылдың аптаның әртүрлі күнін басталуы, астрономиялық жылдан кешігуі т.б. олқы­лықтарын бүкіл әлем айтады. Egemen Qazaqstan газетінде журналист Бекен Қайратұлына берген сұхбатында Сай­лыбай ағамыз: «Жаңа күнтізбенің ерекшелігі – жылды 13 айға бөлдім. Бір айда – 28 күн. Жыл­дық тәулік есебі: 13 × 28 = 364 күн» деп жа­зыпты. Сайлыбай ағамыз жылды 364 күн­нен түзе берсек болды, сол күнтізбе болады деп ойлайды. Бірақ кез келген күнтізбе «ин­теркаляция заңдарына» бағынады. Ал «Мәң­гілік қазақ календарынан» ешқандай ин­теркаляциялық заңдылықты көріп отырғам жоқ. Сол себепті бұл күнтізбені есі дұрыс бір­де-бір ел қабылдамайды. Тіпті мың патен­ті болса да, Сайлыбай ағамызды бұрын ойлап табылған нәрсені өзім ойлап таптым деп иелене алмайды, керісінше, «плагиат жасады» деп сотқа тартуы да мүмкін. Жалпы біздің қазақ журналистикасында жиі кетіп жататын үлкен олқылықтың бірі тақырыпты алдын ала зерттеп алмау дер едім. Егер Бекен бауыры­мыз ғаламтордан сәл ғана іздеу салса, дәл осы Сайлыбай ағамыз 25 жыл бойы ізде­ніп жасап шықтым деген «күнтізбесін» 171 жыл бұрын француз философы Огюст Конт (1798-1857) «мен ойлап таптым» дегенін көрер еді. Демек, Бекболатовтың бұл жұмысы еуропалықтарға еліктеп жасалған күнтізбе. Тіпті, бұдан 40 жыл әріде тап осындай «Мәң­гілік күнтізбе» идеясы (13 ай × 28 күн = 364) Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» деген кітабында айтылған. Жалпы, дүниежүзіне ортақ күнтізбе жа­сау мүмкін емес. Мәселен арабтар қалай қыл­саң да «Күн күнтізбесін» пайдаланбайды. Өйт­кені Құранда «Тәуба» сүресінің 36-ая­тында ««Расында Алла қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы ай­лардың саны – он екі. Бұлардың төртеуі құр­метті айлар» делінген. Міне осы себептен араб­­тар Ай күнтізбесін ұстанады. Ал еуро­па­лық­тар, яғни христиан әлемі «Күн күнтіз­бе­сін» қолданады, сондықтан ешқашан «Ай күнтізбесін» қабылдамайды. Қытайлар мен еврейлер «Ай-күн күнтізбесін» пайда­лана­тындықтан «Ай күнтізбесі» мен «Күн күнтіз­бесін» ешқашан жеке пайдаланбайды. Ал әлем­дік күнтізбелер қатарынан енді орын ал­мақшы түркілердің төл күнтізбесі «Жұл­дыздық күнтізбе» екені белгілі. Сол үшін әлем­ге ортақ «мәңгілік күнтізбе» деген нәрсе орын­далмайтын арман дер едім. − Сөзіңіздің соңында «Тоғыс есебі» түр­кілік күнтізбесінің бүгінгі жағдайы мен болашағына қатысты тұжыры­мыңы­з­ды айтсаңыз. – Ал енді «Тоғыс есебі» күнтізбесінің қа­зір­гі жағ­дайына келер болсақ, Питер Мейер екеу­міз үш ай бойы зерттеп, тұжыры­мымыз­ды жа­­­риялап, кейін арнайы сайтқа ор­наластырып қойғаннан кейін оны дүниежүзі көріп отырғаны анық. Әлі де зерттелу үстінде болғандықтан, «Тоғыс есебі» жайында пікір айтылып жатқан жоқ. Өйткені дүниежүзінің астрономиялық қоғамы «Тоғыс есебі» сияқты күнтізбенің болуы мүмкін емес деп жазған, ал біз Питер Мейер екеуміз күнтізбенің есе­бін, кестесін міне деп көрсетіп қойғанбыз. Мен ағылшын тілінде жазған кейінгі екі-үш мақаламда «Астрономия туралы Еуропа­ның емес, көшпелілердің ілімі дұрыс» деген сыңайда еуропаның астрономия ғылымына ашық шабуыл жасап отырмын. Әншейінде өре түрегелетін Еуропа ғылымы тым-тырыс жатыр. Тыныштық. Әрине, ақымақ емеспін, айтқан сөзіме жауап беруге тура келетінін бі­лемін. Бірақ оған менің жеткілікті дәлел­дерім бар. Оның бәрін бұл арада келтіріп отыру мүмкін емес. 2018 жылы «Тоғыс есебі» деген кітабымды бітіріп, мемлекеттік «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағ­дарламасына ұсынғам. Бірақ тиісті орындар бізге мұндай кітап қажет емес деп, тендерден сызып тастапты. Одан кейін де жоғары жақтарға хат жа­зып, ұсыныс айтып көрдім. Тиісті кісілердің на­зарына түспеді де, ешқандай жауап болған жоқ. Дегенмен қазақ керек етпеген кітапты АҚШ-тың аcademia.edu веб-сайты жариялады (https://independent.academia.edu/Kaldarhan­Kambar). Ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде. Іздеген адам болса тіркеліп, сол жерден оқи алады. Қалай десек те, дәлдігі өте жоғары бірегей түр­кі күнтізбесі қазақ жерінде қайта жаң­ғы­рып, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі дәуірде әлемге жол алды. Егер мемлекетіміз бір кезде түркінің руникалық жазуын және сонымен жазылған шығармаларды зерттеп, үлкен та­бысқа жеткенін ескерсек, онда ата-баба­мыз­дан жеткен асыл мұрамыз − «Тоғыс есебі» күн­тізбесін де солай жарыққа шығарып, оны әлем­ге «Қазақ күнтізбесі» ретінде танытып мойын­дата алатынына сенімім мол. − Әңгімеңізге рақмет! Төл күнтізбеміз төрімізде тұратын күнге жеткізсін!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ