Қалдархан Қамбар: Төл күнтізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды
Қалдархан Қамбар: Төл күнтізбеміз тәуелсіздік дәуірінде танылды
Көшпелі түркі мәдениетінің арба, киіз үй, бесік т.б. материалдық мүліктері өркениетті ХХ ғасырға аман-есен жетті. Сол сияқты бабаларымыздан қалған рухани игіліктер − Көне түркі сына жазуы және Көне түркі күнтізбесі далалықтардың ақыл-ойынан туған керемет дүниелер еді. Осының алдыңғысы әлемге біршама танымал болса, кейінгісінің танылуы соңғы отыз жылдың еншісінде. Сондықтан түркілік мұра − шартты түрде «Тоғыс есебі» деп аталатын күнтізбені қайта тірілтіп, оған дүниежүзінің назарын аударған белгілі күнтізбе зерттеуші Қалдархан Қамбармен әңгімеміз көбіне арнайы ортада ғана сөз болатын Қазақ күнтізбесі және оның маңызы туралы болды.
− Қалдархан Әлсейітұлы, көп жағдайда сұхбаттасушыға алдымен қойылатын дәстүрлі сауалдар болады ғой, сізден де сұрайық: күнтізбе зерттеу секілді күрделі салаға келуіңізге не себеп болды?
− Шынын айтсам, о баста менде осыны зерттейінші, керек нәрсе екен деген секілді қызығушылық болған жоқ. Анау Созақтың Қаратау жағында өмір сүрген Сатыбалды деген кісі «Тоғыс есебін» зерттеген екен, біз сол кісінің ұрпағы боламыз. Менің әкем Әлсейіт Қамбарұлы (2003 жылы 81 жасында дүние салды) осы «Тоғыс есебін» білетін еді. Аталарынан үйренген. Маған да үйрететін. Ол кезде кішкентай баламын, терең мән бергенім жоқ. Әкем Айдың Үркермен тоғысатынын дүрбімен көрсеткенде жай қызықтайтынмын. Соншалық қатты әсер етпеген де сияқты. Бірақ бала кезде миға кірген нәрсе далаға кетпесе керек. Жасың жер ортаға жақындағанда бұрынғы естігендерің басыңда пісіп, осыны әкеміз неге үйретті екен деп ойлана бастайды екен адам.
Студент кезіміз құр өткен жоқ. Алматыдағы ұлттық кітапханаға жиі барып, мол қазынаны армансыз ақтардық. Ізденем деген адамға кітап көп. Сондайда баяғы әкемнің айтқандары ойыма оралып, ұлттық күнтізбеге қатысты іздене бастағанымда қолыма физика-математика ғылымдарының кандидаты Хасен Әбішев (1902-1981) атамыздың «Халық астрономиясы», «Аспан сыры» деген кітаптары түсті. Соларды оқыған соң барып әкемнің айналысып жүргені түркі халықтарының мұрасы екенін түсіндім. Әкемнен естігендерім мен кітаптан оқығандарымнан қорытқандарымды жүйелей бастадым. Содан «Тоғыс есебін» зерттеу менің өмірлік жұмысыма айналып кеткендей. Оқуды бітірген соң журналист болып жұмыс істегенде де бір ойым сонда болса, қазір Алматы қаласы әкімдігінің бір құрылымында қызмет атқарып жүрсем де соны естен шығарған емеспін. Өйткені әкем соны жайымен түсіндіріп жүріп-ақ миыма сіңіріп кеткен екен.
Әкем қайтыс боларынан аз уақыт бұрын мені шақырып алып, осы істі аманаттап кеткен еді. Сонда өмірінің соңғы күндерінде сөйлеуден қалған әкем мәңгілік көз жұмарынан алты сағаттай бұрын (ол кезде, әрине білген жоқпыз ғой) кенеттен тілі ашылып маған: «Балам, балаларымның ішіндегі оқыған-тоқығаны сенсің. Әулетімізде ешкім қызықпады мына кәсіпке. Сенің жазғандарыңды оқып жүрмін. Бұл – сонау Сатыбалды бабамыздан келе жатқан мұра, осыны сен ғылыми жүйеге түсіріп жазып, әлемге танытуға талпын. Мұны ақша үшін, басқа үшін істеме, сауап үшін істе. Халық мұны ұмытып кеткен, енді мүлде жойылып кетпеуі керек. Осы саған аманат» деген еді. Содан зерттей келе ақыры толық түсіндім ғой. Әрине, сонша уақыт арнап жүйелеу де оңай болған жоқ. Біреулер күлер бәлкім, сонша отыз жыл уақыт кетіретіндей несі бар деп. Әкемнің жас кезімде айтқандары мен кітаптардан оқығандарымды талдап, сараптап, соны мына Еуропаның ғалымдарына түсінетіндей дәрежеге жеткізіп бергеннен кейін олар оны әрі қарай іліп кетті. Сөйтіп қазір нәтижесін күтіп отырған жайым бар. Бірақ әзірше қазақ түгілі күллі түркі елінен «тоғыс есебіне» қандайда бір қызығушылық көріп отырғам жоқ. Ал мына Еуропаның ғалымдарына қызығам, олар ғылым десе ішкен асын жерге қояды. Оларда ғылымның дамуы да сондықтан. Мәселен, таяуда маған анау ғарыш агенттігі − НАСА-да жұмыс істейтін АҚШ-тың бір ғалымы хат жазды. Мен ағылшын тілінде шыққан мақалаларымды кітапқа айналдырғам. Соны оқыған екен. «Мен де аспан денелерін зерттеймін. Бірақ кейбір зерттеулеріме негіз таба алмай жүр едім, сіздің зерттеулеріңіздің ішінде көшпенділер (олар қазақ, өзбек не түркілер демей номад дей салады ғой) қолданған бір цикл бар екен, соны өзімнің бағытыма негіз қылып алғым келеді, соған рұқсат етесіз бе?» деп жазыпты. Бұл – әрине, мен үшін қуанышты жағдай. Ешкім қызықпай жатқан қазақтың бір дүниесіне кезінде Илон Масктың ғарышты игеру бағдарламасында жұмыс істеген мықты ғалым қолқа салып жатса жақсы емес пе?! Өзі де таңғалып отыр. «Көшпенділердің осындай жүйесі бар, соны пайдаланамын деп ойламаппын. Таңғаларлығы, сіз ұсынып отырған жүйе менің ғылыми бағытыма сәйкес келіп тұр» дейді.
− Кеңестік кезеңде, дәлірек айтсақ ХХ ғасырдың екінші жартысына қарай қазақ авторларының күнтізбе туралы алғашқы зерттеу еңбектері шыға бастағаны белгілі. Олардың маңызы қандай еді?
− Кеңестік кезеңде жалпыұлттық құндылықтар жөнінде айтуға, зерттеуге кедергілер көп болды, тіпті кейбір нәрселерге ашық түрде тыйым салынғаны белгілі. Халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты жөн-жобаларға «ескіліктің қалдығы» деп қарайтын қытымыр заманда өмір сүрдік. Дегенмен кейбір жағдайларға байланысты мемлекеттік идеология халыққа кеңшілік беруге мәжбүр болған жайлар бар. Мәселен, осыдан тура алпыс жыл бұрын − 1961 жылы қазақ жеріне салынған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған жер серігімен адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин көкке самғағаннан кейін халықта «ғарышта не бар?», «ол жаққа адам неге ұшып жатыр?» деген сияқты сұрақтар көбейіп, білмекке деген ынта күшейген ғой. Сол үшін бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жасап отырған орталықтың жауапты тұлғалары халыққа ғарыш туралы жалпылама болса да білім беруге шешім қабылдаған. Сол кезде ҚазПИ-де оқытушы болып істейтін Хасен Әбішов деген ғалым кісіге кітап жазуға тапсырма берілген көрінеді. Ол кісі 1957 жылы аспанға алғашқы жасанды серіктер ұшырыла бастағаннан ғарыш саласына қызығып, іздене бастаған ғой. Сөйтіп 1959 жылы алғашқы кітабы шыққан («Халық астрономиясы»). Міне осы кітапта алғаш рет «Тоғыс есебі» туралы айтылады. Тым көп емес, бір жарым беттей ғана. Қазір ол кітаптың Ұлттық кітапханада бір-ақ данасы бар. Көп оқылғаны сондай, жұлым-жұлымы шыққан. Мен де оны қолыма алып оқып шыққам. Міне осы кітап қазақтың есінен шығып бара жатқан көп нәрсені қайта тірілтуге себеп болды. Осы кітапты оқыған соң біраз адамдар қазақша «Тоғыс есебімен» жыл санауды, мүшел қайыруды естеріне түсірді. Содан бұл салаға деген халықтың ықыласын білген Х.Әбішев «Аспан сыры» деген кітабын (1962 және 1966 жылдары екі рет шықты) жазып жариялады. Оған халықтың аспан денелеріне байланысты ұғым-түсініктері қамтылған көптеген әңгіме енген. Ол кезде халықтық астрономия жайында көп білетін қариялар көп болған. Кітап авторы сондай көненің көзі секілді ақсақалдармен сөйлесіп, біраз нәрсе жазып алған. Кітабының соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі жоқ, ақпарат беруші 88 қазақтың ғана аты-жөні жазылған. Міне сол адамдардың деректері бойынша елдің жадынан көмескіленіп бара жатқан нәрсе қайта жаңғырып, жоғалып кетуден аман қалды. Қалайда бұған басты себеп ғарышқа алғашқы адамның қазақ жерінен ұшқаны деп санауға болады.
Бұдан бірталай уақыт өткен соң этнограф ғалым Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» (1980 ж. Алматы) атты кітабы жарық көріп, қызықты оқылып, елдің күнтізбе туралы білімін толықтырды. Бірақ бұдан кейінгі кезеңде қазақтың, жалпы түркі халықтарының күнтізбесі туралы әңгіме өрбімей қалды.
− Жер бетінде шығыс әлемінің Хижра, христиан әлемінің Григорян секілді танымал жыл санаулары бар. Түркілердің жыл санауы туралы не айтар едіңіз?
– Жалпы жер бетінде, Орталық Азия, Сібір, Кап тауы жақтағысын − бәрін қосқанда 230 миллионға жуық түркі халықтары өмір сүреді деген дерек бар. Олардың біреулері бір-біріне жақын аймақта өмір сүріп жатса, енді біреулері шашырай қоныстанған. Дегенмен бүгінде түркі елдері құрған «Түркі кеңесі», «Түрксой» секілді жыл сайын бас қосып отыратын ұйымдар бар. Міне, осылар ортақ түркі танымын әлемге паш ететін кейбір құндылықтарға баса мән бере бермейтіні көңілге кірбің ұялатады. Әйтпесе түркілік жыл санау деген ұғымды әлемге танытуға болар еді ғой. Әлем өзіндік дүниетанымы, күнтізбесі, жыл санауы жоқ елдерді мойындай бермейтінін бәрі біледі. Ал бізде көне түркі әліпбиі, түркілік күнтізбе дегенді әлемге алып шығуға соншалық үлкен кедергі де жоқ.
Осы тұста есімізде жүруге тиіс бір әңгімені айта кетейін: осы түркілік жыл санауды әлемдік өркениетке түбінде бір ел кіргізеді. Ол қазақ не түрік, өзбек не қырғыз, әзірбайжан не түркімен болуы мүмкін. Кім кіргізсе де күнтізбе соның атымен аталады, аты тарихта мәңгі қалады. Ол анық. Айталық, католиктердің осы уақытқа дейінгі 266 Папасының ішінде аты ең жиі аталатыны − Григорий. Неге? Өйткені ол бүгінгі Григориан күнтізбесін енгізіп кеткен тұлға. Одан бұрын Юлий күнтізбесін кіргізген Юлий Цезарьдың да императорлар арасында аты жиі аталады. Демек, қазақ мемлекеті де әлем тарихында аты жиі аталуын қаласа түркілік күнтізбені өз халқының, ата-бабаларының мұрасы ретінде әлем назарына ұсынып, іс жүзінде қолданысқа енгізудің амалын табуы керек. Бұл – аса маңызды шаруа. Егер осыны біз қолға алып жүзеге асырсақ, әлемде күнтізбелер туралы айтқанда түркілік күнтізбеге «Қазақ күнтізбесі» деп сілтеме жасауға мәжбүр болады.
– Енді өзіңіз зерттеп, әлемге танытып жүрген түркі өркениетінің «Тоғыс есебі» жыл санауы туралы толығырақ айтсаңыз. Оның жүйесі мен тиімділігі қандай?
− Ең алдымен, атауы жөнінде айтайық. «Тоғыс» − тоғысу, яғни бір аспан денесінің екінші бір аспан денесін көзден тасалап жабуы. Ал қазақтар бұрында күнтізбені «есеп» деген, яғни күндерді есептеу, ай-күндердің есебі. Он үш түрлі фазадағы Айдың Үркерді жылдың 13 не 14 айында «басып өтуі» тоғыс, тоғысу деп аталады. Демек «Тоғыс есебі» деген Ай мен Үркердің тоғысуына негізделіп жасалған жұлдыздық ай-күн күнтізбесінің ерекшелігін танытып тұр.
Тоғыс кезінде Үркердің көзге көрінетін 6-7 жұлдызы Айдың арғы жағында, тасада қалады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өткеннен кейін тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үнемі тоғыса бермейді. Екі тоғыстың аралығында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атайды.
«Тоғыс есебі» күнтізбесінің дүниежүзіне белгілі күнтізбелерден айырмашылығы, бірегейлігі – бұл күнтізбеде жұлдыздық ай (астрономия ғылымы «сидерический (звёздный) месяц» деп атайды) мөлшері қолданылады. Ай мен Үркердің тоғысуына негізделген Тоғыс есебіндегі айдың ұзақтығы − 27,32 тәулік, яғни 27 күн 7 сағат 43 минут болады. Ежелгі уақыттарда бұл мөлшерді 28 күн деп есептеп бір жылда 364 күн болады деп шешкен (28х13=364 күн). Бірақ менің әкем Әлісейіт «Тоғыс есебін» 355-356, 382-383 күн деп жаңа есеп жүйесін жасаған есепші еді. Мен осы есепті зерттеп, әкемнің жаңа есебі дұрыс екеніне көз жеткіздім.
Астрономия ғылымын жетік білмеген ежелгі есепшілер жаздың басында (10 мамыр мен 20 маусым аралығы) Үркер аспан әлемінің екінші жағына (көкжиектен төмен) «батып», Жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күндей көрінбейді деп ойлаған. Ақиқатында Үркер қозғалмайтын жұлдыз шоғыры, сол себепті бұл 40 күн бойында Үркер аспанда тұрады. Бірақ оны Күннің жарық сәулесі бүркеп біздерге көрсетпейді.
Көкек («сәуір» деген атау дұрыс емес) айының орта шамасында Үркерді бір жаңасындағы Айдың жіңішке орағы жауып өткеннен кейін, келесі екі айда Ай «өліара» қалыпта болады. Одан кейінгі айлар – 27, 25, 23, 21, 19, 17, 15, 13, 11, 9, 7, 5, 3 тоғыс айлары деп аталады. Тоғысу үнемі тақ санға келе бермейді, 8, 6, 4 және 2 тоғыс т.с.с. болуы да мүмкін. Бірақ оларды қалыптасқан дәстүр бойынша тақ санға келтіріп 7, 5 тоғыс, 3 тоғыс т.с.с деп айтады. Тоғыс айларын осылай белгілеудің өзі түсінген адамға даналық. Григориан күнтізбесінің жылында 365 немесе 366 күн болса, Тоғыс есебінде 355-356, 382-383 күн болады. Бұл күндер қазіргі еврей, қытай күнтізбелеріндегі секілді есептеледі. Жалғыз айырмашылығы, ол күнтізбелерде әр айда 29-30 күн болса, Тоғыс есебінде 27-28 күндер болады. Тоғыс есебін жүргізу үшін астрономия ғылымын өте жақсы білу керек. Бұл мәселемен шұғылданған сауатты адамдарды ежелде «есепшілер» деп атаған. Есепшілер Айды, Үркерді, Сүмбілені т.б. жұлдыздарды бақылап төл алу, бие байлау, жайлауға көшу, қой қырқу, күйек ағыту т.с.с шаруашылық маусымдарының мерзімдерін бұқара халыққа жариялап отырған. Олардың практикалық ережелері бойынша: «5 тоғыста күйек түседі», «3 тоғыста қой қоздайды» т.с.с.
Тоғыс айын ұтымды қолданудың бірінші шарты – туар ай мен тоғыс айының арасындағы 2,208927306 тәулік немесе 2 күн 5 сағат 0 минут 51,3192 секунд уақыт айырмашылығын әбден түсініп пайдалану. Екінші шарты – әрбір тоғыс айының бірінші күнін Ай мен Үркер «тоғыса» отырып жылжып, жуық түрде орнынан қозғалмайтын Темірқазықтың (ағыл. Polaris, Ursae Minoris, араб. Әл-Қутб әл-Шамалии «жебе, шеге», екінші атауы: Әл-Қаукаб әл-Шамалий «солтүстік білік, ұршық») қарсы бетіне келген кезден бастап есептеу. Үшінші шарты тоғыс айының басы Ай фазасының жұп күніне тура келсе де, оны тек тақ санмен есептеп отыру. Мысалы, 6 күндік фазасын – сәйкес келуіне қарай 5 не 7 тоғыс айы, 12 күндік фазасын – сәйкес келуіне қарай 11 не 13 тоғыс айы т.т. деп есептеу қалыптасқан.
Әлемдік астрономия ғылымы осы уақытқа дейін 29-30 күндік Ай күнтізбесін жасауға болады, ал 27-28 күндік жұлдыздық күнтізбе жасау мүмкін емес деп санаған. Ал көшпелі халықтар кең далада аспанды еркін бақылап өскендіктен Ай мен Үркердің қозғалысындағы заңдылықты жақсы білген. Сөйтіп «Тоғыс есебін» тұрақты жүргізген.
Бұл − жұлдыздар қозғалысына қарап дұрыс күнтізбе жасалмайды деген еуропалықтардың тұжырымын теріске шығарады. Бұл – кәдімгідей Үркер мен Айдың қозғалысына сүйеніп жұмыс істейтін күнтізбе.
− «Тоғыс есебі» күнтізбелік жүйесі бізден басқа қай елдерге белгілі?
− «Тоғыс есебін» бұрын аз ғана түркі елдері білсе, 2018 жылдан бастап әлемнің көптеген еліне танымал бола бастады. 2009-2010 жылдары «Тоғыс есебі» туралы алғаш айтқанымда Англия ғалымы Карл Палмен мен Австралия ғалымы Питер Мейер менің сөзіме сенбей, «мұндай күнтізбені» іс жүзінде жасау мүмкін емес, қателесіп отырсың деген-ді. Сосын мен «екеуіңнің біреуің Қазақстанға келіңдер, мен түсіндірейін» дедім. Еуропаның ғалымдары ғылымды дамытуға үлес қосу үшін ештеңесін аямайды, біздегідей демеуші күтіп, ақша болмаса қалай істеймін деп қол қусырып отыра бермейді. Ұзақ уақыт хат жазысқаннан соң 2018 жылы күзде жасы 60-тан асып кеткен Питер Мейер Алматыға ұшып келді. Негізі ол дүниежүзі жоқ дегенді мен бар деп отырған соң менің пікірімді терістеу үшін ұшып келді. «Көшпелілерде неғылған күнтізбе» деген астамшылықпен мені ақымақ қылып мақала да жазғысы келген де шығар. Сөйтіп үш ай Алматыда болды. Сонда мен әкімшіліктерге, Мәдениет министрлігіне хат жазып, «Біздің ғылымымызды зерттеуге келген мына кісіге кішкене құрмет көрсетіп, жағдай жасайық» деп өтініш айтып, хат жолдадым. Олар «бізде қаражат жоқ» деп жауап қайтарды (ресми жауап хаттары менде сақтаулы). Сосын не істейін, «жазған құлда шаршау жоқ» деп жеке басымның емес, халқымның мұрасы болғасын, соны зерттеймін деп ел асып келген қонақтың жүріп-тұруына қажет қаражатты өзім таптым бірдеңе қып. Үш ай бойғы зерттеу жұмысынан кейін Питер Мейер ақырында өзі таңғалды. «Сенің айтқаның шындық екен, мына күнтізбе мүлтіксіз жұмыс істеп тұр» деді анығына көзі жеткесін. Мен «Тоғыс есебін» қарабайыр қазақи жолмен зерттегем ғой, ал ол физиканың, астрономияның формуласына салып тексергенде жұлдыздық, күнтізбенің уақытты дәл беретінін дәлелдеді. Біз «Тоғыс есебінің» неше мың жыл бұрын пайда болғанын білмейміз ғой, бірақ сонша көне бола тұра ата-бабамыз ойлап тапқан күнтізбенің бүгінгі электрондық есептеулерде дәл шыққанына таңдай қаққан Питер Мейер Алматыдан Еуропадағы Карл Палменге «Қалдарханның айтып жүргені рас екен» деп хат жолдап, мәселені түсіндірді. «Көшпелілердің күнтізбесі мықты екен, тіпті Григориан күнтізбесінен де қолайлы. Дүниежүзіне насихаттауға тұратын дүние» деп «Тоғыс есебі» туралы «Қазақтардың көшпелілер күнтізбесі − қысқаша сипаттама», «Ежелгі қазақ көшпелілерінің күнтізбесі» деген екі ғылыми мақала жазды. Кетерінде «сен осыны зерттемегеніңде ешкімнің көзіне түспей, ұмытылып кететін еді» деп ризашылығын білдіріп кетті.
− Қай күнтізбені алсақ та, уақытты дәл есептеу жөнінен бір кемшілігі табылып тұрады. Содан болар, әлемде әмбебап күнтізбе жасау идеясы көп уақыттан бері күн тәртібінде. Сайлыбай Бекболатов жасаған «Мәңгілік қазақ календары» деген де бар...
− Әрине, күнтізбе жасап енгізу, оның барлық жағынан мүлтіксіз болуы оңай емес. Григориан күнтізбесінің де көзге ұрып тұрған кемшілігі көп. Әр айдағы күн сандарының әртүрлі болуы (28, 29, 30, 31), әр тоқсандағы күн сандарының бірдей болмауы (90, 91, 92 күн), жартыжылдықтағы теңсіздіктер (181, 182, 184 күн), айдағы күндер санының аптаның күндерімен сәйкес келмеуі, әр жаңа жылдың аптаның әртүрлі күнін басталуы, астрономиялық жылдан кешігуі т.б. олқылықтарын бүкіл әлем айтады.
Egemen Qazaqstan газетінде журналист Бекен Қайратұлына берген сұхбатында Сайлыбай ағамыз: «Жаңа күнтізбенің ерекшелігі – жылды 13 айға бөлдім. Бір айда – 28 күн. Жылдық тәулік есебі: 13 × 28 = 364 күн» деп жазыпты. Сайлыбай ағамыз жылды 364 күннен түзе берсек болды, сол күнтізбе болады деп ойлайды. Бірақ кез келген күнтізбе «интеркаляция заңдарына» бағынады. Ал «Мәңгілік қазақ календарынан» ешқандай интеркаляциялық заңдылықты көріп отырғам жоқ. Сол себепті бұл күнтізбені есі дұрыс бірде-бір ел қабылдамайды. Тіпті мың патенті болса да, Сайлыбай ағамызды бұрын ойлап табылған нәрсені өзім ойлап таптым деп иелене алмайды, керісінше, «плагиат жасады» деп сотқа тартуы да мүмкін. Жалпы біздің қазақ журналистикасында жиі кетіп жататын үлкен олқылықтың бірі тақырыпты алдын ала зерттеп алмау дер едім. Егер Бекен бауырымыз ғаламтордан сәл ғана іздеу салса, дәл осы Сайлыбай ағамыз 25 жыл бойы ізденіп жасап шықтым деген «күнтізбесін» 171 жыл бұрын француз философы Огюст Конт (1798-1857) «мен ойлап таптым» дегенін көрер еді. Демек, Бекболатовтың бұл жұмысы еуропалықтарға еліктеп жасалған күнтізбе. Тіпті, бұдан 40 жыл әріде тап осындай «Мәңгілік күнтізбе» идеясы (13 ай × 28 күн = 364) Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» деген кітабында айтылған.
Жалпы, дүниежүзіне ортақ күнтізбе жасау мүмкін емес. Мәселен арабтар қалай қылсаң да «Күн күнтізбесін» пайдаланбайды. Өйткені Құранда «Тәуба» сүресінің 36-аятында ««Расында Алла қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны – он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар» делінген. Міне осы себептен арабтар Ай күнтізбесін ұстанады. Ал еуропалықтар, яғни христиан әлемі «Күн күнтізбесін» қолданады, сондықтан ешқашан «Ай күнтізбесін» қабылдамайды. Қытайлар мен еврейлер «Ай-күн күнтізбесін» пайдаланатындықтан «Ай күнтізбесі» мен «Күн күнтізбесін» ешқашан жеке пайдаланбайды. Ал әлемдік күнтізбелер қатарынан енді орын алмақшы түркілердің төл күнтізбесі «Жұлдыздық күнтізбе» екені белгілі. Сол үшін әлемге ортақ «мәңгілік күнтізбе» деген нәрсе орындалмайтын арман дер едім.
− Сөзіңіздің соңында «Тоғыс есебі» түркілік күнтізбесінің бүгінгі жағдайы мен болашағына қатысты тұжырымыңызды айтсаңыз.
– Ал енді «Тоғыс есебі» күнтізбесінің қазіргі жағдайына келер болсақ, Питер Мейер екеуміз үш ай бойы зерттеп, тұжырымымызды жариялап, кейін арнайы сайтқа орналастырып қойғаннан кейін оны дүниежүзі көріп отырғаны анық. Әлі де зерттелу үстінде болғандықтан, «Тоғыс есебі» жайында пікір айтылып жатқан жоқ. Өйткені дүниежүзінің астрономиялық қоғамы «Тоғыс есебі» сияқты күнтізбенің болуы мүмкін емес деп жазған, ал біз Питер Мейер екеуміз күнтізбенің есебін, кестесін міне деп көрсетіп қойғанбыз.
Мен ағылшын тілінде жазған кейінгі екі-үш мақаламда «Астрономия туралы Еуропаның емес, көшпелілердің ілімі дұрыс» деген сыңайда еуропаның астрономия ғылымына ашық шабуыл жасап отырмын. Әншейінде өре түрегелетін Еуропа ғылымы тым-тырыс жатыр. Тыныштық. Әрине, ақымақ емеспін, айтқан сөзіме жауап беруге тура келетінін білемін. Бірақ оған менің жеткілікті дәлелдерім бар. Оның бәрін бұл арада келтіріп отыру мүмкін емес. 2018 жылы «Тоғыс есебі» деген кітабымды бітіріп, мемлекеттік «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасына ұсынғам. Бірақ тиісті орындар бізге мұндай кітап қажет емес деп, тендерден сызып тастапты.
Одан кейін де жоғары жақтарға хат жазып, ұсыныс айтып көрдім. Тиісті кісілердің назарына түспеді де, ешқандай жауап болған жоқ. Дегенмен қазақ керек етпеген кітапты АҚШ-тың аcademia.edu веб-сайты жариялады (https://independent.academia.edu/KaldarhanKambar). Ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде. Іздеген адам болса тіркеліп, сол жерден оқи алады.
Қалай десек те, дәлдігі өте жоғары бірегей түркі күнтізбесі қазақ жерінде қайта жаңғырып, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі дәуірде әлемге жол алды. Егер мемлекетіміз бір кезде түркінің руникалық жазуын және сонымен жазылған шығармаларды зерттеп, үлкен табысқа жеткенін ескерсек, онда ата-бабамыздан жеткен асыл мұрамыз − «Тоғыс есебі» күнтізбесін де солай жарыққа шығарып, оны әлемге «Қазақ күнтізбесі» ретінде танытып мойындата алатынына сенімім мол.
− Әңгімеңізге рақмет! Төл күнтізбеміз төрімізде тұратын күнге жеткізсін!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ