Келешегі кемел факультет
Келешегі кемел факультет
Кеңес үкіметі кезінде елімізде бір ғана оқу орнында – С.М.Киров атындағы (қазір Әл-Фараби атында) Қазақ мемлекеттік университетінде ғана журналистика факультеті бар еді. Кейіннен тәуелсіздік жылдарында көптеген оқу ордалары БАҚ мамандарын даярлауды қолға ала бастады. Өйткені сала мамандарына сұраныс жоғары екенін және болашақ журналистер әзірлеу арқылы БАҚ-пен байланыс күшейетінін, ол өз кезегінде ЖОО танымалдығын арттыруға, беделін өсіруге мұрындық болатынын түсінді. Содан қаптаған журналистика кафедралары мен бөлімдерін ашу жарысы басталды да кетті. Атамыз қазақта «Жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер» деген нақыл бар, сол жарыста оза шапқан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың" дәл өзі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дер едік.
Заман беталысын дөп басып таныған білім ордасы қысқа мерзімнің ішінде "Журналистика" кафедрасын ұлғайту нәтижесінде сала бойынша Қазақстанда екінші факультетті ашып, әлемдік бәсекеге қабілетті орталықтың тұсауын кескенін айрықша атап өтуге тиістіміз. Одан бері көзді ашып-жұмғандай он бір жыл өте шығыпты. Он бір жасқа жақында толған факультет адам айтса, сенгісіз асулардан асып, биік белестерді бағындырып үлгерді. Бәрін тізіп айтпай-ақ, бір жетістігін айрықша атасақ та оған көз жеткізе аламыз. Саланы басқаратын республикалық оқу-әдістемелік кеңес деген болады. Ол қай жоғары оқу орнының сала мамандарын дайындауда жемісі мол, жауапкершілігі зор болса, соның басқаруына сеніп тапсырылады. Биыл төртінші жыл "Журналистика және ақпарат" білім бағыты бойынша сол мәртебелі кеңес тізгіні ЕҰУ басшылығында. Әрине, бұл жерде астана факторын да жоққа шығара алмаймыз. Барлық республикалық БАҚ елордада шоғырланғаны ықпал еткені даусыз. Сонымен бірге Журналистика және саясаттану факультетінің бедел, абыройы да өз әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі таңда факультетімізде жоғары білікті мамандар жастарға журналистика, саясаттану, баспа ісі, қоғаммен байланыс, цифрлы медианы басқару білім бағдарламалары бойынша терең білім беруде. Соның нақты нәтижесі болар, осы факультеттен білім алған түлектер бүгінгі таңда Қазақстанның басты баспасөз және теле-радиоарналары мен медиакомпанияларында, түрлі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, кәсіпорындар мен бизнес саласында жемісті жұмыс етуде. Олардың саны жүздеп саналады. Аттарын атап, түстерін түстеп жатпасақ та, олардың кімдер екенін ел жақсы біледі. Журналистика және саясаттану факультеті 2010 жылдың 5 мамырында университеттің Ғылыми кеңесі шешімі негізінде ашылған болатын.
Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері, белгілі алаштанушы ғалым, ЕҰУ профессоры Сақ Қайрат Өмірбайұлы басқарып отырған білім ошағында қазір 700-ден астам білім алушы білім нәрімен сусындауда.
Жалпы жұмыс берушілер үшін болашақ түлектің қандай білім бағдарламаларымен қай кафедрада дайындалып жатқаны маңызды. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ та көңіл тоғаяды. Айталық, кезінде ұйымдастырылуына тікелей мұрындық болған қазақтың біртума перзенті Ақселеу Сейдімбек ерекше үлес қосқан Баспасөз және баспа ісі кафедрасы қаламы жүйрік журналистерді шыңдайтын ұстахана десек болады. Мұнда төмендегідей кәнігі мамандар дайындалуда:
- газеттер мен журналдардың тілшілері;
- ақпарат агенттіктері мамандары;
- БАҚ әдеби қызметкерлері;
- БАҚ редакторлары;
- мерзімді басылымдардың техникалық редакторлары;
- жарнама агенттерінің, кітап ісінің менеджерлері.
Мұндай мамандарсыз БАҚ-ты, кітап басып шығару жүйесін көзге елестету мүмкін емес.
Бүгінде нарыққа ауадай қажет мамандық түрлерін дайындап жатқан
Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы жұмысын атап өтпеске болмайды.
Мұнда шыңдалған кафедра түлектері мына бағыттар бойынша жұмыс істей алады:
- теле және радиожүргізушілер;
- бизнес-журналистика;
- БАҚ менеджері;
- продюсер;
- жарнама агенті;
- паблик-рилейшнз;
- компаниялар мен корпорациялардың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ еліміздің саясатын жасайтын саясаттану кафедрасының түлектері мынадай қызметтер атқара алады:
талдаушы;
сарапшы;
кеңесші;
имиджмейкер;
шиеленістанушы;
саяси технолог;
қоғаммен байланыс маманы;
саяси кеңесші;
сыртқы саясат және
халықаралық қатынас маманы;
орта және орта-кәсіптік
оқу орындарының оқытушысы.
Осы жоғарыда аталған мамандардың қай-қайсысы да елімізге ауадай қажет екені талас туғызбайды. Ел экономикасы мен ақпараттық кеңістігінде қат болып отырған мамандардың Журналистика және саясаттану факультетінде білім нәрінен сусындап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі жұмыс берушілердің талабы нақты: өндіріске келген маман алғашқы күннен жұмысті игеріп әкетуі тиіс. «6В02122 - Баспа ісі», «6В03106 – Саясаттану», «6В03204 – Журналистика», «6В03205 – Цифрлық медианы басқару», «6В03206 – Спорт журналистикасы», «6В03214 – Қоғаммен байланыс» білім бағдарламары бойынша дайындалып жатқан мамандарымыз сол талап үдесінен шыға алатындықтан ерекше сұранысқа ие. Бұл енді ұжым жұмысының нақты нәтижесі деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ магистратура, докторантура бойынша факультетте атқарылып жатқан шаруалар ұшан-теңіз. Факультетімізде "8D032-Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағытындағы «6D050400-Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Бұл енді медиакеңістікте жұмыс істеп жүрген мамандар үшін қуанышты хабар. Сонымен қатар Журналистика және саясаттану факультетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Р.Ә.Нұртазинаның төрағалығымен «6D050200-Саясаттану» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істеп тұруы да факультеттің беделін арттыра түсуде. Жоғары оқу орнының ККСОН-ға кіретін журналының болуы - үлкен абырой. Аталған ғылыми басылым факультеттің рейтингісін асқақтата түседі. Осы тұрғыда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Журналистика сериясының университетте шығарылуы - үлкен мәртебе. Журналды мазмұнды, жоғары сұранысқа сай етіп, сапалы шығару және ғылыми ортада танымалдығын арттыру мақсатында қазақстандық, таяу және шалғай шетелдердің сала мамандарына есімдері белгілі, атақты ғалымдардан тұратын салиқалы редакциялық алқа құрылды. Мәселен, АҚШ, Франция, Малайзия, Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан сынды бірнеше мемлекеттер мен еліміздің әр аймақтарындағы әріптестер журналға белсене атсалысуда.
Білікті басшы, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов басқарып отырған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде болашақ мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде студенттерге мамандықтың қыр-сырын үйрету үшін БАҚ басшылары, кәсіби мамандар тартылған. Материалдық–техникалық база заман талабына сай жабдықталған. Факультетте ашылған сандық технологиямен жабдықталған телестудияда кәсіби деңгейдегі хабарлар түсіріп, монтаждауға мүмкіндік бар. Телестудиядағы телекамералар мен жарықтандырғыш құралдары, дыбыс жазу аппаратуралары сапалы телетүсірілімдер жасауға мүмкіндік береді. Бұл болашақ жас мамандардың тележурналистика техникасын жан-жақты меңгеріп, теориялық білімдерінің тәжірибемен ұштала түсуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Факультетте қазақ тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер С. Оразалин атындағы дәрісханада, Қазақстан» және «Хабар» телеарналары арнайы жабдықтап, факультетімізге сыйға тартқан аудиторияларда теорияны тәжірибемен ұштастырған сапалы сабақтар өтеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында бірнеше халықаралық және республикалық деңгейдегі шаралар өткізілді. 2021 жылы 11 мамырда Журналистика және саясаттану факультетінде республикалық қоғамдық-саяси «Aiqyn» газетінің арнайы аудиториясы мен «Медиадизайн» зертханасының ашылу салтанаты өтті. Дәстүрлі «Ең бірінші бақытым...» республикалық студенттер айтысы 2021 жылы 11 мамырда өтті. Дәл сол күні Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС-мен бірлесіп, Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған «Ғасыр радиосы және Ахмет Байтұрсынұлы феномені» атты халықаралық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция ұлттың үнжариясы Қазақ радиосының ғасырлық тарихын зерделеу, радионың табиғаты мен оның қоғамдағы рөліне ғылыми баға беру мен келешек дамуының бағыт-бағдарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды. Саясаттану кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен ZOOM онлайн платформасы арқылы «ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстандағы ашаршылықтың саяси-демографиялық салдары» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында 2021 жылдың көктемінде 2-рет онлайн түрде ұйымдастырылған «Біріккен ұлт жеңеді!» атты бейне роликтердің халықаралық байқауы да сәтті ұйымдастырылып, марапаттауы да онлайн түрде жүзеге асырылды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілген мұндай шаралар факультеттің әлемдік беделін айқындай түскендей.
Журналистика және саясаттану мамандықтары бойынша 3 деңгейлі білім беру жүзеге асырылады. Бұл білім алушылар үшін де қолайлы. Бір жерден осы үш деңгей бойынша білім алып, біліктілігін арттыра алады. Мұның өзі факультеттің абырой-беделін арттыра түсуде.
Түйіндеп айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Журналистика және саясаттану факультеті Қазақстанның білім беру жүйесіндегі ерекше құрылым деп сеніммен айта аламыз. Мұнда құжаттарын тапсырған талапкерлер ешқашан өкінбейтініне бек сенімдеміз. Кейін осындай ірі, беделді оқу ордасында білім алғанын мақтанышпен айта жүрері айдан анық. Біз де факультеттің кеңейіп, мерейі өсе беруіне тілекшіміз. Өйткені бұл факультеттің келешегі зор. Мұнда әлемге әйгілі тұлғалар тәрбиеленіп шығатынына зор сенімдеміз.
Гүлжауһар Болатова,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Журналистика және саясаттану факультеті
деканының орынбасары