Білім саласындағы басшылар қалай іріктеледі? – Министр айтты

Білім саласындағы басшылар қалай іріктеледі? – Министр айтты

Білім саласындағы басшылар қалай іріктеледі? – Министр айтты
ашық дереккөзі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру жүйесіне көшбасшыларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды. «Кез келген саланың серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін басқарушы элитаны үнемі жаңартып отыру қажет екені белгілі. Реформаларды жүзеге асыратын – білікті кадрлар. Сондықтан оңтайлы өзгерістер болуы үшін тәжірибелі және өзіндік жаңа көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өкілдерін тарту қажет. Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті жастарды мемлекетті басқару ісіне тарту мәселесіне көп көңіл бөледі. Мәселен, Жастар кадрлық резервін қалыптастыру, мемлекеттік қызметті реформалау және Мемлекет басшысының басқа да бастамалары қолға алынды. Біз Президенттің саясатын, соның ішінде білім беру жүйесіне жаңа көшбасшыларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастырып келеміз. Жаңа көшбасшылар – өз елін, жерін сүйетін патриоттардан құралған жас ұрпақ. Көбінің халықаралық тәжірибесі бар, олар – кәсіби ортада кеңінен танымал және маман ретінде қалыптасқан тұлғалар. Тағайындалған басшылардың басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасының түлектері және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған болса, енді бір бөлігі Назарбаев Университетінде оқыған немесе жұмыс істеген мамандар. Тек соңғы үш айдың ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Қозыбаев Университеті сияқты жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары болып зор әлеуеті мен мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалды. Бұл ретте адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде жергілікті жерлердегі жағдайды неғұрлым сапалы және толық ескеру үшін біз өңірлерде қызмет атқарып жатқан мамандарды жұмысқа белсенді түрде тартуға тырысамыз. Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосқылары келеді. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстың басы-қасында да осы мамандар жүруі тиіс. Айтпақшы, жаңа көшбасшылар демекші, біздің көздегеніміз – жаңа мамандарды жұмысқа тарта отырып, қызметте жүрген басшыларды толығымен ауыстыру саясатын жүргізу емес. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандық білім мен ғылымның әлеуетін барынша күшейту үшін «жастық пен тәжірибенің үйлесім табуын» қамтамасыз ету. Жаңа көзқарасы бар жас кадрларды жұмысқа қабылдай отырып, тепе-теңдік пен ұрпақтар сабақтастығы сақталатын болады. Министрлік тарапынан іске асырылып жатқан кадрлық саясат туралы қоғамда неғұрлым толық және объективті түсінік қалыптастыру мақсатында алдағы бірнеше аптаның ішінде жаңадан тағайындалған басшылар кішігірім сұхбат береді. Сұхбат барысында жас көшбасшылар басқарып отырған ұйымдарын одан әрі дамыту бойынша жұмыс жоспарын (1), жүзеге асырылатын негізгі реформалар (2), жұмыс жоспарын іске асыру үшін жүйеге тартылатын ресурстар (3) және жаңа басшының тағайындалуынан бастап ұйымның алдағы уақытқа жоспарланған жұмыс нәтижелерімен (4) бөлісетін болады. Сонымен қатар бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін жақын арада біз жаңа жоба бастайтын боламыз. Атап айтсам, «Кадрлық резерв» жобасы. Біз білім және ғылым жүйесінде басшылық лауазымға ұсыну үшін табысты әрі дайындығы мықты үміткерлерді іріктеуді жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша іріктеу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат жеке жарияланады. Бұдан бөлек жақын арада біздің бастамамызбен жүзеге асырылатын директорларды ротациялау институты, оларды тағайындаудың жаңа қағидалары және мұғалімдерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдаудың жаңа жүйесін енгізетін нормалар жүзеге асырыла бастайды. Ойымды қорытындылай келе, Министрлік білім мен ғылым саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту және одан әрі дамыту мәселелеріне басты назар аударатынын атап өткім келеді. Бұл маңызды бағыт біздің алдағы жұмысымызда да басымдыққа ие болатыны сөзсіз», - деді министр.