17 мамыр: атаулы күндер һәм маңызды оқиғалар

17 мамыр: атаулы күндер һәм маңызды оқиғалар

17 мамыр: атаулы күндер һәм маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
1936 жылы 17 мамырда Мәскеуде алғаш рет қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өткізілді. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияда Қазақстанның елшілігін ашу туралы Жарлығы жарық көрді. 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америкаға алғаш рет ресми сапармен барып, соның барысында Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу міндеттемелеріне қол қойды. 1992 жылдың 19 мамырында АҚШ және Қазақстан президенттерінің алғашқы кездесуі өтті. 2007 жылы Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының құрылғанына 60 жыл толуына орай шығарылған естелік пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. Қазақстан пошталық әкімшілігі шығарған көркем маркада ұлттық өрнектер мен ЭСКАТО-ның 60 жылдығын білдіретін арнайы белгі басылған. Бірлік номиналы 25 теңгені құрайтын бұл марканың жалпы таралымы 50 мың дана. 2010 жылы Астанада балалар мен жастар үшін «150» нөміріндегі тәулік бойы жұмыс істейтін тегін ұлттық сенім телефон желісі жұмыс істей бастады. 2011 жылы мемлекеттілікті дамыту мен қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының егемендігін нығайтуға зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдік азаматтарды көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі тағайындалды. 2012 жылы елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай жаңа экспонатпен толықты. Халық композиторы Ақан серінің кесесі жұрт назарына ұсынылды. Ол сол кезге дейін дәрігер Абай Байгенжиннің жеке мұрағатында сақталған. ХХ ғасырдың басында шығарылған фарфор бұйымы осы күнге дейін жақсы сақталған. 2013 жылы «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары ғарыш зымырандарын ұшырылғаннан кейін қоршаған орта объектілерінде зымыран отынының уытты компоненттерін анықтаудың бірегей әдісін жасап, патенттеді. Оны жасауға мүмкіндік берген ғылыми-зерттеу базасы зымырандарды ұшыру мониторингі тікелей жүргізілетін Байқоңыр мен Жезқазғандағы зертханаларды, сондай-ақ мобильді жылжымалы зертханаларды қамтиды. 2017 жылы Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі «Туған жер» бағдарламасының сараптамалық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Сараптамалық кеңес «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани Қазына», «Ақпарат толқыны» секілді төрт бөлімнен тұратын «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдерін қарастырды. 2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Париждегі «Global Gift Foundation» қайырымдылық кешкі асына қатысты. Париждегі қайырымдылық кешіне Димашты Голливуд жұлдызы, америкалық актриса Ева Лонгория шақырған. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік сауда орталығының капсуласын салу рәсімі өтті, оның мақсаты - жұмыс орындарын құру, сауда және инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер жасау. 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясы Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығына арнап ауқымды шара өткізді. Шара барысында Ататүріктің «Жолдау» атты кітабының қазақша нұсқасының тұсаукесері өтті. Мұстафа Кемал Ататүріктің «Жолдау» деген шығармасы – Османлы мемлекетінің ыдырауы, Ататүріктің басшылығымен жүргізілген түрік халқының ұлт-азаттық күресі және Түркия Республикасының жарияланып, қалыптасуына қатысты мәліметтерге аса бай еңбек. Ол сондай-ақ Ататүріктің тәуелсіздік жолындағы күрес философиясынан да мол мағлұмат береді. «Жолдау» алғаш Түркияда 1927 жылы біреуі негізгі мәтін, екіншісі құжаттар ретінде араб әріптерімен екі кітап болып басып шығарылған болатын