Жаңалықтар

Қазақстанның отын нарығына ресейлік компания қосылды

ашық дереккөзі

Қазақстанның отын нарығына ресейлік компания қосылды

Ресейлік "Башнефть" мұнай компаниясы "Башнефть-Азия" ЖШС арқылы Қазақстанның отын рыногына кіріп отыр, деп хабарлады "Башнефтидің" аймақтық сатылымдар жөніндегі вице-президенті Кирилл Кастерин. Оның айтуынша, "Башнефть-Азия" Қазақстанда бизнес саласы бойынша АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркілі бензинді шағын көлемде көтерме бағамен сатуды және Уфадағы мұнай өңдеуші кешеннің дизельдік отынын сатуды көздеп отыр. "Башнефть» компаниясы Қазақстанда 2016 жылдың маусым айының ортасында тіркелген. «Қазіргі уақытта Петропавл мен Қостанай қалаларына отын сатып отырмыз. Қыркүйек айында біз 7 мың тонна мұнай өнімдерін саттық. Қазан айында Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында сату ойымызда бар. Сонымен қатар Қарағанды, Өскемен, Теміртау секілді қалаларды да назарға алып отырмыз», деді К.Кастерин сейсенбіде "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында. Баспасөз мәслихатына қатысқан "Башнефть-Азия" директоры Роман Сёмин атап өткендей,компания жоспарында жылдың соңына дейін Қазақстанның рыноктарында ай сайын отынның кем дегенде 10 мың тоннасын сату болып отыр. 2017 жылы "Башнефть-Азия" жылына кем дегенде жиынтықты түрде алғанда 160 мың тонна сатуды көздеп отыр. "Бүгінгі күнде біз 2017 жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизельдік отынды тасымалдау бағдарламасын пысықтап жатырмыз. Біздің баға саясатымыз бірыңғай, ол сатып алушының санаты мен тасымалданатын мөлшерге байланысты емес. Бәрі үшін баға бірдей», деп атап өтті Р.Сёмин. "Башнефть" өзінің брендін Қазақстан рыноктарына шығару туралы келіссөздер жүргізіп отыр. "Башнефть-Азия" ЖШС-нің құрылтайшылары "Башнефтидің екі еншілес кәсіпорны": "Башнефть-Розница" ААҚ (99%) және "Башнефть-Инвест" ААҚ (1%). "Башнефть" - вертикалды-интеграцияланған ресейлік мұнай компаниясы, РФ-ның 20 аумағы мен әлемде қызметін көрсетеді. Оның үлесіне РФ-да өндірілетін мұнайдың жиынтықты көлемінің 3,7% және өңделген мұнайдың жиынтықты көлемінің 6,8% тиесілі.