Жаңалықтар

Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның ісін Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі бақылауға алды

ашық дереккөзі

Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның ісін Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі бақылауға алды

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваға қатысты істі өз бақылауына алды, деп хабарлайды «Хабар 24». Эльвира Әзимова қайғылы жағдайда қызынан айырылған анаға заңдық тұрғыдан көмек беруге дайын екенін айтты. «Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бірнеше халықаралық құжаттың қатысушысы. Оның үстіне Қазақстан мен Грузия арасында азаматтық және қылмыстық істер бойынша заңдық көмек көрсету туралы бөлек келісім бар. Осындай қылмыс жасалғанда бұл құжат қос елдің прокуратураларына тікелей байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Оның ішінде күдіктілерді қамау, жауап алу үшін бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттке тасымалдау сынды шаралар кіреді», - деді Эльвира Әзімова. Сонымен қатар тағы төрт халықаралық конвенция бар. Бұл адам саудасына қарсы күреске қатысты жеке конвенциялар және оларға қорытынды хаттамалар. Эльвира Әзімованың айтуынша, егер Грузия БҰҰ-ның осы төрт құжатының қатысушысы болса, онда халықаралық құжаттарды осы қылмысты тергеу жүргізу үшін пайдалануға болады. «Екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының бірлесе жедел жұмыс істеуі өте маңызды. Өкінішке қарай, мендегі ақпарат бойынша Әсел Айтпаеваның анасы Қазақстанға келгеннен кейін 6 мамырда тұрғылықты жері бойынша полиция департаментіне осы жағдай бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы өтініш жазды. Бірақ 6 мамырдан бері полиция департаменті тарапынан қандай шаралар қолданылғаны туралы ақпарат әлі жоқ. Сондықтан әрине, мен қыздың анасына көмектесемін. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Журналистердің сұрауына жауап ретінде ведомство тергеуге қатыспайтындығы туралы мәлімдеді. Еске сала кетейік, қазақстандық Әсел Айтпаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Қыз үйдің 8 қабатының терезесінен құлап кеткен. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен Грузияда ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр» дейді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.