Риддердегі өртті сөндірген құтқарушы: Киіміміз өртеніп, каскамыз балқыса да, тоқтамадық

Риддердегі өртті сөндірген құтқарушы: Киіміміз өртеніп, каскамыз балқыса да, тоқтамадық

Риддердегі өртті сөндірген құтқарушы: Киіміміз өртеніп, каскамыз балқыса да, тоқтамадық
ашық дереккөзі
Риддердегі алапат өртті ауыздықтағандардың бірі – №14 өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары Ұлан Нұрмұхамбет. Азаматтық қорғаныс аға лейтенантымен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасып, тілсіз жаумен қалай күрескендерін сұрап көрген екен.
- Өрт 10 мамыр күні түс кезінде Риддер орман шаруашылығында шықты. Негізінен бұл №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қарасты аумақ. Сол бөлімнің құтқарушылары тілсіз жаудың бетін қайтара алмағандықтан бізден көмек сұрады. Сағат 14.30 шамасы. Бөлімдегі жігіттер көлікке мініп, шұғыл аттанды. 15.00-ге қарай өзім де оқиға орнына жеттім. Ол кезде жалын жер үйлерге тарап кеткен. Сосновый бор көшесіндегі отқа оранған 4 үйді көрдім. Жел соғып тұр. Айналаны түгел түтін тұмшалап алған. Есіктерді қағып халыққа «Сыртқа шығыңдар! Өрт келе жатыр!» деп айқайладық. Жігіттерге «жалынды көшенің сол жағына шығармаңдар» деп тапсырма бердім. Өртті ұстап тұру қиынға соқса да бұл міндет сәтті орындалды. Ойлануға уақыт болмады. Тек әрекет. Тілсіз жаумен текетіресте әр секундтың маңызы зор. Өрттің өршуі – қас-қағымда. Әкем орман шаруашылығында орманшы болып жұмыс істейді. Кейіннен жалынның беті қайта бастаған кезде ең әуелі «әкем аман-есен бе екен, бірдеңе болып қалмаса игі еді» деген ой санамда сарнап қоя берді, - дейді құтқарушы.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында алапат өрт болып, 35 үй, 9 ғимаратты жалын шарпыған еді.