Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен телефон арқылы сөйлесті

Ауған тарапының бастамасымен телефон арқылы сөйлескен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ашраф Ғани бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы достас ауған халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі6 – деп хабарлайды akorda.kz.

Президенттер АҚШ пен НАТО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылып жатқан кездегі ахуал жайында пікір алмасты. Елдегі саяси-дипломатиялық жағдайды ауғандықтардың өзін қатыстыра отырып, бейбіт жолмен реттеуден басқа балама жол жоқ екені нақтыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанды терроризмнен және заңсыз есірткі тасымалынан ада, біртұтас, бейбіт, бейтарап ел ретінде қалыптастыру жолында барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ашраф Ғани ауғанішілік диалогты дәйекті түрде қолдағаны және өз еліне нақты гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы ықпалдастық мәселелерін шешуде іскерлік тәсілді қолданудың маңыздылығы жөніндегі пікірімен келісті. Сонымен қатар Ашраф Ғани Ауғанстандағы ахуалды реттеуге жұмылдырылған халықаралық күш-жігерге Қазақстанның белсенді араласуын өте маңызды деп санайды.

Back to top button