Жаңалықтар

Қызғалдақ жұлған Шымкент тұрғынының айыппұлы азайтылды

ашық дереккөзі

Қызғалдақ жұлған Шымкент тұрғынының айыппұлы азайтылды

Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін қызғалдақты жұлған шымкент тұрғынына 9 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Tengrinews.kz тілшісі іс немен аяқталғанын білу үшін Түркістан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қарагөзоваға хабарласқан. Ведомство өкілінің айтуынша, бұл іс әлі аяқталмаған. Қылмыстық іс бойынша материалдар сотқа жолданған, бірақ әлі соттан өтпеген екен. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы ("Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу") бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Салтанат Қарагөзова қызғалдақ жұлған тұрғынға 9 миллион теңге айыппұл салынбайтынын айтады. "Біз жіберген ресми баспасөз релизінде 9 миллион теңге туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ БАҚ-та 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Негізі бір жұлған қызғалдақ үшін 1 458 теңге айыппұл салынады. 2020 жылы осындай қызғалдақтарға қатысты 7 жайт тіркелген. Оның бәрі Бәйдібек ауданында болған. Бір оқиға сотқа жетпей қысқарған, қалған атауы бойынша сот шешімі шықты. Олардың әрқайсынан әр қызғалдақ үшін 1 458 теңге көлемінде өтемақы өндірілді", - деді Қарагөзова. Оның айтуынша, Шымкент тұрғыны биыл Қызыл Кітапқа енген қызғалдақты жұлған бірінші адам емес. Қазір сот осындай үш істі қарап жатыр екен. "Биыл қызғалдақ жұлу бойынша үш жағдай тіркелді. Олар да Бәйдібек ауданында. Онда жалпы он қызғалдақ жұлынған. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл гүлдер Қызыл кітапқа енген, қорғалатын өсімдіктер екені анықталды", - деді ведомство ресми өкілі.