Оралда шашын боятуға барған әйел жансақтау бөліміне түсті

Орал қаласының тұрғыны салонда шашын боятамын деп жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Әйелдің айтуынша, салон қызметкерлері алдын ала тексеріс жасамай, шашын бояған.

«Уральская неделя» басылымының жазуынша, Зульфия Длимбетова 10 мамырда «ZAMA» сұлулық-сауықтыру орталығына шашын боятуға келеді. Салон қызметкері бояудың аллергияға әсерін тексерместен шашын бояуды бастап кеткен.

Жәбірленуші бояуды жаққаннан кейін, араға 20 минут салып шашының қатты қыши бастағанын айтады, бояуды жуып тастауын өтінеді. Алайда Оксана есімді салон қызметкері мұның қалыпты жағдай екенін түсіндіріп, бұл бояумен 15 жыл бойы шаш бояп келе жатқанын алға тартады.

Осыдан кейін Зульфия тұншығып, терісіне бояудың кері әсер етуінің салдарынан Квинке ісігі пайда бола бастайды.

Оның айтуынша, салон жедел жәрдем шақырудан бас тартқан.

«Оксана «жедел жәрдем шақырмаңыз, мен оны өзім қалпына келтіремін» деп айқайлады. Мені шешіндіріп жуындыра бастады», – дейді Зульфия.

Оның сөзіне қарағанда, сол сәтте салон директоры өзінің жеке дәрігерлеріне қоңырау шала бастаған. Дәрігерлер телефон арқылы Зульфияға «Валерьянка» дәрісін беруге кеңес береді.

«ZAMA» салонының қызметкерлері клиенттің аяқ-қолы ұйып бастағанын білгенде ғана жедел жәрдем шақыруға шешім қабылдады.

«Жартылай әлсіз күйде мен оларға қолымның көгеріп бара жатқанын көрсетіп, жедел жәрдем шақыруын өтіндім», – дейді Зульфия Длимбетова.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаны растап, науқас шок күйінде түскенін айтты.

«Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, науқасты жансақтау бөліміне жеткізілді. Аллергиялық реакция. Қазір жағдайы тұрақты, оны терапия бөліміне ауыстырды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.

«ZAMA» сұлулық-сауықтыру орталығында телефонға жауап берген қыз басшылық түсініктеме беруден бас тартқанын айтып, соңында «егер директор қажет деп тапса, өзі хабарласады» деп қосты.

Зульфия Длимбетованың айтуынша, ол полицияға арыз жазып үлгерген, сонымен бірге сотқа талап арызбен жүгінуге ниетті екенін мәлімдеген.

Back to top button