Жаңалықтар

Қуатты қаламгер

ашық дереккөзі

Қуатты қаламгер

«Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі бол­ған жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету – пары­зы­мыз. Осы орайда өмірі көпке үлгі, халқына адал қызмет етіп, айналасына шапағат нұрын шашып жүрген Қуандық Ба­тыров туралы аз-кем әңгіме айтудың реті келіп тұр. Адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына кеңінен сыйлы етіп төрге шығаратын да адал еңбек. Өтеуін еш­кімнен дәметпей-ақ, маңдай теріңді сор­ға­латып жүріп жұ­мыс істесең, атақ пен абы­рой түптің-тү­бінде сені өзі іздеп табады. Осы­лай­ша, адал еңбек етер жанның ба­қыт­тың биігіне көтерілетініне Қуандық Ба­тырұлы­ның өмір жолы анық дәлел. Мұнайлы Атырау алқабында дү­ние есігін ашқан Қуандық­тың бал­дәу­рен балалық шағы, қиялы­на қанат қақ­тыр­ған жасөспірім кезеңі мен есею жылдары бұрынғы Гурьев об­лысының Индер ауда­нына қарасты Ин­дербор қалашығында өтті. Әкесі Батыр Машаев өзінің 86 жылдық ғұ­мырында бейнетті еңбектің дәмін ерте та­тып, өмірдің бағасын бір кісідей ұқ­қан азамат болыпты. Сұрапыл соғыс ке­зінде тылда тынбастан еңбек етіп, ұлы жеңіске жетуге өзіндік үлесін қос­са, кейінгі 45 жыл бойы тоғай қа­рау­шысы болып үздіксіз қызмет атқарған. Зейнетке шыққан тұста, «қойшы тая­ғын баласына ұстатты» демекші, қыз­ме­тін баласына табыстапты. Бүгінде Аты­рау облысының ең көрікті жер­лері­нің бірі саналатын бұл үлкен то­ғай ресми түрде «Батыр тоғайы» деген атауға ие болып отыр. Ал анасы Қа­пи­за Қабдолқызы – 13 баланы дүниеге әке­ліп және екі жетім баланы қоса асы­­рап алып, 15 баланы мәпелеп тәр­бие­леп өсі­ріп, ғасыр жасаған нағыз ба­тыр ана. Сайып келгенде, білімқұмарлығы мен еңбекқорлығы әке қаны, ана сүтімен дары­ған атпал азаматтың бір тамшы суды аң­сап, шөліркеген жо­­лаушыдай жас­тайы­нан білімге ұм­ты­лып, көрсем, білсем деген құмар­лы­ғы артты. Қарапайым отбасынан шық­­қан жас жігіт шетсіз-шексіз саха­ра­дан сонау алыс көкжиектерге көз тік­ті. Көп ұза­май оған мүмкіндік те туып, Алматыдағы Жоғары партия мек­­­тебінің журналистика факульте­тіне жолдама алды, студент атан­ғанда ұзақ күндер мен түндерін ғылым игеру­ге жұмсап, биіктерді еңсеруді мақ­сат тұтты. Тағдыр сөйтіп Қуандық Ба­тырұлы сын­ды азаматқа баға жет­пес қару – сөз қуа­тын өрнектейтін жур­налист мамандығын нәсіп етіп, 40 жыл­дан бері оның өмір жо­лын қазақ жур­налистикасымен тығыз бай­ла­ныстырып отыр. Кешегі жас студенттен бүгінгі аузы дуалы, сөзі уәлі ақылгөй ақ­сақалға ай­налғанға дейінгі ұзақ жолда Қуандық Батыровтың басынан талай оқиғалар, жар­қын белестер өтті. Мәселен, Қ.Батыров Но­во­богат аудан­дық «Нарын таңы» газетінің ре­дак­торы болған уақытта бұл басылым шын мәнінде халықтың үні мен тіліне ай­нал­ды. Көптеген талдау, тағы­лымды ма­­қалалар, сыни көзқарастар сол кезеңнің айқын суреттерін көр­се­тіп, ел өмірінің бар са­ласын қам­тыды. 1993-1997 жылдары Ба­лықшы аудан­дық «Каспий таңы» газетінде бас редактор қызметін атқарып, бірнеше мәрте республикалық жүлделерге ие болды. Осы жылдары «Балықшы» те­леар­насын құрды, ел экономикасының өркендеуіне қа­ламгерлік үлесін қосты. 1997-2005 жыл­дары тәуелсіз «Ар-честь» газетінің бас ре­дак­торы, қазір сол басылымның заң­ды жалғасы Sakhara республикалық газетінің бас редакторы-құрылтайшысы. Респуб­ликалық деңгейдегі бұл газет те Аты­рау ай­­мағындағы, одан тыс рес­пуб­лика өңір­лерін­дегі әлеуметтік-эко­но­микалық оң өз­герістермен қатар қо­ғам­ның көлеңкелі тұстарын да назар­дан тыс қалдырмай жариялай отырып, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға күш салып келеді. Жасампаз журналист қалам­гер­лі­гімен қатар бойына сая­саткерлік және де қоғамдық дарын мен өрелі аза­маттық қасиеттерді бір арнаға сыйғыза да біл­ді. Өмірден көргені, түйгені мол азамат өзін шаруа­шылық саласын басқаруда да, партия қызметі деңгейінде де сынға сал­ды. Атап айтқанда, Новобо­гат аудандық пар­тия комитетінің бөлім меңгерушісі, «Тең­дік» кеңшары дирек­торының орын­ба­сары, Қайыр­шақты ауылдық кеңесінің және ат­қару комитетінің төрағасы, «Теңдік» ай­мақ­тық партия комитетінің хатшысы тә­­­різ­ді қызметтерінде ел игілігі үшін жа­­салған оң қадамдардың иесі атан­ды. Қазақстан Журналистер одағы­ның Атырау филиалын бас­қар­ған ке­зінде көптеген игі істің ұйыт­қысы бола біл­ді. Айталық, атал­ған өңірден шыққан бір­қатар әріп­тестері «Қазақстанның құр­мет­ті журналисі» атағына ие болды. Аты­рау­да Қазақстан Журналистер одағының конгресі өтті, журналистердің кәсіби же­тілуіне арналған бірнеше семинар ұйым­дас­тырылды. Сондай-ақ, «Атырау облысы мә­дениет, спорт және ақпарат қыз­мет­кер­лері жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы қыз­меті ол үшін нағыз ха­лыққа шынайы қызмет көрсетудің кө­ріні­сі іспетті болды. Әрбір кәсіподақ мү­ше­сінің тұрмыстық жағдайы назарда болып, оларға әлеуметтік көмек берілуі, үйдің, жер бөлігін алудың кезегіне тұруы қада­ғаланып, әр­дайым олардың нәти­жесі шығарылып кел­ді. Түптеп келген­де мұның бәрі қолға ал­ған істі тың­ғылықты ұйымдастырудың көр­некті үлгісі болды. Қарапайым қызметкерден қо­ғам қай­раткеріне дейін кө­теріл­ген Аты­рау облысының ардагер азаматы қазір өмірлік бай тәжірибесін туған елінің өсіп-өркен­деуі­не, ру­ха­нияттың дамуына пайдаланып ке­леді. Бар болмысты, бар құбылысты өз кө­­зімен ғана көріп, өз сөзімен ғана жаза алатын қасиетімен Батыров мұнайлы өл­ке­нің экологиясын жақсартудың, Жайық өзенінің өзекті мәселелерінің шешімін табу мақсатында тың ізденіс­терге бастамашы бо­лып жатыр. Соны­мен бірге Досмұхамедов атын­дағы Аты­рау мемлекеттік универси­те­тінің «Құрметті профессоры» ретінде Қуан­дық Батырұлы еліміз үшін еңбек ете­тін жас­тарды тәрбиелеу, дұрыс бағыт­қа салу, бел­сенді азаматтық ұстаным­дарын қалып­тас­тыру, олардың кәсіби біліктілігін арт­тыру жолында атқарып жатқан жұмыстары да айтарлықтай. Осы ретте, Қуандық Батыров­тың жанкешті еңбегі орынды бағасын алу­да. 2001 жылы Қазақстан Пре­зидентінің Ал­ғыс хатын иеленуі, «Мә­дениет қай­рат­кері», «Ақпарат сала­сының үздігі», «Қа­зақ­стан­ның құр­мет­ті журналисі», «Жылдың үз­дік редак­торы», «Индер ауданының құр­мет­ті азаматы» атануы, Т.Амандосов және Г.Толмачев атындағы республикалық сый­лықтардың, шағын және орта бизнес са­ла­сындағы жылдың үздік кә­сіпкері бай­қауы­ның лауреаты болуы, «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, Қа­зақстан Журналистер одағының Ал­тын медалімен, Кәсіподақтар Фе­де­рациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс­белгісімен мара­пат­талуы тәрізді аса мәр­тебелі сый-сия­патқа бөленуі – соның ай­қын бір дә­лелі.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, Республикалық «Бас редакторлар клубының» вице-президенті