Бельгердің бағасы

Бельгердің бағасы

Бельгердің бағасы
ашық дереккөзі
Үмітіңді үкілеген тұңғыш кітабыңның қуанышы жүрегіңді қалай жылытса, ол туралы баспасөз бетінде білдірген алғашқы пікір одан бетер жаныңа ыстық. Қара ормандай қаптаған оқырман түгіл, әдеби ортаға да әлі жөнді та­нылып үлгермеген сенің өнердегі бірінші қадамыңа сәт-сапар тілеген жалғыз ауыз сөздің өзі шалқар шабыт сыйлап, күдігіңнің бұлтын сейілтіп, алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, балапан сезіміңе қанат бітіреді емес пе? Тұсауы жаңа ғана кесіліп, әдебиет табалдырығынан именіп аттаған талапкердің өз шығар­ма­шылығы жөнінде жазылған мақаланы оқыған кезде қалай тебіреніп, тәтті әсер­дің құшағында балқып, қандай күйге түсетінін тәпіштеп бермесем де түсінетін шы­ғарсыз. Жиырма жыл бұрын дәл осындай тілмен айтып жеткізуге болмайтын ға­нибет сезімді басымнан кешкенім әлі күнге дейін есімде. Иә, иә, сол жылы Алла жарылқап, әде­биет әле­міне қарай алғашқы қадамын ба­сып, ба­ла­пан сезімдеріне қанат бітіп енді та­ныла бас­таған менің бір топ замандас­та­рым­­ның тұң­ғыш кітаптары жарық көрді. Вице-премьер қызметіне тағайындалған Иман­ғали Тасмағамбетовтің мұрындық болуы­мен, мемлекеттік тапсырыспен, «Отырар» кі­тап­ханасы сериясымен шығып, оқырманға жол тартқан жүздеген кітаптың ішінде менің де «Ақ жауын» атты сын мақалалар жинағым бар-тын. Тоқсаныншы жылдардың сең соқ­қан­дай сергелдеңге түсірген экономикалық дағ­дарыс­тарын еліміз енді-енді еңсеріп, айылын жия бастаған өліарада шыққан тұңғыш кітап­тарымыз жүрегімізге әдемі сенім ұялатып, сө­ніп бара жатқан үмітіміздің шоғын үрлегендей бол­ған. Кітабымыз қолымызға тиген соң бұ­рын­ғыдай емес, өзімізді әжептәуір ақын, жазу­шы, сыншы сезініп, шығармаларымызды та­лант­ты ағаларымызға сыйлап, қуанышымыз қой­нымызға сыймай, мәз-мәйрам болып жат­тық. Ашық айтпасақ та, бәріміздің де көңі­лі­міз жарыққа ұмтылған көбелектей алып-ұшып, әдеби ортаның бір ауыз лебізін асыға күттік. Сөз патшалығында дені дұрыс пікір есту жа­ғынан көбінесе талантты ақындар­дың асығы алшысынан түсіп, жолы болғыш келеді. Оның үстіне ақындар дегеніміз өлеңде кеткен кемшіліктен де ерекшелік тауып, бір-бірінің арқасынан қағып, мақтамаса тұра ал­майтын ақкөңіл халық қой, тәйірі. Тірліктерін адам түсініп болмайтын оларды зымияндар мен залымдар санайтындардың пікірімен тү­бегейлі келіспеймін. Бүгін таңертең сөзде­рі­нен от шығып, керісіп қалып, кешке түк болма­ған­дай табысып, туған бауырындай құшақтасып жат­қан бір қауым ел көрсеңіз, ол – ақындар. Жүз жерден данышпан болсақ та мінездері жын соққан перідей алақұйын, көңілдері бей­күнә періштедей пәк пәтшағарларды түсінбей-ақ өтетін шығармыз, мына жалғаннан. Поэзия жүйріктерімен салыстырғанда прозада бағын сынағандардың жазу­шы ретінде танылуы әлдеқайда қиын. Шабыты тасып, көңілі теңіздей толқып тұрған шақта та­лантты шайырлар өлеңді төгіп-төгіп тас­тай­ды да, бір ай бойы әлемді шайқап, жал­ған­ды жалпағынан басып, дүниеге сыймай шалқып жүреді. Прозаиктерде бәрі керісінше. Нәшіне келтіріп, қиюын келістіріп, бір әдемі әңгімені соңына дейін жеткізу үшін кем дегенде бір апта немесе тіпті, бір ай бойы азапқа түсіп, маң­дай теріңді төгесің. Ал, ақ парақтың бетіне түс­пес бұрын көңіліңді алаңдатқан көркем ой­дың қазан миыңда қорғасындай қорыты­лып, қалыпқа түсіп, құйылып шығуы үшін қаншама уақыт керек екенін сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын. Жылдар бойы жинақ­талған тәжірибенің жоқтығынан жазушы қия­лынан туған алғашқы әңгімелердің жо­ныл­май қалған тұстары мен сүрленбей кеткен жақ­тары болмай тұрмайды. Ойлы оқырман­ның қырағы жанары ондай кемшілікті алыс­тан шалады. Әдебиетшілер – екібастан. Сыншының жолы бәрінен де қиын. Шығармашылық сан қатпарлы, мың қа­бат­ты күрделі әлем. Шебердің қолымен қа­лан­ған көркем туындының жақсы жазылға­нын жұрттың бәрі де байқауы бек мүмкін, бі­рақ оның «несі керемет?», «көркемдік ерек­ше­лігі қандай?», «жаңалығы не?» екенін түсіндіріп, жі­лігін шағып талдап беру екінің бірінің қо­лынан келмейтін машақаты мол шаруа. Жұрт сыншының сөзін ақиқат ретінде қабылдайды. Қа­телігін кешірмейді. Жазатайым сүрініп кет­се табалайды. Сын жазу – зор жауапкершілік. Талант­тың қолынан шыққан, шебер жазылған шығарманың қандай болатыны туралы алдын ала жазылып қойылған дайын рецептісі жоқ, оны бағалау үшін терең таным мен білімнен бө­лек, қайрат та керек, батылдық та, нұрлы жү­рек те қажет. Әсіресе, шығармашылық орта­да дарындыларды мойындайтындардан гөрі, оларды көре алмай, аяғынан шалып, орға итер­гісі келіп тұратындардың қарасы әлде­қай­да көп. Бұл – бір. Екіншіден сыншының жылы сөз естіген заманын өз басым көрген емеспін. Күні ке­ше­гі совет дәуірінде де сынға көңілі тол­ған­дардың көп болғаны шамалы. Шығармашылық ада­мының сыншыға артатын өкпесі қай за­ман­да да қара қазандай. Байғұстардың тар­татын тауқыметі мен көретін бейнетін ба­ғала­мау – барлық уақытқа тән құбылыс. Жұрттан естімейтін сөздері де жоқ. Баспасөз бетінде бір жақсы өлең немесе әңгіме жарық көрсе, елдің көңілі елең ете қалады. Жүздеген кітапты ақта­рып, көз майын тауысып жазған сыншы­ның еңбегі көбіне еленбейді. Батыр болсаңыз, баты­лыңыз жетіп «Бізде проза немесе поэзия жоқ» деген тентек пікірді айтып көріңізші, жағ­дайыңыздың нешік болатынын көрейін. Ал, «бізде сын жоқ» деген кесімді жазаны белгілеу әдебиетіміздегі қалыпты үрдіске айналғанына қай заман. Жағдайлары жетісіп тұрмаса да, өздеріне қарсы қарша бораған әділетсіз пікір­лерге жігері жасымай «әдебиет – ардың ісі» еке­нін дәлелдеумен келе жатқан бір қауым бол­са, ол – сыншылар. Міне, сондықтан жарық көрген еңбегім сын кітабы болғандықтан және онда жастыққа тән максимализмнің желігімен та­лай адам ауыр қабылдайтын ой-пікірлер ай­тылғандықтан ешкімнен де жақсы пікір күт­педім. Кітабым шыққан кездегі қуанышымның қызуы басыла бастаған күндердің бірінде ме­нің сын-мақалалар жинағыма ал­ғысөз жазып, сәт-сапар тілеген, өнердегі ұста­зым, һәм қам­қоршым Зейнолла Серікқалиев ағам ой­лама­ған жерден хабарласты. Телефон арқылы азды-кем амандық-саулық сұрасқан соң ол: «Сенің кітабың туралы «Книголюб» га­зетіне шыққан орыс тілінде жазылған мақа­ланы оқыдың ба?» деп күтпеген сұрақ қойды. Аң-таң қалып, оқымағанымды мойындадым. Зекең болса: «Газетті тауып алып, міндетті түрде оқып шық. Өте сауатты жазылған дүние. Кіта­быңа ғана емес, шығармашылығыңды да жан-жақты талдап, жоғары баға беріпті», – деп одан бетер менің қызығушылығымды арттыра түсті. Ертеңіне бүкіл Алматыны табанымнан таусылып шарлап «Книголюб» газетін көк базардың жанындағы дүңгіршектердің бірінен әзер таптым. «Первая книга критика» деп аталатын газеттің тұтас бетін алған көлем­ді мақала расында да жақсы жазылыпты. Автор­дың менің творчествомды ғана емес, жал­пы қазақтың әдеби әлемінің қазанында қайнап жатқан дүниелердің бәрін де назардан тыс қалдырмай, оқып жүретіні жазу мәнері­нен-ақ байқалып тұрды. Бір өкініштісі, басы­лымда мақала авторының аты-жөні көр­сетіл­мепті. Кімнің жазған дүниесі екенін біл­гім келіп газет редакциясына сан мәрте телефон шалғаныммен, ешкім жауап бермеді. Көңілім толқып, ойым сан саққа жүгіріп, ұйқым қашып, түні бойы кірпігім же­лім­денбей қойды. «Орыс оқырмандары ал­дында менің абыройымды асырып, мерейімді өсіріп тастаған жұмбақ жан кім болды екен?» деген жегі сауал таң атқанша жаныма тыныш­тық бермей, мазамды алды. Орыс тілінде жазатын, оның ішінде қазақтың сөз өнерін біледі-ау деген авторлардың бәрін ішімнен тізіп шыққаныммен, кімнің мақаласы екеніне ақылым жетпей, басым қатты. Жауабы табылмаған талай сауалды мез­гіл тасқыны ағызып әкеткенімен, осы бір сұрақ ойымнан кетпей, көңілімнің бір түк­пірінде беріштей бекіп, тастай орнығып жа­тып алды. Құстай ұшқан уақыт заулап, көзді ашып-жұмғанша он жыл да зымырап өте шық­ты. 2008 жылдың желтоқсаны еді. Бір себеп­термен қызмет ауыстырып радиоға жұмысқа тұрдым. Алматының көшелері ақ мамыққа оранған қыстың ортасында сұхбат алу үшін әде­биетіміздің ақсақалы, жазушы Герольд Бель­герге жолығуға тура келді. Сыртынан ғана біліп, баспасөзде жарияланған еңбектерін оқып жүргенім болмаса, кездесетін кейіп­керім­ді жыға танымаймын. Әуелі екеуміз телефонмен сөйлестік. Өте биязы, мәдениеті жоғары, зиялы адам еке­нін сөйлесу мәнерінен аңғардым. Ол сұхбат бе­ретін уақытын белгіледі. Сағат төртке келіс­тік. Кешігіп қалмауымды өтінді. Кешкі бесте Гера­ғаңа тағы да бір тілші сұхбат алуға келеді екен. Үйден ертерек шығып, сағат тілі тура төрт­ті көрсеткенде жазушы пәтерінің түй­медей қоңырауын бастым. Есікті Гер­а­ғаңның өзі ашты. Амандық-саулық сұрасқан соң, әуелі әңгімелесетін тақырыбымыздың но­байын белгілеп алдық. Өмірімде бірінші рет Герағаңнан сұхбат алып отырған мен ол кісінің қандай қи­тұрқы сауалдар қойылса да күлбілтелемей, еш­кімнен тайсақтамай сөйлейтін батылды­ғына, ойын ішінде бүгіп қалмай, ашық айтатын турашылдығына дән риза болдым. Сұхбат алуға Герольд Бельгердің «Кез­бе­нің үйі» (Дом скитальца) романының Германияда жарық көруі түрткі болып еді. Жазушының көркем туындысы маған қатты ұна­ған. Романда кезінде жер аударылып, қу­ғын­далып, тағдыры тәлкекке ұшырап Қазақ­станға келген немістер жайында баяндалады. Кітапта бас кейіпкердің көзімен көрген жағдайлары, басынан кешкен оқиғалары өте әсерлі сипатталыпты. Шығарманы оқи оты­рып, қазақтардың немістерді қабылдауында және олардың біздің халыққа оңай сіңісіп кетуінде табиғи заңдылық бар екенін аңға­расың. Неге дейсіз ғой? Немістер де, қазақтар да неше түрлі азап пен қорлықты басынан өткерген халықтар ғой. Сондықтан езгі мен теперішті көп көрген ұлттарда бір-біріне деген бауырмашылық сезім күшті болады және олар бірін-бірі жақсы түсінеді. Герағаңның қазақ­тың жанын жақсы түсініп, бауыр басып кетуі­нің негізгі себебі осында жатқандай болып кө­рінеді, маған. Әйтпесе, сонау тоқсаныншы жыл­дардың қиыншылығында артына қарай­ла­май Германияға тартып отырса, ешкім де оны кінәламас еді. Табалап, соңынан сөз де айтпас еді. Қаны неміс болғанымен, рухы қа­зақ еді, Герағаңның. Рухынан бас тартуды өлім санады, өзіне. Жазушымен сұхбаттасып отыр­ғанымда осы шындыққа көзімді жеткізгендей бол­ған ойлардың сағымы санамда мұнар­ланды. – 1941 жылы бізді Еділ бойынан Қазақ­стан­­ға, Сібірге жер аударды, – деп бастады ол әң­гімесін. – Ол жерде біздің автономиялық рес­публикамыз болатын. Мен сол респуб­ли­каның астанасы Энгельс қаласында тудым. Жеті жасымда Қазақстанға келіп, содан бері осы елде тұрамын. Шығармадағы негізгі оқиға осы­дан басталады. Ал, 1956 жылы Совет ода­ғын­да тұратын немістер жылымықты сезіп, олар­ға аз да болса бостандық берілді. Оған дейін немістердің барлық жағынан жолы ке­сіліп, құқығы шектеліп, тіпті, оларды жоғарғы оқу орнына қабылдамайтын. Еркін жүруге құқығы жоқ-тын. Мен сол жылымықтың ар­қасында алғашқылардың бірі болып жоғары білім алу бақытын иеленген неміспін. 1954 жылы КазПИ-ге бар-жоғы бес-ақ не­міс оқуға қабылдандық. Бізге дейін ол білім ме­кемесіне бірде-бір неміс түсе алмаған. Ал, кәсіби диплом алғысы келген кейбір немістер аты-жөнін, ұлтын өзгертіп жазуға мәжбүр болған. Менің романым немістердің еркіндік алуы­на рұқсат етілген осы кезеңмен аяқта­лады. Роман Астанадағы «Аударма» баспасынан 2003 жылы жарық көрді. Екі жыл бұрын «Раритет» баспасы романды қайта басты. Біраз уақыт өткеннен кейін Германия­да­ғылар романға қызығушылық танытып, Берлиндегі «Ханц Шиллер» баспасынан неміс тілінде шықты. «Қазақ кітапханасы» деген се­риямен елімізде туған он бес шақты автор кітабының қатарында неміс жерінде менің романым да жарық көрді. Марқұм әкем енді мен Еділге қайт­пай­мын, өз Отаныма оралмаймын, қа­зақтың арасында қаламын деген шешімге тоқ­тап, ақыр соңында қазақ ауылында зәулім ағаш үй салған азамат. Романның оқиғасы да осы бір эпизодты суреттеуден басталады. Шы­ғармадағы кейіпкерлер – аяулы әкем, еңбек армиясында болып, талай қиыншылықты көр­ген – інісі Христиан және Гарри есімді үшін­шісі – өзім. Гарридің көзі арқылы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, бозбала шағындағы қазақ қызына құлай ғашық болған тұңғыш махаббаты т.с.с. бәрі баяндалады. Қазақтармен жақ­сы қарым-қатынасының арқасында алғаш­қылардың бірі болып төлқұжат алған, осы дархан елдің жақсылығын көрген неміс бала­сының тағдыры сипатталады бұл туындыда. Романда ойдан шығарылған оқиға жоқ­тың қасы. Жалпы менің жазушы­лығым­ның бір ерекшелігі кейіпкерлерімнің көпшілігі өмірде болған адамдар. Оларды сол күйінде шығармаларымда сипаттаймын да, тіпті кейбіреулерінің аты-жөндерін де өзгертпеймін. Шығармамда біздің ауылдағы талай кісілердің есімі сол қалпында жүр. Менің бұл туындымды деректі, автобиографиялық роман десеңіз де қателеспейсіз. – Неміс халқы романыңызды қалай қа­былдады? – Ол туралы әзірше хабарым жоқ. Ро­ман­ның тұсаукесері таяуда ғана өтті. Мені неміс­тер Кельнге шақырған. Бірақ денсаулығыма байланысты бара алмадым да, сол жақтағы немістер, таныс жазушыларым, достарым, сосын неміс тіліне аударған Лихтенфейльт дейтін келіншек қатысып, мен туралы жақсы пі­кір айтып, жылы лебіз білдіріпті. Герма­ниядағы елшіміз Нұрлан Оңжанов кітаптың тұсаукесерінің қалай өткенін хабарлап маған хат жазды, ал Әлжанов есімді қазақ маған ар­нап неміс тілінде өлең жазып, оны жұрт ал­дында оқып берді. Баспагердің айтуы бойынша, шығарманың тағдыры дұрыс болатын сыңай­лы. Өйткені онда шындық, немістерге бей­таныс қазақ тірлігі бар. Сондықтан баспагер романның оқылатынына сеніп, таяуда оның екінші басылымын жарыққа шығаруға әрекет етіп жатыр, – деді Герағаң көңіл кесесіне сый­ма­ған қуанышын жасыра алмай, көзі күлімдеп Негізгі жұмысымды аяқтап, сұхбатты алып болғаннан кейін екеуміз уақыт тауып бүгінгі әдебиет, қоғамдағы түрлі оқиғалар, саясаттағы өзгерістер жайында да сөйлестік. Қоштасар кезде Герағаң «Айтпақшы, сен сыншысың ғой. Жаз­ғандарыңды оқып жүремін. Мен де кейде қолым қалт еткенде сын жазамын, әліме қара­май. Біреулерді – сынаймын, біреулерді – мақтаймын. Жақында сол жазғандарым кітап бо­лып шықты. Сол еңбегімді саған сыйлайын. Оқып көрерсің» деп қолтаңбасын жазып, таяу­да жарық көрген сын кітабын берді. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп апта соңында ғана кітапты қолыма алудың мүмкіндігі туды. Үйреншікті әдетіммен алдымен кітаптың маз­мұ­нын қарай бастағанымда он жыл бұрын оқы­ған «Первая книга критика» деген мақала көзі­ме оттай басылды....

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ