Тағзым мен тағылым ордасы

Тағзым мен тағылым ордасы

Тағзым мен тағылым ордасы
ашық дереккөзі
Еліміздегі техникалық жабдықтамасы озық музей­лер­дің бірі – Әскери-тарихи музейі. Ондағы экс­по­зициялар келген туристерді таң-тамаша қалдырады. Өйткені мұнда түрлі дәуірлердің тарихынан сыр шертетін әс­кери жәдігерлер жинақталған. Алғаш 2015 жылғы 1 жел­тоқсанда ашылған музей қазақ халқының батырлық жыл­на­масы. Әскери музейдің өзге музейлерден тағы бір ерек­ше­лігі – кей жәдігерлерді қолмен ұстап көруге де рұқсат етілген.  width= Қазақ халқының жауынгерлік тари­хын, әскери өнерін өскелең ұрпаққа таныту, жастардың патриоттық рухын кө­теру мақсатында құрылған музей 5 қа­бат­тан тұрады. Ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейін­гі қазақ халқының әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, сирек кезде­се­тін экспонаттардың ұзын-саны 7 мыңға же­теді. Шеберлердің ізденімпаздығы мен тың­ғылықты жұмысының нәтижесінде му­зейден әрбір жәдігерге жан біткендей се­зіледі, музейдің ішкі атмосферасы келу­ші­лерді ерекше күйге бөлейді. Музей залын­да­ғы хаттар, құжаттар, әскери қару-жарақ­тар, барлығы Қазақстанның өткені мен бү­гінгі күнге дейінгі тарихын бейнелейді. Бүгінгі таңда музей хронологиялық шең­берге сай 8 көрмелік залға бө­лін­ген, сондай-ақ келушілердің назарына аспан астындағы әскери техника пави­льо­ны ұсынылған. Музей қорындағы 14 мың­нан астам жәдігердің 7 мыңға жуығы осы 8 көр­мелік залдағы экспозицияларда көрсе­тілген. Жаужүрек жауынгерлер ерлігін на­сихаттайтын жәдігерлер жи­нақ­талған алып кешеннің «ХХ ғасырдағы әс­кери тарих» залы Екінші дүниежүзілік со­ғыс тарихынан сыр шертеді. «Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн 200-300 мың қазақстандық қатысты. Бұл со­ғыс еліміздегі әрбір отбасының шаңы­ра­ғын шайқалтып, ортасына түсірді. Со­ғыс­тың жанға салған жарасы ауыр. Атасын, әке­сін, бауырын іздеген қандастарымыз әлі де көп. Қазіргі уақытта көптеген азамат­тары­мыз өздерінің батыр аталарының жеке зат­тары, құжаттары мен медальдарын му­зей қорына өткізіп жатыр. Себебі, сол ба­тырларымыздың жеке заттары халық игі­лігі әрі ол жас ұрпақтың бойына отан­сүй­гіш­тік сезімдерін дәріптеу мақсатында ха­лық назарына ұсынылуі тиіс», – дейді Әс­кери-тарихи музейдің офицер-экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыров. «ХХ ғасырдағы әскери тарих» залында ал­матылық 316-атқыштар дивизиясына тие­сілі экспозиция бар. Бұл дивизияның ко­мандирі И.Панфилов 1941 жылғы 18 қарашада ерлікпен қаза тапты. Кейін бұл дивизия 8-гвардиялық Панфилов диви­зиясы болып қайтадан құрылды. Кеңес әс­керінің тарихында тек екі дивизия ғана өзінің командирінің есімін алған екен. Оның бірі – Чапаев дивизиясы болса, екін­шісі – Панфилов дивизиясы. Музейдегі ерек­ше құнды жәдігерлердің қатарында гене­рал-майор Панфиловтың қалта сағаты мен партиялық билетінің сырты (екеуі де түп­нұсқа) бар. И.Панфиловтың партиялық би­летін оның жеке көлік жүргізушісі соғыс біт­кенше өзімен бірге сақтап жүрген. Кейін со­ғыс аяқталған соң отбасына табыс еткен. Ал отбасы батырдың жеке заттарын халық на­зарына ұсыну үшін әскери музейге өт­кізген. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстаг­қа тіккен туының көшір­ме­сі де осы музейден өз орнын тапқан. Ту­дың көшір­месін Ресейдің Қорғаныс ми­нистрі Сергей Шойгу сол кездегі Қорғаныс ми­нистрі И.Тас­мағамбетовке Мәскеуде өткен сал­та­нат­ты кеште өзі арнайы табыс еткен. Сон­дай-ақ қазақстандық дивизиялар шай­қас­қан майдан алаңдарынан табылған қару-жарақтар мен құжаттар, тағы да басқа жә­ді­герлерді көруге болады. Жалпы 1941 жылғы 22 маусымда фа­шистер Кеңес Одағына баса-көк­теп кірген кезде ең алғашқы соққыны Брест қамалы қабылдаған болатын. Брест қа­ма­лын қорғауға 182 қазақстандық қатыс­қанын тарихтан білеміз. Бұл туралы толық мә­ліметті де осы залдан табуға болады.  width= Сонымен қатар музейге ХХ және ХХІ ғасырда қолданыста болған қару-жа­рақтар қойылған. Екінші Дүниежүзілік со­ғыста қолданылған қарулар ішінде ерек­ше атап өтетін Мосин винтовкасы, (Ә.Мол­дағұлова дәл осындай винтовкамен жауға қарсы тұрған болатын), Максим пулеметі (М.Мәметова осы пулеметпен фашистерге қар­сы тұрған), қазіргі уақытқа тиесілі зы­мы­рандар, миналар, бақылау-барлау құрыл­ғылары бар. Жалпы музей қоры – арнайы тем­пера­туралық, ылғал және жарық деңгейлерді бір қалыпты жағдайда ұстап тұратын орын. Жәдігердің әр түріне бай­ланысты айрықша жағдай жасалып оты­рады. Барлық киім-кешек арнайы өң­деу­лерден өтіп, сақталады. Сайып келгенде, Қарулы Күштердің Әс­кери-тарихи музейі соғыстың зар­дап-залалын ұғынуға, батыр бабалары­мыз­ды ұлықтауға, тағылымды тарихымыз жай­лы тың мәліметтермен танысуға мүм­кіндік береді.