«Аңсаған сәби»: квотаны неге мамандар емес, тендерлік комиссия бөледі?

Осыдан 43 жыл бұрын 1978 жылғы 25 шілдеде Ұлыбританияда ең алғашқы «құтыдағы» эко-бала Луиза Браун дүниеге келді. Бұл ғылыми жаңалық сәби сүюді аңсаған миллиондаған ерлі-зайыптының арманын орындап, балалы болу бақытын сыйлады.

Экоұрықтандыруға сұраныс әлем бойынша жыл сайын артпаса, ке­міген жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылы әлем бойынша «құтыдан» пайда болған ба­лалардың жалпы саны 20 мыңға жет­пейтін. 2012 жылы олардың саны 5 мил­­лионнан асса, бүгінде 8 мил­лион­нан асып жығылады.
Әлемдік тәжірибе экоұрық­тан­дыру­ға 35-40 жас аралығын­да­ғы әйелдердің жиі жүгінетінін көрсетіп отыр. Тіпті Испания мен Үндістанда 60-70 жасында бала сүйгісі келгендер бо­лыпты. Ал экоұрықтандыруға көп жү­гінетін елдердің бестігіне – Испания, Ре­сей, Германия, Франция мен Ұлыбри­тания кіреді.
Бүгінде әйелдер мен ерлер ара­сын­дағы бедеулік пен белсіздік дүниежүзінде белең алып отыр. Ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауы от­басылық, әлеуметтік шеңберден асып, бү­гінде ұлт дертіне айналып барады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қ.То­қаев былтыр халыққа арнаған Жол­дауында өзекті мәселені шешудің ар­наулы бағдарламасын ұсынды.
«БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көр­ші­лерімізбен салыстырғанда Қазақстан хал­қының өсіміне болжамы көңіл көн­шітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бас­тап «Аңсаған сәби» арнайы бағдар­ла­масын бастауды тапсырамын. ЭКҰ бағ­дарламалары арқылы квота санын же­ті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», – деді Президент Жолдауында.
БҰҰ-ның 2100 жылы әлем хал­қы­ның өсімі қандай болады деген баян­дамасында Қазақстан халқының өсімі тоқтауы мүмкін екені болжанады. Ұйымның орташа болжамы бойынша 2050 жылы халық саны 24 млн адам бо­лады. Пессимистік болжам бойынша ха­лық саны 21,9 млн-ға дейін ғана өсе­ді. Ал оптимистік болжам Қазақстан хал­қының саны 30 жылдан соң 26,1 млн адам болады деп отыр.
Халық саны өсімінің баяу екенін мы­на көрсеткіштен де байқауға бо­лады. Соңғы 10 жылда халықтың ор­та­ша өсімі жылына 1,5 пайыз болған. Мә­селен, 2014 жылы 65 жастан асқан тұр­ғындар 6,8 пайызды құраса, 2018 жыл­дың соңында 7,5 пайызға жетті. 2050 жылы елде 65 жастан асқан егде жас­тағы адамдардың үлесі қазіргі 7,5 пайыз­дан 14,1 пайызға дейін екі есе арта­ды делінген болжамда. Яғни халық са­нының өсімі егде жастағы адамдар­мен толығады, өйткені болашақта туу көр­сеткіші азаяды деген болжам жа­сайды.
Жалпы еліміздегі статистика әр­бір алтыншы отбасы бала­лы бола алмайтынын көрсетіп отыр. Қазақстандықтардың 20 пайызға жуы­ғы ажырасуға бала сүйе алмауы себеп еке­нін айтқан. Жалпы ЭКҰ арқылы ба­лалы болған отбасыларда ажырасу сирейтінін мамандар да айтып жүр. Өйт­кені перзент сүюді көптен арман­да­ған ерлі-зайыптылар бала өмірге кел­ген соң жағымды эмоциялық сезім­дер­ді бастан кешіп, отбасының беріктігі ны­ғая түседі екен.
Осы орайда Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен биылдан бас­тап жүзеге аса бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы әртүрлі себеппен ба­ла сүйе алмай жүрген отбасыларға үл­кен үміт сыйлады. Былтыр ЭКҰ-ға 1000 квота берілген болатын, ал биыл Пре­зидент Қ.Тоқаевтың бастамасымен кво­та саны 7 есе өсіп, 7 000-ға жетті.
Биыл Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі елімізде 9 467 әйел адам бала көтере алмайтындардың тізімінде тұр­ғанын мәлімдеді. Алайда баласы жоқ жұптарды тіркеудің электронды базасы жасалмайынша, олардың қанша екенін нақты біле алмаймыз дейді биология ғы­лымдарының докторы, репродук­толог-эмбриолог Салтанат Байқош­қа­рова. – «Бедеу жұптардың қаншасына ЭКҰ жасауға болатынын да шамамен ғана айтамыз. Бедеулік жанға бататын ауру емес, адамның өміріне қауіп жоқ. Бедеулікпен 100 жасауға болады. Қа­тер­лі ауру болмағандықтан да нақты тір­кеу базасы жоқ. Бедеу жұп біресе жеке мен­шік клиникаға, біресе мемлекеттік емханаға қаралады. Сөйтіп әр жерде тір­кеуде тұрып уақыттан ұтылады. Ор­та­лықтандырылған тіркеу болмайынша қан­ша жұптың бедеу немесе ЭКҰ жа­сауға қабілетті екенін біле алмаймыз», – дейді маман.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойын­ша кезекке тұрғандар арасында тіркеуге қатысты мәселе туындап отыр. ЭКҰ жасалатын жұпты тіркеу ашық түр­де жүргізілмегендіктен, «бармақ бас­ты, көз қыстылыққа», тамыр-та­ныс­тыққа жол беріліп жататын көрінеді. Кей­де тіпті екі баласы бар болған­дық­тан квота бермейміз деп тіркеуден алып тастайтын жайттар да кездеседі екен. Репродуктолог мамандар бұл жағ­дайды заңнамалық реттілікке келтіру керек деп санайды.
Аталған бағдарлама еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында қа­лай жүзеге асырылып жатқаны ту­ралы ECOMED+ бала өрбіту клини­ка­сы­ның негізін қалаған Салтанат Бер­ден­қ­ызы былай дейді:
– «Жобаны жүзеге асыру ақпан айы­­ның соңында басталды. Бағдар­ла­маға барлығы 19 клиника атсалысып жа­тыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың қар­қынды жүріп жатқанын айта кетуі­міз керек. Өзім жетекшілік ететін ECOMED+ орталығының Алматы, Нұр-Сұл­тан, Шымкент, Атырау қаласындағы кли­никалар бірінші жартыжылдықтың жос­парын 80-90 пайызға орындап қой­ды. Алайда бағдарламаның жетілдіретін тұсы да бар. Мысалы, квотаны өңір­лер­ге сала мамандары емес, тендерлік ко­миссия мүшелері бөледі. Бұл пациент­тер­ге қиындық тудырып жатыр. Мә­селен, ерлі-зайыптылар ЭКҰ-ны өзі тұра­тын Атырауда жасатқысы келеді де­лік. Бірақ Атырауға бөлінген квота са­ны аз, ал кезектегілер саны көп. Жер­гілікті жерде квота саны жетпегендер Ал­маты, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалалардың біріне бір айға бару ке­рек. Көп отбасының алысқа баруға жағ­дайы келмейді. Ол үшін Алматы не Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер жал­дай­ды. Оған ішер асы мен дәрі-дәр­мегіне жұм­салатын қаржыны қосыңыз. Одан бөлек жұмыстан сұрануы керек, ақысыз демалысқа шықса жалақысы кесілетіні тағы бар. Мұндай шығынды кез келген отбасының қалтасы көтермейді. Кей ай­мақтарға квотаның аз бөлінуі осын­дай мәселе туындатып отыр. Кли­ни­ка­ны пациент таңдайды деп басында ай­т­ылған сөз іс жүзінде орындалмай отыр. Бірнеше жыл кезекте тұрып кво­таға қолы әрең жеткен жұпты басқа қа­лаға мәжбүрлеп жібергенде нәтиже бол­са жақсы. Нәтиже болмаса ерлі-зайып­ты психологиялық стреске түсе­ді. Келесі жылы квота бұйыра ма, жоқ па, ол да белгісіз. Сондықтан квота көп бө­лінгенімен, осындай себептерге бай­ланысты бағдарлама көп адамға қол­жетімді болмай отыр», – деді маман.
Сондай-ақ бөлінген квота саны жеткілікті болғанымен, оны алу­ға өтініш білдіргендердің 30 пайызы ғана ЭКҰ талаптарына сай келеді екен. Аталған бағдарламаның баршаға бір­дей қолжетімді болмай отыруының та­ғы бір себебі осы. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқ­санда шыққан №272 бұйрығына сәйкес 42 жасқа дейінгі пациенттердің өтініші қара­лады. Содан кейін аналық бездер қоры жеткілікті немесе орташа деңгей­де болуы шарт. Сонда ғана пациенттерге квотаға кезекке тұруға мүмкіндік бері­леді.
Дәрігерлер 35 жасқа дейін тұр­мыс­қа шыққан әйелдер бір жыл ішін­де жүкті бола алмаса, күйеуімен бірге гинеколог, репродуктолог ма­ман­дарға қаралу керегін айтады. Ал 35 жас­тан кейін тұрмысқа шықса, жүкті болу мерзімін алты ай ғана күтуі керек. Жарты жылдың ішінде жүкті болмаса, уақыт созбай мамандарға қаралуы керек. Өйткені жас ұлғайған сайын ұрық саны азайып, сапасы төмендейді. Ба­лалы болуды жылдар бойы күтіп жүр­гендер 40 жаста мүлдем ұрық қал­майтынын түсінуі керек дейді ма­ман­дар. Ал 40 жастан кейін ЭКҰ жасау­дың өзі нәтижесіз болуы мүмкін. ЭКҰ-ны қы­рықтан асқандарға донорлық ұрық­пен жасайды, ал оған ұрынбас үшін ер мен әйел уақытылы отбасын құруға тырысуы керек.
– Әйел заты 30 жасқа толғанға дейін 1-2 балалы болғаны дұрыс, таби­ғат­тың заңы сондай. Бірақ бүгінде әлеу­меттің заңы басқа болып тұр. Қыз­дарымыз оқу, қызмет, мансап қуып, жағ­дай жасаймын деп жүріп кеш тұр­мысқа шығып, әлеуметтік бедеулікке тап болып жатыр. Бүгінде кеш тұрмыс­қа шығу, әке болуды кейінге шегерудің зардабын тартып жатқандар аз емес. Жас ұлғайған сайын балалы болу мүм­кіндігінің де азаятынын ұмытпаған дұрыс, – дейді Салтанат Байқошқарова.
Биыл қаңтар айында басталады деген бағдарлама тендерлік ко­мис­сия отырысының шешіміне байла­ныс­ты кешеуілдеп, ақпан айының соңын­да басталды. Бүгінде бағдарлама ая­сында қанша жұптың өтініш бергені де белгісіз. Осы жылдың нәтижесін тек 2022 жылдың қазан айында білуге бо­лады. Өйткені ЭКҰ ұзақ созылатын ем­деу процесі. Бұрын эмбрионды қа­тыру процесі болмаған кезде ұрық әйел­дің жатырына бір айдың ішінде са­лынатын. Қазір нәтижелілікті көтеру үшін, әйел ағзасын ауыр жағдайларға, асқынуларға жеткізбес үшін эмбрион­дар қатырылады. Соның арқасында нә­тижелілік 1,5-2 есе көтеріледі және ана мен болашақ баланың өміріне қауіп төнбейді.
Сонымен қатар әлемді жайлаған коро­навирус та ЭКҰ саласына кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, қа­ты­рылған эмбрионды вирус жұқтырған­дарға, вакцина алғандарға бірден сал­майды. Аурудан жазылғанша күтеді. Бұл өз кезегінде 1-4 ай уақытқа созылуы мүм­кін. Осыған қарамастан мамандар жо­ба аясында алғашқы жүктілікке қол жет­кізілгенін айтып қуантты.
Жалпы ер мен әйел бедеулігінің не­гізгі себебі – қабыну про­цес­­тері нәтижесінде тапқан аурулар. Әйел­дерде жатыр түтікшелерінің өт­кізу қабілетінің нашарлауы немесе жоқ­тығы, ер адамдарда қабыну про­цес­терінен соң ұрық сапасының төмендеуі, ұрық жүретін жолдардың бітеліп қалуы, жалпы және жыныстық ин­фекциялық ауруларды жұқтыруы ұрық­­тың саны мен сапасын төмен­де­теді. Сонымен қатар суық тигізу, әйел­дердің аборт жасауы да мәселені күр­де­лендіре түседі. ЭКҰ-ға келетіндердің 70 пайыз­дан астамы кезінде аборт жасат­қан, оның соңы қабынуға апарған па­циент­тер. Бұл аталған себептерден бө­лек бедеулікке экологиялық, химия­лық, физикалық факторлар, қатерлі ісіктің көп пайда болуы, қоршаған ор­таның ластануы, радиациялық фонның күшеюі себеп болып отыр. Өйткені туа біткен бедеулік өте сирек кездеседі, бұл жалпы бедеу адамдардың 3-5 пайызы ғана. Қалған 95 пайызында бедеулік қолдан тапқан ауру деп айтуға болады.

Back to top button