Тұғыры берік Түркістан идеясы

Тұғыры берік Түркістан идеясы

Тұғыры берік Түркістан идеясы
ашық дереккөзі
Түркістан деген бір сөздің бойында мыңдаған жыл мен миллиондаған халықтың тарихы тұр. Ол − бір кезде тұтас Еуразия құрлығына әмірін жүргізген империялар мен бүгінгі отыздан аса ұлттың түп негізін еске салатын ұғым.  Көк түріктердің тайпалық одағы құрып, 552-603 жылдарда Азиядағы ең  ірі мемлекет болған  − Түрік қағанаты мен бүгінгі түркі халықтарының, сондай-ақ жер бетіндегі барлық Түркістан атауының арасындағы мағыналық байланыста бірнеше ғасырлық уақыттың табы бар. Түркі, Түркістан атауына қатысты бірер сөз «Түркістан» топониміне қатысты ал­ғашқы жазба дерек 639 жылғы соғды ті­лінде жазылған 25 жолдық қағаз құжатта кө­­рініс тапқан. Ол соғдылықтардың са­мар­қандтық қызды құлдыққа сату туралы жаз­ғаны. Құжат 1969 жылы Тұрпанға жа­қын жерден 628 жылға тиесілі Қытай құ­жат­тарымен бірге табылған. Түркілер елі деген ұғымды білдіретін Түр­кістан сөзі бүгінгі Орталық Азия мем­лекеттерімен бірге Қытайдағы Синьцзян-Ұй­ғыр автономиялы ауданына, Сібірдің оң­түстігіндегі түркітілдес аймағына және Ау­ғанстан мен Иранның солтүстігіне қа­тысты айтылады. ХІХ ғасырдың екінші жар­тысында Түркістан шартты түрде Ба­тыс (Ресей империясы қоластындағы аймақ), Шығыс (Қытайға қарасты жерлер) және Оңтүстік (Ауғанстан мен Иран) деп бір­неше аймаққа бөлініп аталып, Қы­тай­дағы түркілер тұрған аймақ Шығыс Түркістан, Ресей империясы қоластындағы түр­кілер жері Түркістан атауын сақтап тұр­ды. Мәселен, Ресей империясының 1867-1917 жылдар аралығындағы әкімші­лік-территориялық аймағы (құрамына Қытайдың батыс жағындағы Құлжа аймағы мен Орталық Азия жерлері кірген) Түркістан генерал-губернаторлығы деп атал­ды. Сондай-ақ, Түркістан генерал-гу­бернаторының ресми газеті «Тур­кестанские ведомости» деп аталса, оның қосымшасы ретінде шыққан қазақша газетке «Түркістан уәлаятының газеті» атауы берілген. ХХ ғасырдың басында Ресей импе­риясы құлағаннан кейін де саяси тұрғыда Түркістан атауы бірнеше жаңғырды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан генерал-губернаторлығы жойылды. Өл­кедегі барлық билік уақытша үкіметтің, Түркістан комитеті қолына көшті. 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісінен соң, 22 қараша күні Ташкент қаласында өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңес­тер съезі Түркістан өлкесінде Түр­кі­стан Халық Комиссарлары кеңесі құрылды. Бірақ бұл үкіметті құрғандардың қата­рын­да түркітектестер өкілі болмағандықтан жергілікті халық өкілдері наразы болды. Нәтижесінде Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Махмұд Бехбудий, т.б. тұл­ғалардың басшылығымен «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін өткізді. Съезд үш күнге созылып, 1917 жылғы 28 қара­шада Түркістан өлкесін Түркістан ав­тономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан уақытша кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіні жөнінде қаулы қабылдады. Сөйтіп Орталық Азияда алғаш рет түпкі негізін жаңғыртқан Түркістан автономиясы атты мемлекет пайда болды. Алайда жергілікті халықтың өз алдына ел болу идеясын ұнатпаған Кеңес үкіметі 1918 жылы 2 ақпанда қарулы күш қолдану арқылы Түркістан авто­номиясын зорлықпен таратып, оның мүшелерін тұтқынға алды. 1918 жылы Ташкентте 20 сәуір мен 1 ма­мыр аралығында болып өткен кеңес­тердің Бүкілтүркістандық 5-съезінде Түр­кістан кеңестік федеративтік респуб­ли­касы құрылып, «Түркістан Кеңестік Республикасы туралы ереже» бекітілді. Онда «Түркістан Кеңестік Федеративтік рес­публикасы автономиялы түрде бас­қарылып, Ресей Кеңестік Федерациясының орталық үкіметін мойындайды және оның бағытын ұстанады» деп жазылды. Ол 1918 жылғы 30 сәуірден 1924 жылғы 27 қазанға дейін РКФСР құрамындағы автономиялы рес­публика ретінде өмір сүріп, кейін тара­тылды. Содан кейін Орталық Азияда Қазақ, Өз­бек, Түркімен, Қырғыз, Тәжік респуб­ликалары құрылып, КСРО-да Түркістан сөзінің мемлекет атауы ретінде мәртебесі жойылды. Кеңестік кезеңде Түркістан атауын Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тарихи Түркістан қаласы мен Түркістан әс­кери округі ғана сақтап тұрды. КСРО-ның құлауына байланысты 1992 жылғы 30 мау­сымда Түркістан Әскери округі тара­тылды. Ал Қытайдың Шыңжаң өлкесінде құрыл­ған Шығыс Түркістан Республикасы 1944 жылғы 12 қарашадан 1946 жылғы 6 маусымға дейін ғана өмір сүріп, бұл елде де Түркістан атауы мемлекеттік мәрте­бе­сінен біржола айырылды. Бүгінде әлемдік дәрежеде түрік, Түркістан ұғымын ұстап тұрған Осман империясы ыдыраған соң құрылған Түркия Республикасы мен Қазақстандағы ежелгі шаһарлардың бірі − Түркістан қаласы. ХХ ғасырда түркілерді біріктіруге талпыныс Түркілер мен Түркістан ұғымына қа­тыс­ты айтылатын түркішілдік, пантүркизм де­ген сөздер бар. Термин ретінде әртүрлі ай­тылғанымен түпкі мағынасы бір. Түр­кішілдік − аты айтып тұрғандай, түркі ха­лықтарын туыстық, бауырластыққа шақыратын идея. Ал пантуркизм − түркі ха­­лықтарын бірлікке, өзара байланыс­та­рын нығайтуға үндейтін қоғамдық-саяси ағым. Түрікшілдікті, яғни түркі халық­тары­ның саяси, мәдени және этникалық бір­лігі жайындағы идеяларды сипаттау үшін пантуркизм деген термин пайда­ла­нылады. Сөзбе-сөз алғанда, бұл терминдегі "пан" префиксі − грекше "барлығы" дегенді біл­діреді, ал түрік сөзінің мағынасы белгілі. Сонда пантуркизм деп жүргеніміз «барлық түрік бірлігі» деген сөз. Дегенмен пантур­кизмді түріктердің өзге түркітектес ұлт­тар­ға ағалық етіп, өз ырқында ұстағысы келетінін білдіретін жалған ағым дейтіндер де бар. Қалай болғанда да түркі бірлігіне үндейтін идеяның қажеттігін жоққа шы­ғара алмаймыз. Ендеше әр кездегі түр­кішіл­дік қозғалыстары туралы да айта кет­сек артық болмас деп ойлаймыз. Негізінде әлемде пантүркизмнің тууына 1908-1918 жылдарда Осман сұлтан­дығын басқарған «Жас түріктердің» әсері бар деп саналады. Бірақ олар өз еліне конс­титуциялық басқаруды енгізген ұлт­шыл­дық бағыттағы саяси топ болғанымен әлемдегі түркілердің басын қосу идеясына келуге мұршасы болмады. Себебі олар он жыл­дан соң ел билігінен шеттетілді. Түркішілдік идеясының саяси қоз­ға­лысқа айналуына 1880 жылдары Ресей аймағындағы түркі зиялыларының шо­ғыры себеп болды. Демек, түркі халық­тары­ның көпшілігінің тарихи, мәдени және тілдік тамырлары ортақ болғанымен, пантүркистік саяси қозғалыстың өрлеуі ХІХ-ХХ ғасырларға тән құбылыс. Бұл, бір жағынан, ХIV ғасырда пайда болған Панславизм мен ХІХ ғасырда пайда болған Пангерманизм сияқты қозғалыстарға жауап секілді нәрсе еді. ХІХ ғасырдың соңына қарай қарқын алған түркішілдікті насихаттаушылардың көш басында Исмаил Гаспринский (Гас­пыралы) 1851-1914) тұрды. Қырым та­тарынан шыққан интеллектуал тұлға, ағартушы баспагер, саясаткер диссидент, жадитизм мен пантүркизмнің негізін салушы Исмаил Гаспыралы Ресей империя­сында түркі халықтары арасында өте танымал адам болды. Түркішілдік идеясы оның өмірі мен қызметіне, саяси бағытына тығыз байланысты болды. 1879 жылдан бастап Исмаил Гаспринс­кий өзінің жалпы түркі тіліндегі «Файдалы еглеңге» (1879-1880), «Заң» (1881) газет­терінің ашуға бірнеше рет әрекет жасаға­ны­мен оған қол жеткізе алмады. Дегенмен 1883 жылы 10 сәуірде Гаспринскийге бі­рін­ші орыс түркі-славян газеті «Переводчик-Терджиман» шығаруға рұқсат етілді. Ұзақ уақыт бойы бұл Ресейдегі жалғыз түркітілді мер­зімді басылым, ал ХХ ғасырдың басы­нан бастап әлемдегі ең көне мұсылман газе­ті болды. Газет 35 жылға жуық жұмыс іс­те­ді және 1918 жылы 23 ақпанда жа­былды. Ол түркішілдікті «Тілде, пікірде, істе – бір­лік» деген ұранмен шығарған өзінің «Терджиман» газеті арқылы насихаттады. Гаспринскийдің идеяларын Түркияда насихаттауда Түркияда Юсуф Акчурин (1876-1935) белсенділік танытса, ауғандық мұсылман реформаторы Джамаль ад-Дин аль-Афгани (1839-1897), татардың әйгілі ағартушысы, тарихшы Шиһабетдин Маржани (1818-1889), әзірбайжан ұлтынан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы публицист Гасан-бек Зардаби (1837-1907) секілді тұлғалар қолдады және өз елдеріне насихаттады. Қалай десек те, Исмаил Гаспыралының түркішілдік идеяларының насихатталуы ХХ ғасырдың басында Ресей империя­сы­ның отарлық езгінің тауқыметін тартқан түр­кі халықтарының азаттық ойына қоз­ғау салып, азаттыққа ұмтылуына едәуір ықпал етті. Бірінші орыс революциясы кезінде не­гізінен түркі халықтарының өкілдері қа­тыс­қан бүкілресейлік мұсылман съезі 3 рет өткізіліп, түркі халықтарының мүддесін қорғау мақсатында «Ресей мұсылмандары одағы» атты партия құрылды. Уақытша үкімет жағдайында түркі ха­лықтарының саяси әрекеттерін үйлестіріп отыру мақсатында Бүкілресейлік мұсыл­ман­дар кеңесі ұйымдастырылды. Оның жұ­мысына белсене араласқан Алимардан-бек Алекпер оглы Топчибашев, Абдурашид Гумерович Ибрагимов, Садреддин Мақсу­дов секілді қайраткерлер түркішілдіктің ықпалымен түркі халықтарының мүддесін қорғауға еңбек сіңірді. Сондай-ақ, 1917 жылы мамырда Мәс­кеу­де өткен Бүкілресейлік мұсылман съе­зінің шешіміне сәйкес Бүкілресейлік Мұ­сылмандар кеңесі (Шурои ислам) атты қо­ғамдық-саяси ұйым құрылды. (Оның құра­мына Түркістаннан 7, Кавказдан 5, Қырымнан 2, қазақ облыстарынан 5, Литва татар­ларынан 1, ішкі Ресей мұсылмандары­нан 10 адам кірді). Бірақ кеңестік билік орнағаннан кейін түркішілдік реакциялық пиғылдағы ағым ретінде бағаланып, Бү­кілре­сейлік Мұсылмандар кеңесі таратыл­ды. Түрікшілдікті насихаттауға қатысы бар деген азаматтар ашық қуғындалды. Осы­лайша «халықтар теңдігін» насихаттайтын қызылдар өкіметі түркі халықтарының бірлігіне бастайтын қоғамдық ой-пікірді тұншықтырды. Түркі бірлігі идеясы КСРО құлап, қазақ, өз­бек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан ха­лық­тары тәуелсіз мемлекет құрғаннан қай­та жанданды. Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан Рес­публикалары тәуелсіздігін жариялаған бет­те олардың тәуелсіздігін ең алғаш Түр­кия мойындап отырды. Сөйтіп түркі мем­ле­кеттері арасындағы байланыстар жаңа қарқынмен жандана бастады. Қазіргі кезде түркі мемлекеттерінің ба­сын біріктіретін Түрксой (Түркі мәде­ние­тін және өнерін дамыту халықаралық ұйы­мы. 1993 ж. 12 шілдеде Алматыда келі­сім­ге құрылтайшы елдердің өкілдері қол қой­ған), Түркі кеңесі (түркі тілдес мем­ле­кеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Түркі кеңесі 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында құрылған) секілді ұйымдар бар. Бұлар түркітектес мемлекет­тер арасындағы мәдени және экономи­ка­лық ынтымақтастықты арттыруға қызмет етіп келеді. Түркі мемлекеттері азаматтары бір-бірінің еліне визасыз еркін кіріп-шыға алады. Түркінің арасындығы бірлік, ынтымақ­тастық туралы айтқанда кейінгі жылдарда жүз берген кейбір оқиғаларға тоқталмай кетуге болмайды. 2020 жылы Әзірбайжан мен мойындалмаған Арцах Республи­ка­сының арасында соғыс болып, Әзірбайжан мемлекеті 1993 жылдан бері армяндар ықпалында болған Таулы Қарабақ өлкесін қайтарып алды. Бұл соғыста Әзірбайжанға Түркия қару-жарақ беріп, олардың тарихи аумағын өзіне қайта қосып алуға ықпал жасады. Осының арқасында Әзірбайжан мемлекетінің территориялық тұстастығы қалпына келді. Міне осыдан кейін Түркия тарапынан түркі елдері арасында әскери одақ құру мәселесін көтерді. Әрине, әлемде ұлттық тегі, діні жағынан белгілі бір бірік­кен елдер жоқ емес. Сондықтан түркітектес елдер де болашақта түрлі ұйымдар арқылы бір-бірімен ынтымақтастығын арттыра берері сөзсіз. Алайда дәл қазір қандай да бір саяси не әскери одақ аясында бірігудің уақыты жете қоймаған сияқты. Ол үшін алдымен мәдени, экономикалық саладағы қарым-қатынасты күшейте берген дұрыс. Соңғы кезде түркітектестерді жақын­дататын қадамның бірі латын жазуына көшу үдерісі болады деп күткендер көп еді. Бірақ әзірше ол тарапта үлкен жетістіктер көрінбей жатыр. Дегенмен оны жетілдіріп, болашақта түркі халықтарының бір-бірінің жазуын еркін оқып, түсінуге мүм­кіндік жасауымыз қажет. Қазақстанда біртұтас Түркістан идеясы қалай дамып жатыр? Қазақ жерінде ХХ ғасырдың басынан бері түркішілдік идеясы дамып келе жатыр десе болады. Әлемде түгел түркінің ата­жұрты − Ұлы дала мемлекеті Қазақстан Республикасы саналады. Соны осыдан бір ғасыр бұрын-ақ қазақ зиялылары жақсы түсінді. Ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев: Түркістан − екі дүние есігі ғой, Түркістан − ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, − деп түбі бір халықтардың ынтымағын асқақ өлеңнің өзегіне айналдырды. ХХ ғасырдың бас кезіндегі түркішілдік идея­сындағы басты мәселенің бірі − тіл бірлігі, яғни бір тілді ортақ тіл қылып, со­ны бірігудің құралы ету еді. Бұл тұрғыда Исмаил Гаспыралыны қолдайтындардың та­тар тілін ортақ түркі тілі қылу мәселесін ор­таға салғаны белгілі. Міне осы тұста әр­қайсысы өз тілін ұлық тұтатын түр­кілер­дің мәмілеге келуі қиын болғаны бел­гілі. Бұл жөнінде ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ жазуын жасап газет шығарған, терминологияны дамытып әдеби тілді қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы секілді ақын, ғалым-реформатордың маңына топтасқан қазақ оқығандары қазақ тілінің байлығын дәлелдеп, өз тұжырымдарын ұсынған-ды. Түгел түркі тілінің түп негізін сақтаған жә­не түркі жұрты ту көтеріп ел болған жер­де мемлекет құрып отырған қазақ елінің, қазақ тілінің барлық түркітектес­терді бір тудың астына жинай алатын құдіреті барын сол кезде-ақ сезген Мағжан ақын өткендегі өкінішті жайларды қинала еске ала отырып: Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм, Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм, Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм! – қазақ тілінің айбынын асыра жырлады. Бұған қарап отырып түркітектестердің арасында ортақ тіл мәселесін шешуге бір­жақ­ты қарауға болмайтынын сезуге бо­лады. Дегенмен ХХІ ғасырдың техно­логия­сы бұл мәселені шешуді жылдамдатып жатқан секілді. Қазір қазақтың түрік тілін игеруі, сондай-ақ, түрік не өзбектің қазақ тілін үйреніп алуы соншалық қиын нәрсе болудан қалып барады. Түркістан идеясына қайта оралсақ, түгел түркінің өніп-өскен байтақ дала­сын­да айбынды мемлекетке айналып отырған Қазақстан жаңа ғасырда түркілік идеяның қайнар көзіне айналып отыр десе де бо­лады. Қазақстан − бұл «Адамзаттың екінші ұстазы» деп танылған әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің, Египетті билеген атақты Бейбарыс сұлтанның отаны, күллі түркі жұр­тына ортақ, музыканың атасы Қорқыт ата­ның, мұсылман әлеміне аса танымал діни ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің жатқан жері. Демек, түгел түркіге қатысты идея­ларды осында дамытуға мол мүмкіндік бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі жерде Сыр бойын Қорқыт ата мемориалдық кешенін жаңғыртып, Дамаскідегі әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың кесенелеріне жөндеу жұмыс жұмыстарын жүргізіп, Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістан қаласын облыс ор­талығына айналдырып заманға сай дамытуды бастаған қазақ елінің атқарған істері тек бір ұлтқа ғана емес, түгел түркіге ор­тақ атқарылған маңызды істер деуге бо­лады. Қазақстан түркология ғылымы да жақ­сы дамыған. Елордадағы Еуразия ұлтық университетінің алдына түркі халық­тарыны әдебиетінің бастауы − Күлтегін сына жазуы көшірмесінің әкеліп орна­тылуы да түркілік мәдениеттің алтын қай­­­нарын әспеттеуден туған іс. Түркі тарихы мен түркологияға қа­тыс­ты ғылыми көпшілік кітаптардың жа­­зылып жарық көру жөнінен де қазақ елінің қаламгерлері зор табысқа жетті. 1975 жылы жарық көрген Олжас Сүлейменовтің арғы тарихқа үңілуінен туған «АЗиЯ» кіта­бы әлем үшін сенсация болды. Сондай-ақ, ғалымдар Ғұбайдолла Айдаровтың «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1971), Мырзатай Жолдасбековтің «Асыл арналар» (1986), жазушы Қойшығара Салғараұлының «Алтын тамыр», «Көмбе» (1989), Байбота Қошым-Ноғайдың «Тіл ұшындағы тарих» (2003), Тұрсын Жұртбайды «Дулыға» атты кітап­тары, Серібол Қондыбайдың мифо­логияға қатысты еңбектері күллі түркілік дүниетанымға зор пайдасын тигізетін кі­таптарға айналды. Түркілердің әлемдік мәдениетке қос­қан үлесі көп десек, соның көне түркі күн­тізбесі − «Тоғыс есебі» атты күнтізбе. Оны жүйелеп жазып, насихаттап әлемдік күнтізбелер қатарына қосқан қазақ баласы Қалдархан Қамбар. Қазір «Тоғыс есебімен» әлем халқы ағылшын тілінде де таныса алады. Түркі музыкасының ең көнесі – қобыз күй­лері десек, елімізде қобызбен күй тарту, ән-терме айту жақсы дамыған. Кейінгі кезде қобыз музыкасынан туындайтын бақсылық сарындардан жасалған ерекше туындыларды жаңаша формада сахнаға алып шыққан «Тұран», «Хассақ» секілді топ­тарымыздың орындауындағы ән-күйлер көптеген елдерде танымалдыққа ие. Ұзын сөздің қысқасы, барлық салада көптеген жетістіктерге жетіп, заманға сай дамып жатқан бүгінгі Қазақстанда түгел түркіні топтастыратын үлкен идеялар да, атқарылған істер де жетерлік. Демек, Ұлы дала елінің бүгінгі келбетінен біртұтас Түркістан әлемін көруге болады.