Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік
Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік
Мұстафа Өзтүрік есімін білмейтін қазақ жоқ. Таэквондодан қара белбеу иегері. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Өз ұлтын шексіз сүйген оғлан атажұртқа келіп, Қазақстандағы таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаған болатын. Даңқты спортшының ұл-қызы қазір қайда, не істеп жүр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Мюнхен қаласында тұратын спортшының қызы Неслихан Өзтүрік Кеклікке арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Қателеспесем, Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы әкеңіз Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға арнайы шақыртылып, келген едіңіз. Атажұртқа келгендегі әсеріңіз қандай болды?
– Алпыс жылдық мерейтойға дейін елге әкем қайтыс болғанда бірінші рет келген едім. Ол кезде жасым он екіде болса да есімде көп нәрсе қалмапты. Ал екінші рет келгенде алған әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Құдды бір түс көріп жатқандай күй кештім. Себебі бұл сапарға дейін әкемнің Қазақстанда осыншалықты беделге ие екенін білмеппін. Шыны керек, бізді ыстық ықыласпен қарсы алған халықтың әкемді сондай қадірлейтінін, көбісінің әкемді жақсы танитынын көріп қатты қуандым. Тіпті, көзіме жас келіп, жылап та алдым.
– Әкеңіздің атажұртқа деген ықыласы ерекше еді ғой...
– Ол рас. Негізі, әкем көп уақытын Қазақстанда өткізді ғой. Тіпті Мюнхенге арнайы келген кезде де «Қазақстан – біздің атажұртымыз. Біз осы жерден тараймыз. Қазақстанға барып тұруымыз керек. Қайдан келгендеріңді ұмытпаңдар» дегені есімде қалыпты. Ол Қазақстанды өте қатты жақсы көрді. Қазақ екенін мақтан тұтатын. Елге келіп таэквондоны дамыту үшін барын салғанын елде жүрген сіз менен жақсы білерсіз. Әлі есімде, бізді мектепке апарып, сабақ біткен соң үйге алып қайтатын. Сосын ойын алаңқайына апарып ойнататын. Сол кезде көпшілік оның қасына жақындап, амандасып, әңгімелесуге асығатын. Тіпті, үйге арнайы іздеп келіп, оған ризашылығын білдіріп жататын адамдардың қарасы көп болды. Алайда бала кезімде көпшіліктің неліктен әкемді сонша жақсы көретінін түсінбейтінмін. Қазақстанға қандай еңбегі сіңді деп ойлайтынмын. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, Алматыға әкемнің туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға шақыртылғанымда ол кісінің тек біз үшін емес, қазақ халқы үшін ерекше тұлға болғанын жете түсіндім. Алматыда болған жеті күннің ішінде әкемнің құрметіне орай өткен іс-шараларға барып, мүлде бос уақытымыз болмады. Бірінші күні телевизиялық бағдарламаларға қатыссақ, екінші күні журнал-газеттерге сұхбат бердік. Сосын әкеме арнайы қойылған ескерткішке бардық, кейін ол кісінің есімімен аталған көшені араладық. Ізінше әкем ашқан таэквондо мектебіне бардық. Сол кезде қаз-қатар тізілген жас спортшылардың «Мұс-та-фа!» деп ұрандата айқайлағанын естігенде ерекше толқыдым. Сөйтіп, бір аптаның қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық.
– Анаңыз, аға-сіңліңіз қазір Мюнхенде тұрып жатыр ма?
– Иә, біз барлығымыз Мюнхен қаласында тұрамыз. Ағам Нәзірбек бір компанияда архитектор болып қызмет атқарады. Сіңлім Аслыхан патентпен айналысатын агенттікте жұмыс істейді. Нәзірбек әзірше бойдақ, ал сіңлім отбасылы. Мен де тұрмыс құрғанмын, екі балам бар. Өзім туралы сөз етер болсам, кәсіби әншімін. Қазір жеке альбомымды жазып жатырмын. Анам Нүрилә да осында жұмыс істейді. Анамды өте қайсар, төзімді әйел десем қателеспеймін. Себебі үш баламен жалғыз қалу, оларды асырап-бағу оған оңай болмағаны сөзсіз. Анам «Біреуге жамандық ойлама, зұлымдыққа жаның қас болсын» деп әрдайым айтып отырады. Әкемді де аузынан тастамай, қызықты оқиғаларын әңгімелеп жүреді. Мен де балаларыма, жиендеріме ол кісінің қандай тұлға болғанын әрдайым айтып отырамын. Негізі, бала кезімде әкем өзі ашқан мектепке ертіп апарып, таэквондоның қыр-сырын үйреткен болатын. Бірақ бұл спортқа ерекше ден қойып, кәсіби түрде шұғылдана алмадым. Ендігі кезекте алдағы уақытта балаларымды таэквондо секциясына бермек ойым бар.
[caption id="attachment_146347" align="alignnone" width="800"] Неслихан әке қабірінің басында[/caption]
– Ел білетін Мұстафа Өзтүрік сырт көзге сұсты көрінетін. Ал отбасында ол кісінің қандай ерекшеліктері есіңізде қалды?
– Әкем көпшілік арасында қалай сұсты көрінсе, отбасында да солай қатал болды. Ол кісі дастарқан басында отбасымызбен бірге тамақ ішкенімізді қатты қадағалайтын. Бір күні ағам далада балалармен ойнағысы келіп, тамақты сосын ішетінін айтқаны сол еді, әкем «Жоқ, ешқайда бармайсың. Бізбен бірге тамақтанасың. Отбасы болып, бірге тамақтану, бірге осылай отыру – бәрінен маңызды. Адамдардың көбі қазір ішуге тамақ таба алмай жүр, ал сен сол тамақты ысырып қойып, далаға шықпақсың. Барды қанағат ет. Бізбен бірге отыр да, алдыңда ыстық тамақ тұрғанына риза болып, бізбен бірге дұға жаса!» деп айтқаны есімде. Жалпы, әкелік қамқорлығын аямай, бетімізді қақпай өсірді. Мені «Қара қызым, Дудуш, айналайын!» деп атайтын. Кей кезде әкемнің осылай айтатын сөздерін сағынамын. Осы ретте бір айта кетерлік жайт, Мұстафа Өзтүріктің қызы екенімді естіп-білген жұрт мені беделді, ауқатты жан деп ойлайды екен. Мюнхендегі бір досымның әйелі Қазақстанда туып-өскен. Менің сол досыммен түскен суретімді көрген ол «Мына кісі Мұстафа Өзтүріктің қызы ғой. Бұл қыз қарапайым ба, әлде бай, атақты адам ба?» деп сұрапты. Осыны естігенде қатты таңғалдым. Қазақстандағы көпшілік біз туралы осындай ойда болса керек. Бар айтарым, біз қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстік, қазір де ел қатарлы қарапайым өмір сүреміз. Бір жағынан, Мұстафа Өзтүріктің қызы болу зор жауапкершілікті жүктейтінін түсіндім.