Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік

Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік

Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік
ашық дереккөзі
Мұстафа Өзтүрік есімін білмейтін қазақ жоқ. Таэквондодан қара белбеу иегері. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Өз ұлтын шексіз сүйген оғлан атажұртқа келіп, Қазақстандағы таэквондо (WTF) федерациясының негізін қала­ған болатын. Даңқты спортшының ұл-қызы қазір қайда, не істеп жүр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Мюнхен қаласында тұратын спорт­шы­ның қызы Неслихан Өзтүрік Кеклікке арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Қателеспесем, Қазақстанға ал­ғаш рет 2014 жылы әкеңіз Мұс­та­фа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдас­тырыл­­ған іс-шараларға арнайы ша­қыртылып, келген едіңіз.  Атажұртқа келгендегі әсеріңіз қандай болды? – Алпыс жылдық мерейтойға дейін елге әкем қайтыс болғанда бі­рін­ші рет келген едім. Ол кезде жа­сым он екіде болса да есімде көп нәр­се қал­мапты. Ал екінші рет кел­ген­де ал­ған әсерімді сөзбен сипаттап жет­­кізе алмаймын. Құдды бір түс көріп жатқандай күй кештім. Себебі бұл са­парға дейін әкемнің Қазақ­стан­да осын­шалықты беделге ие еке­нін біл­меппін. Шыны керек, бізді ыс­тық ықы­ласпен қарсы алған ха­лықтың әкем­ді сондай қадірлейтінін, кө­бі­сі­нің әкемді жақсы танитынын кө­ріп қат­ты қуандым. Тіпті, көзіме жас ке­ліп, жылап та алдым. – Әкеңіздің атажұртқа деген ықы­ласы ерекше еді ғой... – Ол рас. Негізі, әкем көп уақы­тын Қазақстанда өткізді ғой. Тіпті Мюн­хенге арнайы келген кезде де «Қазақстан – біздің атажұртымыз. Біз осы жерден тараймыз. Қазақ­стан­ға барып тұруымыз керек. Қайдан кел­гендеріңді ұмытпаңдар» дегені есім­де қалыпты. Ол Қазақстанды өте қат­ты жақсы көрді. Қазақ екенін мақ­тан тұтатын. Елге келіп таэк­вон­доны дамыту үшін барын салғанын елде жүрген сіз менен жақсы білерсіз. Әлі есімде, бізді мектепке апарып, сабақ біткен соң үйге алып қайтатын. Сосын ойын алаңқайына апарып ой­нататын. Сол кезде көпшілік оның қа­сына жақындап, амандасып, әң­гі­мелесуге асығатын. Тіпті, үйге ар­найы іздеп келіп, оған ризашы­лы­ғын біл­діріп жататын адамдардың қара­сы көп болды. Алайда бала кезімде көпшіліктің неліктен әкемді сонша жақ­сы көретінін түсінбейтінмін. Қа­зақстанға қандай еңбегі сіңді деп ой­лайтынмын. Бірақ жоғарыда ай­тып өткенімдей, Алматыға әкемнің туға­нына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға ша­қыртылғанымда ол кісінің тек біз үшін емес, қазақ халқы үшін ерекше тұл­ға болғанын жете түсіндім. Ал­ма­тыда болған жеті күннің ішінде әкем­­нің құрметіне орай өткен іс-ша­ра­ларға барып, мүлде бос уақытымыз бол­мады. Бірінші күні телевизиялық бағдарламаларға қатыссақ, екінші күні журнал-газеттерге сұхбат бер­дік. Сосын әкеме арнайы қойылған ескерткішке бардық, кейін ол кісінің есімімен аталған көшені араладық. Ізінше әкем ашқан таэквондо мек­тебіне бардық. Сол кезде қаз-қатар тізілген жас спортшылардың «Мұс-та-фа!» деп ұрандата айқайлағанын естігенде ерекше толқыдым. Сөйтіп, бір аптаның қалай өтіп кеткенін сез­бей қалдық. – Анаңыз, аға-сіңліңіз қазір Мюнхенде тұрып жатыр ма? – Иә, біз барлығымыз Мюнхен қа­ласында тұрамыз. Ағам Нәзірбек бір компанияда архитектор болып қыз­мет атқарады. Сіңлім Аслыхан па­тентпен айналысатын агенттікте жұ­мыс істейді. Нәзірбек әзірше бой­дақ, ал сіңлім отбасылы. Мен де тұр­мыс құрғанмын, екі балам бар. Өзім ту­ралы сөз етер болсам, кәсіби әнші­мін. Қазір жеке альбомымды жазып жатырмын. Анам Нүрилә да осында жұмыс істейді. Анамды өте қайсар, төзімді әйел десем қателеспеймін. Се­бебі үш баламен жалғыз қалу, олар­ды асырап-бағу оған оңай бол­ма­ғаны сөзсіз. Анам «Біреуге жа­ман­дық ойлама, зұлымдыққа жаның қас бол­сын» деп әрдайым айтып оты­ра­ды. Әкемді де аузынан тастамай, қы­зықты оқиғаларын әңгімелеп жүре­ді. Мен де балаларыма, жиен­деріме ол кісінің қандай тұлға болғанын әрдайым айтып отырамын. Негізі, бала кезімде әкем өзі ашқан мектепке ертіп апарып, таэквондо­ның қыр-сырын үйреткен болатын. Бірақ бұл спортқа ерекше ден қойып, кәсіби түрде шұғылдана алмадым. Ендігі кезекте алдағы уақытта бала­ларымды таэквондо секциясына бер­мек ойым бар. [caption id="attachment_146347" align="alignnone" width="800"] width= Бала Неслихан әкесімен бірге[/caption] – Әкеңізге арнап шығарған Little girl деген әніңізді көпке дейін орындай алмай жүрге­ніңіз­ді айтып қалдыңыз. Нелік­тен? – Негізі, бұл әнді шығарғаныма көп уақыт болған, бірақ орындай ал­май жүрдім. Өйткені бұл туын­ды­ны естіген сайын жылай беретінмін. Жалпы, бұл әнді жазып шығуыма әке­ме деген сағыныш түрткі болды. Үне­мі қорғап, қолдап, желеп, жебеп жүр­ген әкемнің бізді жалғыз тастап кет­кеніне көпке дейін сене алмай жүр­дім. Есейіп кетсем де, өлең жол­дарын­­да айтылғандай, «қайтадан кіш­кентай қызың болғым келеді, әке» деп сағынышымды жеткізгім кел­ді. – Әкеңіздің ықпалымен ашыл­ған таэквондо мектеп­тері­нің жұ­мысынан хабарыңыз бар ма? – Мюнхенде мектеп ашқанын бі­­­лемін, бірақ қазір ашық па, жоқ па білмеймін. Әкемді Мюнхенде Қа­зақ­стан мен Түркиядағыдай көп таниды деп айта алмаймын. Ал Стамбұлда ашыл­ған екі мектеп жұмыс істеп тұр. Түр­кияға барған кезде ол мектеп туралы сұрап-біліп отырамын. Негізі, біз жыл сайын әкемнің зиратына барып, құран бағыштап тұратын едік. Коронавирустың кесірінен биыл бара алмай қалдық. Қазір Стам­бұлдағы ата-әжемнің үйінде әкемнің қарындасы тұрады. Әжемнің ай­туын­ша әкемнің тағы үш бауыры бол­ған. Атам мен әжем 1950 жыл­дары талай қиыншылықты бастан өткерген бұқара халықпен бірге Алтайдан Үндістанға, кейін Түр­кияға көшкен кезде жолай үш бала­сы­нан айырылып қалған. [caption id="attachment_146349" align="alignnone" width="800"] width= Неслихан әке қабірінің басында[/caption] – Ел білетін Мұстафа Өзтүрік сырт көзге сұсты көрінетін. Ал от­басында ол кісінің қандай ерек­­­­шеліктері есіңізде қалды? – Әкем көпшілік арасында қалай сұсты көрінсе, отбасында да солай қа­тал болды. Ол кісі дастарқан ба­сын­­да отбасымызбен бірге тамақ іш­кенімізді қатты қадағалайтын. Бір кү­ні ағам далада балалармен ойна­ғысы келіп, тамақты сосын ішетінін айт­қаны сол еді, әкем «Жоқ, ешқайда бар­майсың. Бізбен бірге тамақ­та­на­сың. Отбасы болып, бірге тамақтану, бір­ге осылай отыру – бәрінен маңыз­ды. Адамдардың көбі қазір ішуге та­мақ таба алмай жүр, ал сен сол та­мақ­ты ысырып қойып, далаға шық­пақ­сың. Барды қанағат ет. Бізбен бір­ге отыр да, алдыңда ыстық тамақ тұр­ғанына риза болып, бізбен бірге дұ­ға жаса!» деп айтқаны есімде. Жал­пы, әкелік қамқорлығын аямай, беті­міз­ді қақпай өсірді. Мені «Қара қы­зым, Дудуш, айналайын!» деп атай­тын. Кей кезде әкемнің осылай ай­та­тын сөздерін сағынамын. Осы ретте бір айта кетерлік жайт, Мұстафа Өз­түріктің қызы екенімді естіп-біл­ген жұрт мені беделді, ауқатты жан деп ойлайды екен. Мюнхендегі бір досымның әйелі Қазақстанда туып-өскен. Менің сол досыммен түскен суретімді көрген ол «Мына кісі Мұс­тафа Өзтүріктің қызы ғой. Бұл қыз қарапайым ба, әлде бай, атақты адам ба?» деп сұрапты. Осыны естігенде қат­ты таңғалдым. Қазақстандағы көп­шілік біз туралы осындай ойда бол­са керек. Бар айтарым, біз қара­пайым отбасында тәрбиеленіп өстік, қазір де ел қатарлы қарапайым өмір сүреміз. Бір жағынан, Мұстафа Өз­түріктің қызы болу зор жауапкер­ші­лікті жүктейтінін түсіндім.  width= – Ағылшын, неміс тілімен қа­тар, қазақ тілінде де ән айтады екен­­сіз... – Иә, «Жапырағын жайған бәй­те­рек...» деп басталатын «Әке арма­ны» деген керемет әнді орындаған­мын. Жалпы, біз отбасымызбен бірге қаз­ақ әндерін тыңдағанды жақсы кө­реміз. Бала кезімізден домбыра үнін тыңдап өстік. Әкемнің досы дом­бырада ойнайтын. Сол кезде әкем мені тізесіне отырғызып алып, досымен қосыла бірге ән айтатын. Сол себепті домбыраның үнін тыңдаған сайын, әкем есіме түседі. Үйде домбыра бар, бірақ шерте ал­май­мын. Сосын «Барып қайт балам ауылға» әнін сүйіп тыңдаймын. Бұл әнді тыңдағандағы күйімді тіпті сөз­бен жеткізе алмаймын. Сосын Ал­матыға екінші рет барғанда теле­ви­зиялық бағдарламада қонақ бол­ған­да әнші Жанар Айжанова және Ай­жан Нұрмағамбетовамен таныстым. Қазір әлеуметтік желі арқылы сол кісілердің өнерін тамашалап жүрмін. Әкем әсіресе Жанар Айжанованың орын­дауындағы әндерді сүйіп тың­дайтын. Жанарға әкемнің ол кісінің әндерін күн сайын тыңдағанын айтқанымда көзіне жас алған еді. Жалпы, қазақша әндерді YouTube-тан іздеп тауып, күні бойы тыңдап жү­ретін кездерім көп. Негізі, бала­ларым есейген соң Қазақстанға ба­рып, біздің қай жерден, қай ұлттан тарайтынымызды көрсеткім келеді. Осы жолы көлікпен емес, көшеде жаяу жүріп, қала ішін асықпай аралағым келеді. Тауға шық­қым келеді.Қазақстанда асыға күтіп жүрген туыстарым, достарым же­терлік. Алматыға барғанымызда ак­тер Асылхан Төлепов қасымызға ке­ліп, әкемнің мектебінде таэквондо үй­ренгенін, әкемді құрмет тұта­ты­нын айтып, жақын тартқан еді. Сол Асылханмен әлі күнге дейін ара­ла­са­мыз. Ол Қазақстандағы әсем жер­лерді аралатамыз, елге келіңіздер деп үнемі шақырады. Әкемнің жеке көлік жүргізушісі болған кісімен, сон­дай-ақ таэквондо мектебінің же­текшілерімен де хат алысып тұра­мыз. Әкеміздің өмірден қайтқанына жиырма жеті жыл болса да, әлі күнге дейін аузынан тастамай, айтып жүре­тін көпшілікке ризамын. Біздің отбасы үшін бұл – ерекше құрмет. Қа­зақ барда, әкемнің есімі өшпейтіні хақ.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ