Білімнің бәсі биік болмаса...

Білімнің бәсі биік болмаса...

Білімнің бәсі биік болмаса...
ашық дереккөзі
Отыз жыл ішінде еліміздегі орта білім беру жүйесінде біраз реформа болды. Әсіресе соңғы 5 жылда білім саласына айтарлықтай көп өзгеріс енді. Атқарылған жұмыстар еленіп те жатты, талай мәрте сынға да ұшырады. Ал мұғалімнің мәртебесін көтеруге бағытталған заң қандай нәтиже беріп жатыр? Отыз жыл ішіндегі өзгерістер Статистикалық деректерге сәйкес қазір елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектепте 3,4 миллионнан астам бала білім алады. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл ішінде 1 800-ден астам жаңа білім ордасы бой көтерсе, 1401 мектеп, керісінше жұмысын тоқтатқан. Мектептердің жабылуының басты себебі бала санының жеткіліксіздігі болған. Одан бөлек, орта білім беретін мекемелердегі 4 ауысымдық жүйе толығымен жойылды. Ал 3 ауысыммен оқытатын мектептердің саны едәуір сиреді. Осы уақыт аралығында Білім және ғылым министрі 13 рет ауысты. 30 жыл ішінде ашылған мектептердің қатарында жаңа үлгіде білім беретін мекемелер де аз болмады. Орта мектептердің қатары жекеменшік мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Білім берудің жаңа мазмұнына көшуге де талай мәрте қадам жасалды. Тереңдетіп оқытатын және мамадандырылған, «көрсетілетін қосымша кызметтерге» ақы төленетін мектептер қатары артты. 1990-1991 оқу жылынан 1995-1996 оқу жылына дейінгі аралықта кейбір пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептердің саны екі есеге, гимназиялардың саны 16-дан 131-ге, лицейлердің саны 10-нан 112-ге дейін артқан. Одан кейін мамандандырылған мектептердің өсу қарқыны бәсеңдеді, бірақ лицейлер мен гимназиялардың саны одан сайын көбейе берді. 1993 жылы Үкімет жеке меншік оқу орындарын лицензиялау тәртібі туралы бірінші ережені, 1995 жылы Білім беретін мемлекеттік емес мекемелер туралы ережені бекітті. 1996 жылы Гимназия және лицей туралы ереже қабылданды. Жаңартылған мазмұнда білім беретін 20 Назарбаев зияткерлік мектебінің негізі қаланды. Алғашында аталған білім ордасында қолданылған тәжірибе мен әдіс-тәсілдер қазіргі кезде еліміздің бүкіл білім ордаларының білім беру жүйесіне енгізіліп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» үкімі елдегі мектептерді сапалық жағынан дамытуға жасалған қадамдардың бірі болды. Осы үкімге сәйкес дарынды балаларға арналған «Дарын» республикалық мектебі ашылды. Білім беру мекемелерін интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 0-ден басталды десек те болады, ел бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қазіргі кезде барлық мектептің 96,8 пайыздан астамы кеңжолақты интернетпен қамтылған деген статистикалық дерек бар. Еліміздегі мектептердің басым бөлігі интерактивті тақталармен, заманауи технологиялармен жабдықталды. Тек соны пайдалану жағынан кемшін түскеніміз жасырын емес. Жалпы осы интернетке байланысты әлі де түйінді түйткіл, шешілмеген мәселе көп екенін былтыр анық байқаған едік. Тағы бір айта кететін нәрсе – Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің құрылуы. Осы арқылы оқушылар алған білімін сынап, PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге қатысуға жол ашылды. 2017 жылдан бастап информатика, физика, химия және биология сынды жаратылыстану-математика циклындағы пәндер оқушылардың қалауы және педагогтердің дайындығына байланысты ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте жаратылыстану-математика пәндері толықтай ағылшын тілінде өтеді. Ал 3 814 мектепте мұндай білім берудің элементтері бар. Осы 2017 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматқа ауыстырылды. Ал 2018 жылдан бастап мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік алды. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге қосымша пәндер енгізілді. Дегенмен, мемлекет басшысы жалпы білім саласындағы реформалар әлі алда екенін 2019 жылы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында айтқан болатын. – Бастауыш, орта немесе жоғары оқу орны болсын, біздің білім беру жүйеміздегі барлық кемшілікті жақсы білеміз. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз. Білім саласындағы реформалар әлі алда. Бізге ең алдымен білім сапасы мен стандарттарын жақсарту қажет. Болашақ уақыттың сын-тегеуріндеріне дайын болуымыз керек. Толықтай алғанда, біз білім мен ғылымға кететін шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қазіргі кездегі негізгі міндет білім саласында білікті де мықты маман даярлау екенін баса айтқан еді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң: Не өзгерді? Қазір мұғалімнің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мұғалімдер бұрынғыға қарағанда бюрократияның бұғауынан едәуір босатылды, еңбектері лайықты бағаланып, еңбекақысы өсті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, еліміздегі ұстаздардың 99 пайызының айлық жалақысы артқан. Оған қоса министр жарты миллион айлық алатын мұғалімдердің бар екенін де айтқан болатын. «Жалақы едәуір өсті әрі алдағы уақытта да өсе бермек. Келесі жылы біз мұғалімдердің жалақысын тағы 25 пайызға көбейтетін боламыз. Біз мұғалімдердің табысы орта республикалық табыс көлемінен кем болмағанын қалаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов. Жалпы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесі бұрын көтерілмеді десек, қателескеніміз болар еді. 1999-2000 жылдары мұғалімдердің жағдайына көңіл бөліне бастады. 1998 жылғы дағдарыстан кейін экономика біршама тұрақтанды, соның нәтижесінде, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, оның ішінде ең алдымен мұғалімдерге жалақыны уақытында төлеу басты назарға алынды. Әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, 2000-2001 жылдары ауыл мұғалімдерді қазақстандық ауыл өлшемі бойынша табысы жоғары және тұрақты, материалдық жағынан қамтамасыз етілген топқа жатқан. 30 жылдың ішінде 2 миллионнан астам мұғалім курстық дайындықтарда, конференцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктілігін арттырған. Мектепте жұмыс істейтін магистр дәрежесі бар педагогтердің де саны еселенген. Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерде 9 751 педагог-магистр жұмыс істейді. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман мектепке жұмысқа орналасады. Мәселен былтыр еліміздің білім беру ұйымдарына 10 900 жас маман жұмысқа тұрған, оның 5 411-і ауыл мектептерін таңдаған. Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізіліпті. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады. Былтыр педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылғы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға артқан. Дене тәрбиесі пәнінен беретін педагогтерге де үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Ал еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынды. Қазіргі кезде мектеп директорлары мен оқу, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілердің жалақысы мұғалімдерге қарағанда аз екені айтылып жүр. Оны Білім және ғылым министрінің өзі де растап, директорды еңбегіне қарай лайықты бағалау тетіктері қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді.  width= Иә, білім саласындағы көтеріліп жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан реформалар – өгерістің басы ғана. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдағы уақытта мұғалімнің мәртебесі одан да асқақтай бермек, осыған сай қойылатын талап та күшейе түседі.