Сұрапыл кезеңде шыныққан әдебиет

Сұрапыл кезеңде шыныққан әдебиет

Сұрапыл кезеңде шыныққан әдебиет
ашық дереккөзі
Кеңестік кезеңде өзге гуманитарлық салалар сияқты көркем әдебиет те қатты саясиланған еді. Яғни, Кеңес үкіметінің саяси шешімдерінің бәрі әде­биетте көрініс тауып қана қоймай, насихатталып отырды.Ал оның негізгі құжаты 1925 жылы 18 маусымда қабылданған Коммунистік партияның Орталық комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы еді. Қазан төңкерісінен бастап елдің саяси өмірінде компар­тияның басшылығы іс жүзінде үстемдік етсе, енді сонымен бірге елдің әдебиетін де социалистік бағытта болуы керегі мем­лекеттің саяси басшылығы тарапынан арнайы қаулымен бекітілді. Солайша, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Кеңес еліндегі өзге ұлттар әдебиеті секілді қазақ әдебиеті де ком­мунизм идеяларын басшылыққа алатын, социалистік құры­лысты мадақтайтын әдебиет болып қалыптасты. Кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі ширек ғасырда Шәкәрім Құдай­берді­ұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді жаңа дәуірдің халықшыл қаламгерлері мен кеңестік құрылысты жыр­лаған, Қазан төңкерісі идеясын қуат­таған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейім­бет Майлиндер 30-жылдардағы реп­рессия құрбандарына айналып, қазақ әде­биетінде «идеялық тазалау жұмыстары» жүр­ді. Кедей таптан шыққан Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Иса Байзақов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқ­мағамбетов, Ғали Орманов секілді бірер қа­ламгер ғана қызыл террордан аман қа­лып, енді өсіп-өркендеп келе жатқан әде­биетіміз едәуір қалжырап қалды. Сталиндік репрессия әдебиеттің сүт бетіне шыққандарын сыпырып тас­тап бір дамылдағандай болғанымен елді әб­ден үрейде ұстап, әркім аузына қақпақ қойып сөйлейтін заман орнағанда 1941 жы­лы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кет­ті. Сөйтіп енді әдебиеттің бар күші Отан қорғауға, «елімізге опасыздықпен ба­сып кірген фашистерге қарсы күреске» арналды. Сөйтіп соғыс кезіндегі әдебиет пай­да болды. Соғыстың басқа кезіндегі шығар­ма­ларда күллі елді Отан қорғауға жұ­мыл­дыру, елді ауызбірлікпен жауды жеңу­ге шақыру секілді патриоттық сарын бас­ты орында тұрды. Осы тұрғыдан ал­ған­да, Жамбыл Жабаевтың 1941 жылы шы­ғарған «Ленинградтық өренім» атты тол­ғауы соғыс туралы шығармалар жайында сөз болғанда алдымен есімізге түседі. Қоршауда қалған Ленинград қала­сының халқына дем беріп, кеңес халқының отансүйгіштігі мен рухының асқақтығын жырға қосқан Жамбылдың бұл туындысы сол кезде орыс тіліне ау­дары­лып, үлкен плакаттарға басылып қа­ла­ның әр тұсына ілдіріліп, немістердің авиациялық шабуылынан қирап, халқы азық-түлік тапшылығынан әлсіреп жатқан Ленинград қаласы тұрғындарына морал­дық жағынан өте күшті демеу болды. Дәл осы жырымен Жамбылдың даңқы күллі кеңес еліне өте жоғары дәрежеде танымал болды. Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің! Нева өзенін сүйкімді! Бұлағымдай көремін. Көпіріне қарасам, Көмкерген су көлемін, Өркеш-өркеш жарасқан Шоқылардай дер едім. ...Жасағам жоқ өмірді Жау сойқанын көргелі, Төккенім жоқ терімді! Шер қылғалы кеудені. Жасалған жоқ салтанат Жаудың болуға ермегі. Жауда қалып Ленинград, Жаралған жоқ көнгелі! Тірек болған еліме, Туым едің сен алғаш, Ленинградтың төріне Жау аяғын сала алмас! – деп асқақ па­фос­пен жырлаған 90-нан асқан қарт жы­раудың толғауы сол кезде үлкен сен­сация­лық оқиға болды. Ленинград халқымен соғыста қан кешіп жүрген солдаттар мен КСРО-ның барлық жерінде тұратын ха­лықтан Жамбылға ризалығын білдірген хат­тар келіп жатты. Ал елді 1943 жылы «Отан қорғау жолында еселі еңбек етуге жұ­мылдыру» мәнінде жазылған ақын Ас­қар Тоқмағамбетовтің «Мұнай бері» де әсер­лі туынды еді: ...Қанменен бет боялған Қара ормандар қайтадан Қалпына келсін десеңдер, Қайғы мен қасірет орнаған Қаралы жандар қайтадан Халқына келсін десеңдер; ...Ең ақырғы фрицтің Еңсесін басып езгілеп Басын кессін десеңдер, Көтеріп туын жеңістің Абырой, даңқ, атақпен Балаларың әндетіп, Елге жетсін десеңдер, «Жеңдік!» деген ұлы үнді Жер-көк айтсын десеңдер; Мұнайшылар, мұнай бер! Соны сізден сұрайды ел! Соғыс басталғаннан-ақ өзінің жа­лын­ды жырларымен ерекше көзге түскендердің бірі халық ақыны Нұрпейіс Байғанин бол­ды. Өлер күнің таянды, Халық түгел ашынған. Алар сенен қанға-қан, Алар сенен жанға-жан. Жоқ боларсың, бітесің. Адам жауы-сұр жылан, – деп бейбіт ел­дің тыныштығын бұзған басқыншыларға ашу-ызасын жыр қып төккен ақынның «Қазақстан – майданға», «Қаналының қас­қыр ішігі», «Ер қамын ел ойлайды» секілді көп­теген жырларында барлық күшін жеңіс­ті барынша жақындатуға күш салып жат­қан халықтың қажырлы еңбегін бей­нелесе, соғыс кезінде көптеген жалынды патриоттық өлеңдерінен басқа кеңестік жауынгерлердің батырлығын мадақтаған «28 батыр», «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» се­кілді дастандарын, «Капитан Гастелло», «Ер Талалихин», «Толғау», «Ұлы Отан со­ғысы туралы» т.б. толғау жырларын шы­ғар­ды. Соғыстың аяқталуына аз қалғанда дү­ниеден өткен ақын соңғы демі қалғанша елі­не жырмен демеу болды. Соғыстың бас кезінен-ақ жалынды публицистикасымен танылған жауынгер қаламгер Баубек Бұлқышев еді. Оның 1942 жылы «Комсомольская прав­да» газетінің 1 мамыр күнгі нөмірінде шыққан «Өмір мен өлім туралы» эссесі дәуір талабына үн қосқан талантты жас­тың қабілетін, өй-өрісін көрсетіп қана қоймай, сөз қадірін білетін жұртқа жігер берді. Бар шығармашылығы соғыс та­қырыбымен байланысты және сол соғыста қыршын кеткен жастың өнегесі сол тұста да, одан кейін де қазақ қаламгерлеріне әсер еткені анық. Баубектің сол тұста жа­рияланған «Заман біздікі», «Тыңда, Кав­каз», «Өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Жауыздық пен махаббат» атты пуб­лицистикалық эсселері кеңестік қоғам адам­дарына рухани серпін берер шығар­маларға айналғаны белгілі. Соғысқа дейін-ақ қалыптасып қалған ақынның бірі Дихан Әбілов болатын. Оның қаламынан туған «Москва түбінде», «Майданбек» (1943 жылы жарық көрген дас­тан. Кейін толықтырылып өлең-ро­манға айналдырылды) шығармалары да сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі салмақты туындылар қатарында болды. Дегенмен поэмадағы Майданбектің адами сезімдері суреттелетін жерлерге (адам өлтіруге қар­сылық туралы ой) күмәнмен қарап, идео­логиялық қате бар деп секемденген кеңес­тік арнаулы орындар шығарма авторын қу­ғынға салмақ болған кезі де бар. Бірақ ақын әйтеуір жазаланудан аман қалған... Ол тұста қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов те соғыс тақыры­бына арнап «Сын сағатта» (соғысы кезін­дегі майдан мен тылдың бірлігі туралы), Әл­жаппар Әбішевпен бірігіп «Намыс гвар­диясы» (Қазақстанда құрылған Пан­филов атындағы сегізінші дивизияның ерлігі жайында), «Қынаптан қылыш» атты пь­есаларын жазып, сахнаға шығарды. Әрине, соғыс көрмеген авторлардың драмалық шығармасында соғыстың шындығы ашы­лып, психологиясы анық көріне қоймады. Оның тақырыпты игеруден басқа жақтары болатын. Өйткені ол тұста соғыс карти­насын дәл беру түгілі кеңес әскерлерінің даңқына күмән келтіреді деп есептелетін кез келген бір ауыз сөздің өзі үлкен саяси қатеге саналатын. Сондықтан М.Әуезовтің де соғыс тақырыбындағы драмалары ІІ дүниежүзілік соғыстың барлық ақиқатын ашатын шедевр туындыға айнала алмады. Бірақ Мұхтар Әуезовтің ұлт әдебиеті үшін жасаған ғаламат еңбегі − 1942 жылы ал­ғашқы томы басылып шыққан «Абай жо­лы» роман-эпопеясы болды. Роман қазақ халқының классигі Абай туралы жазыла тұра онда қазақ халқының дәстүрі мен салты, тұрмысы, этнографиясы жан-жақты суреттелді. Мемлекеттің бүкіл әдебиеті идеологияның сойылын соғып, кейіпкер­лерінің бәрі саясиланып жатқан кезеңде ұлттық болмысты насихаттайтын «Абай жолының» алғашқы кітабының жарық көруі − ұлтымыздың еңсесін көтерген тарихи оқиға еді. Роман соғыс кезінде ту­ған туындылардың ғана емес, Мұхтар Әуе­зов шығармашылығындағы және қазақ әде­биетіндегі ең құнды, көркемдік сапасы аса биік ғажайып туынды болды. Бар-жоғы ал­ғашқы романы пайда болғанына отыз жыл ғана уақыт болған (қазақтың тұңғыш романы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» 1912 жылы жазылған) қазақ әдебиетінің «Абай жолымен» әлемдік деңгейге көте­ріл­гені ұлт руханияты үшін зор жетістік еді. Ең бастысы − М.Әуезовтің Абай ту­ра­лы романын көптеген қазақ майдан окоптарында отырып оқыды. Бұл соғыс кезінде оларға үлкен рухани күш беріп, қазақ болғаны үшін бойында мақтаныш сезім ұялатты. Мықты шығармалардың тууына дәуірдің де әсері болады. Мәселен, қа­зақтың сол соғыс пен соғыстан соңғы дәуір­дегі аса ірі ақындарының бірі Қасым Аман­жоловтың талантын ашып, мық­ты­лығын танытқан басты шығармасының бірі соғыс тақырыбына жазылып, соғыс ке­зінде туды. ІІ дүниежүзілік соғыста шейіт болған қа­зақтың талай өнер адамдары, қалам­гер­лері бар. Солардың бірі − ақын Абдолла Жұмағалиев. Соғыстың алдында ақын ре­тінде жақсы танылған Абдолла майданға алын­ған соң қаламын қаруға айырбастап, фа­шистерге қарсы соғыста талай ерлік көр­сетті. Бірақ оның өмірі қысқа болды. Ақын­дығында байқалатын қайсарлық оның өліммен бетпе-бет келген кезінде де көрінді. Намысқой, отаншыл, қайсар Абдолланың бөлімшесі немістердің қор­шауына түскенде де ол үйдің шатырына паналап, жаумен тайсалмай соғысты. Жолдастары түгел оққа ұшып, жалғыз қалса да Абдолла автоматтан оқ жаудырып, фашистердің әскеріне біраз шығын кел­тіреді. Немістер Абдоллаға «Беріл, берілсең тірі қаласың» деп айқайлайды дауыс кү­шейткіштен. Бірақ Абдолла берілмей, не­містер ол паналап тұрған үйді өртейді. Бі­рақ ақырғы демі таусылғанша қарсылас­қан қазақтың батыр ұлы үймен бірге өртеніп кетеді. Міне осы оқиға Қасымға сұмдық әсер етеді. Ол қазақтың намысын биік ұстап ерлікпен қаза тапқан ақын досы Абдолла туралы 1943 жылы «Ақын өлімі туралы аңыз» атты ғажайып поэма жазды. Негізгі сюжеті ақынның ерлігі мен соңғы ерлігіне құрылған бұл поэмада батыр қа­зақтың асқақ образы сомдалған: – Алмай қойман! − деді дұшпан. – Ала алмайсың! − деді ер ұлан. ...Ыза боп жау жіберді өрт. Кідірді ер, оқ таусылып. Автоматы соңғы рет, Алды демін, тынды сұлық... «Алтын туын бостандықтың Бір килодай қорғасынға, Күліп тұрып сатқан сұмға, Мен бе екенмін болар тұтқын!» Серпіп ойын, сілкіп бойын, Тұрды атып, қарады өртке, Қалды қатып, салып зейін, Таңғажайып бір суретке: Қызыл-жасыл киінген өрт Көрінді оған боп қыз ойнақ, Толқып торғын, жайнап букет, Тым сиқырлы билеп, ойнап. Ашып отқа омырауын, – Естісін, – деп, – қырсық жауым. Айтты ол шырқап өрт ішінде Сүйген әні «Қарғамауын»... Қасым Аманжолов ақын туралы аңызды осылай жырлап, осылай бей­нелеген. Қандай қиындық болса да қасқая қарсы алатын қайсарлық пен хал­қының намысын жоғары ұстауды үлгі етіп, батыр бабаларының атына кір келтірмей қан майданда ерлікпен көз жұмған ақын­ның асқақ тұлғасы ерекше образ болды. Тіпті сол кезде күллі Кеңестер Одағы әде­бие­тінде де өз жанрында Қасым поэма­сы­мен иық теңестірер туынды жоққа жақын-ды. Атақты орыс ақыны, соғыс та­қырыбына керемет шығармалар жазған Ни­колай Тихоновтың өзі де «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын «Қазақ поэзиясының ін­жу-маржаны» деп бағалаған. Ал 1945 жылы шыққан Ғабит Мү­сіре­повтің «Қазақ батыр» повесі (1950 романға айналып, «Қазақ солдаты» деген атпен шықты) де қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбындағы проза саласында ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды болды. Нақты кейіпкерлер­дің жиынтық бейнелері арқылы жауын­герлердің ерлігін дәріптеген романда әр­түрлі ұлт өкілдерінің соғыс кезіндегі бауыр­малдығы мен достығы көрсетілген. Бір айта кететін нәрсе, соғыс кезінде жауынгерлерге рух берудің, олардың Отан алдындағы борышы мен халық алдындағы жауапкершілік сезімін арттыру үшін Кеңес үкіметі барлық тәсілді пайда­ланған. Соның бірі – әдеби шығармалар арқылы идеология жүргізу. Сондықтан соғыстан бұрын басылып шыққан фольк­лорлық шығармалар, әсіресе, батырлар туралы жыр-дастандар басылған кітаптар майданның алғы шебінде жүрген жауын­герлерге дейін жеткізілген. Сондай-ақ, же­келенген авторлардың халық батыры ту­ралы жазған кітаптары да кең қол­да­ныс­та болды. Мәселен, соғыс ардагері Қа­лижан Бекхожин 1939 жылы атышулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазып жариялап, осы шы­ғар­маны соғыс кезінде оқуға ешкімге тыйым салынбады. Бірақ кейін 1950 жылдары осы поэмасы үшін автор біраз қуғын көріп, әлгі поэмасын шығаруға тыйым салынды. Сол сияқты бұрын еркін қолданыста болған қазақ батырлық эпостары да тегіне қарай сұрыпталып, тегі кедей Қамбар батыр туралы жырдан басқа «Алпамыс», «Қо­бы­ланды», Ер Тарғын» т.б. дастандардың бәрін оқуға тыйым салып тастады... Соғыс кезінде КСРО-ның өзге рес­пуб­ликаларында кездеспеген бір оқи­ға Қазақстанда болды. Оның себепшісі − сол кезде соғыста даңқы жайылып, аты Кеңес­тер Одағынан тыс жерлерге жайылған даңқ­ты командир, гвардия полковнигі Бауыр­жан Момышұлымен қазақ зиялы қауы­мының кездесуі еді. Бұл жай кездесу емес, қазақ әдебиеті мен өнері және ғы­лымы­ның таңдаулы өкілдерінің соғыс шын­дығын сол соғыстың тірі қаһарма­ны­ның өз аузынан естіп-білуге арналған жиын еді. Оған қатысқандарға келер бол­сақ, сол кездегі СССР Ғылым академиясы Қа­­зақ филиалы Президиумының төрағасы, СССР Ғылым академиясының коррес­пон­дент-мүшесі Қаныш Сәтбаев бастаған 18 адамның аты-жөні мынадай: Әуезов М. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы­ның Тіл, әдебиет және тарих институтының аға ғылыми қызметкері, жазушы, про­фес­сор. Мүсірепов F. − жазушы. Сиранов Қ. − Киностудия бірлестігі директорының орынбасары. Жұбанов А. − Композитор, про­фессор. Сүлейменов Б. − СССР Ғылым ака­демиясы Қазақ филиалының Тіл, әде­биет және тарих институты директорының орынбасары. Оспанов Ө. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумы председателінің орынбасары, ғылым кан­дидаты. Мыңбаев К. − Қазақ СССР Мем­ле­кеттік жоспарлау комитеті председателінің орынбасары, профессор. Строева В. П. − Кинорежиссер, институт директорының орынбасары. Рошаль Г.Л. − Кинорежиссер, институт директорының орынбасары. Марғұлан Ә.X. − филология ғылымдарының кандидаты. Исмайлов Е. − филология ғылымдарының кандидаты. Чокин Ш. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы­ның аға ғылыми қызметкері. Ораев − СССР Fылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қызметкері. Қазкен − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қызметкері. Рушанов – доцент. Чумак − Қа­зақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архиві директорының орын­басары. Шапиро − Қазақ ССР Ішкі істер ха­лық комиссариатының Мемлекеттік ар­хивінің ғылыми қызметкері. Міне, осы адамдардың алдында Бауыржан Момышұлы соғыс пси­хологиясын түсіндіру үшін өз басынан өт­кен, өзі басқарған дивизияның соғыс­тағы іс-қимылдарын баяндай отырып 4 күнде 36 сағат лекция оқиды. Бұл сол кез­дегі әдебиет пен өнер адамдары үшін тап­тырмас құнды мәлімет еді. Момышұлының бұл лекциялары стенограммаға түсіріліп алынды. Кейін мұндағы айтылғандар жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-эссесінде пайдаланылды және Б.Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» атты туындысында баяндалды. Жалпы, ІІ дүниежүзілік соғыс ке­зінде жазылған шығармалар­дың бәрі туралы айта беретін болсақ, ол он­даған том кітапқа жүк болар материал бо­лады. Сондықтан енді ІІ дүниежүзілік со­ғыстан соң әдебиетке келген қаламгерлер туралы айтып, ұзақ әңгімені қысқаша қайырғымыз келіп отыр. ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталуы дү­ниежүзінде қоғамдық ақыл-ойдың дамуына әкелді. Ал қазаққа, оның ішінде елдің әдебиетіне қатысты айтар болсақ, май­даннан аман-сау елге жеткендердің ара­сында әдебиет пен ғылымға мол үлес қос­қан тұлғалар көп болды. Қасым Аман­жолов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Сайн, Тайыр Жароков, Сағынғали Сейітов, Мұзафар Әлімбаев, Сейтжан Омаров секілді ақындар мен Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ақтанов, Сәуірбек Бақбергенов, Ілияс Есенберлин, Қалмақан Әбдіқадыров, Бауыржан Момышұлы, Қалмұқан Исабаев, Әзілхан Нұршайықов секілді жазушылар соғыстан соңғы дәуірде әдебиетіміздің гүл­деніп өсуіне зор еңбек сіңірді. Соғыс ке­зінде М.Әуезовтің «Абай» романы мен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты шығармалары сол кездің биігі бол­са, соғыстан соң қазақ әдебиетіне қо­сылған жазушылар Ә.Нұрпейісов «Күткен күн», «Қан мен тер» (трилогия), «Соңғы парыз» (дилогия) Т.Ахтанов «Қаһарлы күндер, «Шырағың сөнбесін», «Боран»; І.Есен­берлин «Көшпенділер» (трилогия), «Алтын орда» (трилогия); Б.Момышұлы «Москва үшін шайқас» секілді романдары мен жоғарыда аттары аталып өткен ақын­дар өлең-поэмаларымен әдебиетіміздің өсуіне зор ықпал етіп, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің сапалық деңгейін көтерді. Әрине, соғысты ештеңемен ақтай ал­май­сың, оның материалдық та, моралдық та шығыны орасан. Бірақ жер бетінде 55 миллионнан аса адамның өмірін жалмаған соғыста өзгелер сияқты көп жоғалтуға ұшыраса да қазақ ұлты мен оның рухани дүниесі 1 418 күн мен түнге созылған бұл сұра­пыл қан-қасаптан ширап, шынығып шық­ты. Соның нақты көрінісі − біздің со­ғыс кезіндегі және соғыстан соңғы ке­зең­дегі әдебиетіміз.