Сұрапыл кезеңде шыныққан әдебиет
Сұрапыл кезеңде шыныққан әдебиет
Кеңестік кезеңде өзге гуманитарлық салалар сияқты көркем әдебиет те қатты саясиланған еді. Яғни, Кеңес үкіметінің саяси шешімдерінің бәрі әдебиетте көрініс тауып қана қоймай, насихатталып отырды.Ал оның негізгі құжаты 1925 жылы 18 маусымда қабылданған Коммунистік партияның Орталық комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы еді.
Қазан төңкерісінен бастап елдің саяси өмірінде компартияның басшылығы іс жүзінде үстемдік етсе, енді сонымен бірге елдің әдебиетін де социалистік бағытта болуы керегі мемлекеттің саяси басшылығы тарапынан арнайы қаулымен бекітілді. Солайша, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Кеңес еліндегі өзге ұлттар әдебиеті секілді қазақ әдебиеті де коммунизм идеяларын басшылыққа алатын, социалистік құрылысты мадақтайтын әдебиет болып қалыптасты.
Кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі ширек ғасырда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді жаңа дәуірдің халықшыл қаламгерлері мен кеңестік құрылысты жырлаған, Қазан төңкерісі идеясын қуаттаған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер 30-жылдардағы репрессия құрбандарына айналып, қазақ әдебиетінде «идеялық тазалау жұмыстары» жүрді. Кедей таптан шыққан Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Иса Байзақов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов секілді бірер қаламгер ғана қызыл террордан аман қалып, енді өсіп-өркендеп келе жатқан әдебиетіміз едәуір қалжырап қалды.
Сталиндік репрессия әдебиеттің сүт бетіне шыққандарын сыпырып тастап бір дамылдағандай болғанымен елді әбден үрейде ұстап, әркім аузына қақпақ қойып сөйлейтін заман орнағанда 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Сөйтіп енді әдебиеттің бар күші Отан қорғауға, «елімізге опасыздықпен басып кірген фашистерге қарсы күреске» арналды. Сөйтіп соғыс кезіндегі әдебиет пайда болды.
Соғыстың басқа кезіндегі шығармаларда күллі елді Отан қорғауға жұмылдыру, елді ауызбірлікпен жауды жеңуге шақыру секілді патриоттық сарын басты орында тұрды. Осы тұрғыдан алғанда, Жамбыл Жабаевтың 1941 жылы шығарған «Ленинградтық өренім» атты толғауы соғыс туралы шығармалар жайында сөз болғанда алдымен есімізге түседі.
Қоршауда қалған Ленинград қаласының халқына дем беріп, кеңес халқының отансүйгіштігі мен рухының асқақтығын жырға қосқан Жамбылдың бұл туындысы сол кезде орыс тіліне аударылып, үлкен плакаттарға басылып қаланың әр тұсына ілдіріліп, немістердің авиациялық шабуылынан қирап, халқы азық-түлік тапшылығынан әлсіреп жатқан Ленинград қаласы тұрғындарына моралдық жағынан өте күшті демеу болды. Дәл осы жырымен Жамбылдың даңқы күллі кеңес еліне өте жоғары дәрежеде танымал болды.
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін,
Өркеш-өркеш жарасқан
Шоқылардай дер едім.
...Жасағам жоқ өмірді
Жау сойқанын көргелі,
Төккенім жоқ терімді!
Шер қылғалы кеудені.
Жасалған жоқ салтанат
Жаудың болуға ермегі.
Жауда қалып Ленинград,
Жаралған жоқ көнгелі!
Тірек болған еліме,
Туым едің сен алғаш,
Ленинградтың төріне
Жау аяғын сала алмас! – деп асқақ пафоспен жырлаған 90-нан асқан қарт жыраудың толғауы сол кезде үлкен сенсациялық оқиға болды. Ленинград халқымен соғыста қан кешіп жүрген солдаттар мен КСРО-ның барлық жерінде тұратын халықтан Жамбылға ризалығын білдірген хаттар келіп жатты. Ал елді 1943 жылы «Отан қорғау жолында еселі еңбек етуге жұмылдыру» мәнінде жазылған ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнай бері» де әсерлі туынды еді:
...Қанменен бет боялған
Қара ормандар қайтадан
Қалпына келсін десеңдер,
Қайғы мен қасірет орнаған
Қаралы жандар қайтадан
Халқына келсін десеңдер;
...Ең ақырғы фрицтің
Еңсесін басып езгілеп
Басын кессін десеңдер,
Көтеріп туын жеңістің
Абырой, даңқ, атақпен
Балаларың әндетіп,
Елге жетсін десеңдер,
«Жеңдік!» деген ұлы үнді
Жер-көк айтсын десеңдер;
Мұнайшылар, мұнай бер!
Соны сізден сұрайды ел!
Соғыс басталғаннан-ақ өзінің жалынды жырларымен ерекше көзге түскендердің бірі халық ақыны Нұрпейіс Байғанин болды.
Өлер күнің таянды,
Халық түгел ашынған.
Алар сенен қанға-қан,
Алар сенен жанға-жан.
Жоқ боларсың, бітесің.
Адам жауы-сұр жылан, – деп бейбіт елдің тыныштығын бұзған басқыншыларға ашу-ызасын жыр қып төккен ақынның «Қазақстан – майданға», «Қаналының қасқыр ішігі», «Ер қамын ел ойлайды» секілді көптеген жырларында барлық күшін жеңісті барынша жақындатуға күш салып жатқан халықтың қажырлы еңбегін бейнелесе, соғыс кезінде көптеген жалынды патриоттық өлеңдерінен басқа кеңестік жауынгерлердің батырлығын мадақтаған «28 батыр», «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» секілді дастандарын, «Капитан Гастелло», «Ер Талалихин», «Толғау», «Ұлы Отан соғысы туралы» т.б. толғау жырларын шығарды. Соғыстың аяқталуына аз қалғанда дүниеден өткен ақын соңғы демі қалғанша еліне жырмен демеу болды.
Соғыстың бас кезінен-ақ жалынды публицистикасымен танылған жауынгер қаламгер Баубек Бұлқышев еді. Оның 1942 жылы «Комсомольская правда» газетінің 1 мамыр күнгі нөмірінде шыққан «Өмір мен өлім туралы» эссесі дәуір талабына үн қосқан талантты жастың қабілетін, өй-өрісін көрсетіп қана қоймай, сөз қадірін білетін жұртқа жігер берді. Бар шығармашылығы соғыс тақырыбымен байланысты және сол соғыста қыршын кеткен жастың өнегесі сол тұста да, одан кейін де қазақ қаламгерлеріне әсер еткені анық. Баубектің сол тұста жарияланған «Заман біздікі», «Тыңда, Кавказ», «Өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Жауыздық пен махаббат» атты публицистикалық эсселері кеңестік қоғам адамдарына рухани серпін берер шығармаларға айналғаны белгілі.
Соғысқа дейін-ақ қалыптасып қалған ақынның бірі Дихан Әбілов болатын. Оның қаламынан туған «Москва түбінде», «Майданбек» (1943 жылы жарық көрген дастан. Кейін толықтырылып өлең-романға айналдырылды) шығармалары да сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі салмақты туындылар қатарында болды. Дегенмен поэмадағы Майданбектің адами сезімдері суреттелетін жерлерге (адам өлтіруге қарсылық туралы ой) күмәнмен қарап, идеологиялық қате бар деп секемденген кеңестік арнаулы орындар шығарма авторын қуғынға салмақ болған кезі де бар. Бірақ ақын әйтеуір жазаланудан аман қалған...
Ол тұста қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов те соғыс тақырыбына арнап «Сын сағатта» (соғысы кезіндегі майдан мен тылдың бірлігі туралы), Әлжаппар Әбішевпен бірігіп «Намыс гвардиясы» (Қазақстанда құрылған Панфилов атындағы сегізінші дивизияның ерлігі жайында), «Қынаптан қылыш» атты пьесаларын жазып, сахнаға шығарды. Әрине, соғыс көрмеген авторлардың драмалық шығармасында соғыстың шындығы ашылып, психологиясы анық көріне қоймады. Оның тақырыпты игеруден басқа жақтары болатын. Өйткені ол тұста соғыс картинасын дәл беру түгілі кеңес әскерлерінің даңқына күмән келтіреді деп есептелетін кез келген бір ауыз сөздің өзі үлкен саяси қатеге саналатын. Сондықтан М.Әуезовтің де соғыс тақырыбындағы драмалары ІІ дүниежүзілік соғыстың барлық ақиқатын ашатын шедевр туындыға айнала алмады. Бірақ Мұхтар Әуезовтің ұлт әдебиеті үшін жасаған ғаламат еңбегі − 1942 жылы алғашқы томы басылып шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясы болды. Роман қазақ халқының классигі Абай туралы жазыла тұра онда қазақ халқының дәстүрі мен салты, тұрмысы, этнографиясы жан-жақты суреттелді. Мемлекеттің бүкіл әдебиеті идеологияның сойылын соғып, кейіпкерлерінің бәрі саясиланып жатқан кезеңде ұлттық болмысты насихаттайтын «Абай жолының» алғашқы кітабының жарық көруі − ұлтымыздың еңсесін көтерген тарихи оқиға еді. Роман соғыс кезінде туған туындылардың ғана емес, Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы және қазақ әдебиетіндегі ең құнды, көркемдік сапасы аса биік ғажайып туынды болды. Бар-жоғы алғашқы романы пайда болғанына отыз жыл ғана уақыт болған (қазақтың тұңғыш романы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» 1912 жылы жазылған) қазақ әдебиетінің «Абай жолымен» әлемдік деңгейге көтерілгені ұлт руханияты үшін зор жетістік еді.
Ең бастысы − М.Әуезовтің Абай туралы романын көптеген қазақ майдан окоптарында отырып оқыды. Бұл соғыс кезінде оларға үлкен рухани күш беріп, қазақ болғаны үшін бойында мақтаныш сезім ұялатты.
Мықты шығармалардың тууына дәуірдің де әсері болады. Мәселен, қазақтың сол соғыс пен соғыстан соңғы дәуірдегі аса ірі ақындарының бірі Қасым Аманжоловтың талантын ашып, мықтылығын танытқан басты шығармасының бірі соғыс тақырыбына жазылып, соғыс кезінде туды.
ІІ дүниежүзілік соғыста шейіт болған қазақтың талай өнер адамдары, қаламгерлері бар. Солардың бірі − ақын Абдолла Жұмағалиев. Соғыстың алдында ақын ретінде жақсы танылған Абдолла майданға алынған соң қаламын қаруға айырбастап, фашистерге қарсы соғыста талай ерлік көрсетті. Бірақ оның өмірі қысқа болды. Ақындығында байқалатын қайсарлық оның өліммен бетпе-бет келген кезінде де көрінді. Намысқой, отаншыл, қайсар Абдолланың бөлімшесі немістердің қоршауына түскенде де ол үйдің шатырына паналап, жаумен тайсалмай соғысты. Жолдастары түгел оққа ұшып, жалғыз қалса да Абдолла автоматтан оқ жаудырып, фашистердің әскеріне біраз шығын келтіреді. Немістер Абдоллаға «Беріл, берілсең тірі қаласың» деп айқайлайды дауыс күшейткіштен. Бірақ Абдолла берілмей, немістер ол паналап тұрған үйді өртейді. Бірақ ақырғы демі таусылғанша қарсыласқан қазақтың батыр ұлы үймен бірге өртеніп кетеді. Міне осы оқиға Қасымға сұмдық әсер етеді. Ол қазақтың намысын биік ұстап ерлікпен қаза тапқан ақын досы Абдолла туралы 1943 жылы «Ақын өлімі туралы аңыз» атты ғажайып поэма жазды. Негізгі сюжеті ақынның ерлігі мен соңғы ерлігіне құрылған бұл поэмада батыр қазақтың асқақ образы сомдалған:
– Алмай қойман! − деді дұшпан.
– Ала алмайсың! − деді ер ұлан.
...Ыза боп жау жіберді өрт.
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматы соңғы рет,
Алды демін, тынды сұлық...
«Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға,
Күліп тұрып сатқан сұмға,
Мен бе екенмін болар тұтқын!»
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып, қарады өртке,
Қалды қатып, салып зейін,
Таңғажайып бір суретке:
Қызыл-жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
– Естісін, – деп, – қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғамауын»...
Қасым Аманжолов ақын туралы аңызды осылай жырлап, осылай бейнелеген. Қандай қиындық болса да қасқая қарсы алатын қайсарлық пен халқының намысын жоғары ұстауды үлгі етіп, батыр бабаларының атына кір келтірмей қан майданда ерлікпен көз жұмған ақынның асқақ тұлғасы ерекше образ болды. Тіпті сол кезде күллі Кеңестер Одағы әдебиетінде де өз жанрында Қасым поэмасымен иық теңестірер туынды жоққа жақын-ды. Атақты орыс ақыны, соғыс тақырыбына керемет шығармалар жазған Николай Тихоновтың өзі де «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын «Қазақ поэзиясының інжу-маржаны» деп бағалаған.
Ал 1945 жылы шыққан Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ батыр» повесі (1950 романға айналып, «Қазақ солдаты» деген атпен шықты) де қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбындағы проза саласында ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды болды. Нақты кейіпкерлердің жиынтық бейнелері арқылы жауынгерлердің ерлігін дәріптеген романда әртүрлі ұлт өкілдерінің соғыс кезіндегі бауырмалдығы мен достығы көрсетілген.
Бір айта кететін нәрсе, соғыс кезінде жауынгерлерге рух берудің, олардың Отан алдындағы борышы мен халық алдындағы жауапкершілік сезімін арттыру үшін Кеңес үкіметі барлық тәсілді пайдаланған. Соның бірі – әдеби шығармалар арқылы идеология жүргізу. Сондықтан соғыстан бұрын басылып шыққан фольклорлық шығармалар, әсіресе, батырлар туралы жыр-дастандар басылған кітаптар майданның алғы шебінде жүрген жауынгерлерге дейін жеткізілген. Сондай-ақ, жекеленген авторлардың халық батыры туралы жазған кітаптары да кең қолданыста болды. Мәселен, соғыс ардагері Қалижан Бекхожин 1939 жылы атышулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазып жариялап, осы шығарманы соғыс кезінде оқуға ешкімге тыйым салынбады. Бірақ кейін 1950 жылдары осы поэмасы үшін автор біраз қуғын көріп, әлгі поэмасын шығаруға тыйым салынды. Сол сияқты бұрын еркін қолданыста болған қазақ батырлық эпостары да тегіне қарай сұрыпталып, тегі кедей Қамбар батыр туралы жырдан басқа «Алпамыс», «Қобыланды», Ер Тарғын» т.б. дастандардың бәрін оқуға тыйым салып тастады...
Соғыс кезінде КСРО-ның өзге республикаларында кездеспеген бір оқиға Қазақстанда болды. Оның себепшісі − сол кезде соғыста даңқы жайылып, аты Кеңестер Одағынан тыс жерлерге жайылған даңқты командир, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен қазақ зиялы қауымының кездесуі еді. Бұл жай кездесу емес, қазақ әдебиеті мен өнері және ғылымының таңдаулы өкілдерінің соғыс шындығын сол соғыстың тірі қаһарманының өз аузынан естіп-білуге арналған жиын еді. Оған қатысқандарға келер болсақ, сол кездегі СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумының төрағасы, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Қаныш Сәтбаев бастаған 18 адамның аты-жөні мынадай: Әуезов М. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының аға ғылыми қызметкері, жазушы, профессор. Мүсірепов F. − жазушы. Сиранов Қ. − Киностудия бірлестігі директорының орынбасары. Жұбанов А. − Композитор, профессор. Сүлейменов Б. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институты директорының орынбасары. Оспанов Ө. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумы председателінің орынбасары, ғылым кандидаты. Мыңбаев К. − Қазақ СССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің орынбасары, профессор. Строева В. П. − Кинорежиссер, институт директорының орынбасары. Рошаль Г.Л. − Кинорежиссер, институт директорының орынбасары. Марғұлан Ә.X. − филология ғылымдарының кандидаты. Исмайлов Е. − филология ғылымдарының кандидаты. Чокин Ш. − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының аға ғылыми қызметкері. Ораев − СССР Fылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қызметкері. Қазкен − СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қызметкері. Рушанов – доцент. Чумак − Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архиві директорының орынбасары. Шапиро − Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері.
Міне, осы адамдардың алдында Бауыржан Момышұлы соғыс психологиясын түсіндіру үшін өз басынан өткен, өзі басқарған дивизияның соғыстағы іс-қимылдарын баяндай отырып 4 күнде 36 сағат лекция оқиды. Бұл сол кездегі әдебиет пен өнер адамдары үшін таптырмас құнды мәлімет еді. Момышұлының бұл лекциялары стенограммаға түсіріліп алынды. Кейін мұндағы айтылғандар жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-эссесінде пайдаланылды және Б.Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» атты туындысында баяндалды.
Жалпы, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде жазылған шығармалардың бәрі туралы айта беретін болсақ, ол ондаған том кітапқа жүк болар материал болады. Сондықтан енді ІІ дүниежүзілік соғыстан соң әдебиетке келген қаламгерлер туралы айтып, ұзақ әңгімені қысқаша қайырғымыз келіп отыр.
ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталуы дүниежүзінде қоғамдық ақыл-ойдың дамуына әкелді. Ал қазаққа, оның ішінде елдің әдебиетіне қатысты айтар болсақ, майданнан аман-сау елге жеткендердің арасында әдебиет пен ғылымға мол үлес қосқан тұлғалар көп болды. Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Сайн, Тайыр Жароков, Сағынғали Сейітов, Мұзафар Әлімбаев, Сейтжан Омаров секілді ақындар мен Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ақтанов, Сәуірбек Бақбергенов, Ілияс Есенберлин, Қалмақан Әбдіқадыров, Бауыржан Момышұлы, Қалмұқан Исабаев, Әзілхан Нұршайықов секілді жазушылар соғыстан соңғы дәуірде әдебиетіміздің гүлденіп өсуіне зор еңбек сіңірді. Соғыс кезінде М.Әуезовтің «Абай» романы мен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты шығармалары сол кездің биігі болса, соғыстан соң қазақ әдебиетіне қосылған жазушылар Ә.Нұрпейісов «Күткен күн», «Қан мен тер» (трилогия), «Соңғы парыз» (дилогия) Т.Ахтанов «Қаһарлы күндер, «Шырағың сөнбесін», «Боран»; І.Есенберлин «Көшпенділер» (трилогия), «Алтын орда» (трилогия); Б.Момышұлы «Москва үшін шайқас» секілді романдары мен жоғарыда аттары аталып өткен ақындар өлең-поэмаларымен әдебиетіміздің өсуіне зор ықпал етіп, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің сапалық деңгейін көтерді.
Әрине, соғысты ештеңемен ақтай алмайсың, оның материалдық та, моралдық та шығыны орасан. Бірақ жер бетінде 55 миллионнан аса адамның өмірін жалмаған соғыста өзгелер сияқты көп жоғалтуға ұшыраса да қазақ ұлты мен оның рухани дүниесі 1 418 күн мен түнге созылған бұл сұрапыл қан-қасаптан ширап, шынығып шықты. Соның нақты көрінісі − біздің соғыс кезіндегі және соғыстан соңғы кезеңдегі әдебиетіміз.