Ізгілікке үндейтін мейрам
Ізгілікке үндейтін мейрам
Ораза айт – жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам.
Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке.
Жер бетіндегі күллі мұсылман үмбеті айт күндері хал сұрасып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре күй кешеді. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, оларды да қуанышқа бөлейді.
Алла Тағала: «...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді. Жаратушы иеміз сіз бен біздің қуанышты күндерімізді еселей түссін деп тілеймін.
Ораза айт – отбасы мерекесі. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге көмектесудің сауабы мол.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында еліміз бойынша ауызашар қораптарын таратып, қайырымдылық шараларын жүзеге асырды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға риясыз ниетпен айрықша алғысымды білдіремін.
Еліміздегі пандемия жағдайын ескеріп, Діни басқарманың пәтуасы мен мешіт тәртібіне бағынып, құлшылығын үйде орындап, оразасын оқшау түрде ұстаған жамағатқа да Алла разы болсын айтамын!
Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей!
Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!