Талайғы Түркістан. Елбасы көне шаһардағы жаңа нысандармен танысты
Талайғы Түркістан. Елбасы көне шаһардағы жаңа нысандармен танысты
Түркістан – қашан да күллі түркі жұртының алтын бесігі. Көне шаһар облыс орталығын айналғалы көп өзгерді. Тарихи қаланы көрмекке жан-жақтан ағылғандардың қарасы қалың.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына барып, мәдени маңызы зор бірқатар нысанның ашылуына қатысты.
Тұңғыш президенттің бұл сапары Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысудан басталды.
«Қазақ хандығына арналған мемориал кешен» Қазақ хандығының негізін қалаған, іргесін мықтап, керегесін кеңіткен хандардың құрметіне тұрғызылған. Мемориал киіз үй түрінде салынған. Биіктігі 7 метр болатын 21 уық Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Уыққа Есімнен Әликен ханға дейінгі билеушілердің есімі мен хандық құрған жылдары жазылған. Сәулет кешенінің орта тұсындағы гранит тұғырда хандардың асатаяғы пішіндес, биіктігі 12 метр болатын стела орнатылған. Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы – 0,85 гектар.
Мемориалдың ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.
Сондай-ақ Елбасы ботаникалық бақтың даму жоспарымен танысты. Сонымен қатар «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасы туралы баяндалды. Жалпы «Яссы» ботаникалық бағының ауданы – 7,7 гектар. Бақ раушан гүлдерден және аршадан жасалған ою-өрнек бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Оған қоса раушан гүлдермен көмкерілген гүлзарлар да бар. Баққа мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүл ашатын ағаштар.
Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды. Ондағы қолөнершілер көшесін аралады. Қолөнершілер көшесінде ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы бар. Тұңғыш Президент этноауылдағы көшпенділер асханасын да тамашалады.
Жақында қалада жаңа музыкалық драма театр бой көтерген болатын. Елбасы Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысып, түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады.
Қойылымнан кейін Елбасы театр әртістерімен сөйлесіп, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасып өңірдің даму нәтижелері туралы айтты.
– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызына да тоқталды.
– Қалада жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр, жастарға мол мүмкіндік туды. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл – шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан кейін Елбасыға Farab Library кітапханасындағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысы таныстырылды.
Farab Library кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерге 480 мың кітап қоры сыяды, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.
Одан соң Елбасы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барып, «Алтын Самұрық» атты ұшатын театрдағы шоуды тамашалады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың келуіне орай «Қыз қуу театрландырылған көрінісі көрсетілді.
Кешен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан.