13 мамыр: еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

13 мамыр: еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

13 мамыр: еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1930 жылы 13 мамырда СССР ХКК қаулысымен ҚарЛаг құрылды. Ол үшін Қарқаралы округінің аумағында 110 мың гектар жер берілді. Қарағанды лагері басқармасы Қарағандыдан 47 шақырым жерде Долинка кентінде орналасты. Ал 1931 жылы 19 желтоқсандағы тағы бір шешім бойынша Қарағанды жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылды. ҚарЛаг ашылған сәтте оған 47 ұлт өкілінен 2 567 жазасын өтеуші қамалды. 1937-1938 жылдары мұнда 43 мың жазасын өтеуші болды. ҚарЛаг жүйесі 292 лагерлік өндірістік орын, 26 дербес бөлімшені қамтыды. 1931-1960 жылдары ҚарЛАГ-та 1 млн-ға жуық адам болды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты бекіту туралы келісім жасалды. 2002 жылы Қазақстан Ядролық жеткізушілер тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болып қабылданды. Қазақстанның ЯЖТ-ға қатысуының мақсаты – лаңкестікке қарсы шараларды күшейту, жаппай қырып-жою қаруларының таратылуына қарсы әрекет ету, ядролық материалдарды және қос мақсаттағы өнімдердің пайдаланылуы мен тасымалдануына бақылауды күшейту. 2010 жылы Қазақстанда экспорт және инвестициялар бойынша «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі құрылды. Жаңа құрылған органның негізгі мақсаты – экспортты дамыту және жылжытумен қатар, Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тарту. Ұлттық агенттіктің қызметіне Қазақстан аумағында экономиканың өңдеу секторында бірлескен өндірістер құру мақсатымен жетекші трансұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл жасасу кіреді. Ел экономикасының шикізаттық емес секторларына салым салуға дайын шетелдік инвесторлар үшін «KAZNEX INVEST» АҚ бір терезе қағидатымен қызметтер ұсынатын болады. 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-да науқасқа жүректің жасанды қарыншасын имплантациялау жүргізілді. 2011 жылы ұлы қазақ батыры Жиембет жыраудың құрметіне Астанада мемориалдық тақта ашылды. 2011 жылы Нью-Йорк қаласында өткен «Spring in full color» көркемдік жұмыстар байқауында қазақстандық көркемсуретші әрі кино суретшісі Нұрлан Әбішевтің жұмыстары үздік танылды. Н.Әбішевтің бірден екі картинасы жоғары марапатқа ие болған – бұл «Мен сені сағынғанда» көркем суреті («Лирика» категориясында алтын медаль) мен «Шарын шатқалы» картинасы («Реализм» категориясында күміс медаль). 2013 жылы Қазақстанның 5 мың теңгелік жаңа банкнотын Халықаралық банкнот қауымдастығы (IBNS) «2012 жылғы үздік банкнот» деп таныды. 2014 жылы Джакартадағы «Таман Исмаил Марзуки» концерт залында Индонезия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Мәдени күндері салтанатты түрде ашылды. Шара аясында Қазақстанның жетекші өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт, «Қазақстан бүгінде» фотокөрмесі өтті, сондай-ақ «Көшбасшы жолы», «Жаужүрек мың бала» фильмдері көрсетілді. 2014 жылы астаналық Нұрмағамбет Нүрпейісов ішінде мұзы бар бетонның жаңа түрін ойлап тапты. Жаңа бетон түрі бір километрден астам биік ғимараттарды тұрғызуға мүмкіндік береді. Астаналық инженер ойлап тапқан бетон «Нұрайс» деген атқа ие болды. 2016 жылы Алматыда елдегі алғашқы Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің қаржылай қолдауымен салынған Дзюдо академиясы ашылды. 2017 жылы Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігінің ақпараттық орталығы Бейжіңдегі метрода жолаушыларды «Бір белдеу, бір жол» елдерінің мәдениетімен және табиғатымен таныстыру акциясын ұйымдастырды. Метродағы «қазақстандық» вагондарда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі және киіз үйімен қоса, бүркітшінің аң аулап жатқан сәттегі суреттері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Нұр Астана» мешіті, Бәйтерек монументі және Қазақстанның басқа да көрікті жерлері бейнеленген.