Түркістан облысында 5,5 мың бүлдіршін балабақша кезегін күтуде

Мәжіліс депутаты Қайнар Абасовтың төрағалығымен өткен кездесуде білім беру саласындағы кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында нормативке сай төлем жүргізуге қаржы жетпейтінін айтып, мәселесін көтерді.

Айтуларынша, жан басына шаққандағы қаржыландырудың төленетін сомасы облыста республика бойынша белгіленген нормативтен әлдеқайда аз төленуде. Яғни, былтыр облыста тиісті сома 31 010 теңгеден болса, өңірдегі балабақшаларға орташа есеппен 20 988 теңге төленген.

Биыл жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бір балабақша баласына қала бойынша 37 527 теңгеден, ауылдық жерлерде 41 053 теңгеден төленуі тиіс. Алайда бюджетте қаражат жеткіліксіз болғандықтан, жан басына шаққанда қаржыландыру нормативке сай толық көлемде төлем жүргізу проблемасы туындауда.

Мәселені шешу үшін облыс әкімнің тиісті орынбасарлары атынан Білім министрлігіне республикалық бюджеттен жетіспейтін қаражатты бөлуді мақұлдау үшін хат жолданған болатын. Хатқа қол қойылғаннан кейін Білім министрлігі Қаржы министрлігіне 23 493 633 мың теңге сомасына сұрау салған. Мәселе әлі оң шешімін таппай келеді.

Облыс бойынша қазіргі таңда 1424 мектепке дейінгі мекеме бар болса, оның 1024-і жекеменшік балабақша. Тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің жалпы саны 155 мың болса, жеке балабақшада 115 мыңнан асады.

«Бұл мәселелер балаларымыздың тәрбиесі мен білімінің сапасына де әсер ететіні анық. Адами капиталды дамыту басқармасының мәліметінше, қаражаттың жетіспеушілігі 5500 бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұруына мәжбүр етуде. Бұл мүлдем ақылға сыймайтын жағдай», – деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Өңірлік кеңес төрағасы мәселенің маңызын ескеріп, Мәжіліс депутаттары атынан тиісті министрліктерге ұсыныстармен шығып, республикалық бюджетке өзгертулер енгізу бағытында жұмыс жасайтынын жеткізді.

Back to top button