Депутат еңбек құқығы жөніндегі институт құруды ұсынды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов жаңа саяси институт – еңбек құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құруды ұсынды.

«Жалдамалы жұмысшылар, еңбек адамдары – халықтың ең көп бөлігін құрайтын топ. Сөйте тұра, олар халықтың ең осал тобы болып саналады. Орталық және жергілікті билік органдары еңбек құқықтарын қорғау мәселелерімен белсенді түрде айналысады. Бірақ олардың күш-жігері жұмыспен қамту бағдарламаларының статистикасын арттыруға, еңбек жанжалдарының статистикасын төмендетуге және әлеуметтік шиеленістің деңгейін көтеруге жол бермеуге бағытталған. Саясат дағдарысқа қарсы ден қоюдың таза ситуациялық режимінде құрылған», – деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, еңбек саласының ірі проблемаларын шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Орташа және медиандық жалақыны арттыру, ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесін көбейту, сапалы, өнімділігі жоғары жұмыс орындарының үлесін ұлғайту, еңбек нарығының құрылымын жақсарту бойынша нақты мақсаттар мен тәсілдер жоқ.

«Еңбек жанжалдары, ең алдымен, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылық үшін қауіп ретінде қарастырылады. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ жағдайға жұмысшылардың көзқарасы бойынша да қарау маңызды. Олар үшін негізгі қауіп – жұмыс бола тұра өз отбасын лайықты асырай алмау, балаларын оқытуға ақша жинай алмау, өз біліктілігіне барабар ұсыныс таба алмау. Ал мемлекеттің міндеті – осындай тәуекелмен күресу», – деді Ерлан Смайлов.

Оның айтуынша, жалдамалы жұмысшыларды құқықтық қорғаудың өзі енді жеткіліксіз. Өйткені жұмыс берушілер еңбек жағдайларын нашарлатудың құқықтық негіздерін табуды үйренді. Бізге әділ еңбек жағдайлары саясаты қажет.

Осыған байланысты «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары келесідей ұсыныстарды жасады:

  • Біріншіден, квазимемлекеттік секторда қарыз еңбегінің нысандарын қолдануды шектеу. Барлық еңбек делдалдарының қызметтеріне жүгінудің экономикалық орындылығын тексеру керек.
  • Екіншіден, еңбек құнын төмендетуді ынталандыру және жұмыспен қамтудың штаттан тыс нысандарына көшу саясатынан қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер бере отырып, толыққанды еңбек қатынастарын көтермелеу саясатына көшу.
  • Үшіншіден, еңбек мәселелерінің өсіп келе жатқан өзектілігін ескере отырып, жаңа саяси институт – еңбек құқықтары жөніндегі уәкілді құру, ол қазақстандықтардың бұзылған еңбек құқықтары мен еңбек әділдігін қорғауға шоғырландырылуға тиіс.
Back to top button