"Елжан Біртановты айыптауға қарсымын!". Әнші Қарақат Әбілдина үндеу жасады
"Елжан Біртановты айыптауға қарсымын!". Әнші Қарақат Әбілдина үндеу жасады
Әнші Қарақат Әбілдина бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртановты жақтап, Instagram-дағы парақшасына көлемді жазба қалдырды, деп жазады Paryz.kz.
Әнші Біртановқа жала жабылып отырғанына сенімді.
"Жау алыстан келмейді" деген сөз бар қазақта. Кей жағдайды көріп ішің күйгенде бұл сөзбен келіспеске амалың қалмайды. Қолынан іс келетін азаматты аяқтан шалу, жала жауып, күйе жағу - қазақтың қанына сіңіп кеткен баяғы қасиеті. Ащы да болса шындық. Мұндайға етіміз де үйреніп кетті ме, шімірікпей жаланы жауып келіп отыра беретін жұртқа айналдық. Бүгінде, қазақтың бір азаматы, білікті маман иесі Елжан Амантайұлы Біртанов "жаптым жала, жақтым күйе" дегенге кетіп отыр.
Өзін танимыз. Адалдығын, азаматтығын білеміз. Әкесі де денсаулық саласына еңбегі сіңген құрметті адам. Сондай әкенің аса қатал, қатаң, мықты тәрбиесімен өскен ұлдың ондай әрекетке баратынына сенбейміз. Біртановтай азаматтың "кім жұмыс жасайды, соның аяғынан шалатын әдейі қастандықтың" жемтігі болып кетпесе екен деген тілек. Айды етегіңмен жасыра алмайсың, өз атын жабу үшін бір жақсыны құрбан ететін сұмырай саясат бар елімізде. Сол сұрқия саясаттың кезекті құрбаны ретінде Біртановты көздеп отырғанын көп қазақ іші сезіп, біліп те отыр! Үнсіз қалуға болмайды! Ұлыңды қорға, қолда Қазақ елі! Мен Елжан Біртановты айыптауға қарсымын! - деп жазды Қарақат Әбілдина.
Еске сала кетейік, экс-министр мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген күдікке ілінген болатын.