Жаңалықтар

12 мамыр: Айтулы оқиғалар тізбегі

ашық дереккөзі

12 мамыр: Айтулы оқиғалар тізбегі

1995 жылы Ақтөбе қаласындағы көшеге ақын Сағи Жиенбаев есімі берілді. Ол 1955 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітірген. Ақын қаламынан көптеген өлеңдер туды, «Еңлік-Кебек», «Махамбет» операларының либреттосын жазды. Оның шығармалары ТМД халықтарының тілдеріне және шет тілдеріне аударылды. Дарынды аудармашы Р. Ғамзатовтың тамаша өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

1995 жылы Корея Республикасында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанадағы резиденциясында Нобель сыйлығының лауреаттарын қабылдады.

2003 жылы Шымкенттегі әскери әуежайда «Амур» жаңа радиолокациялық құрылғының таныстырылымы өтті. Оның іске қосылуымен «Казаэронавигация» РММ ОҚО әуесін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Оған дейін облыстың әуе кеңістігін Ташкент әуежайы бақылап отыратын. Құрылғы 230 км радиуста 12000 метр биіктікке дейінгі кеңістікті бақылауға мүмкіндік береді.

2005 жылы Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды. Аталмыш іс-шара М.Әуезов атындағы орта мектептің ауласында өтті. Соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атанған 500 қазақстандықтың 70-і Беларусьті фашистік басқыншылардан азат ету барысында атақ алған, сондай-ақ осы елде 14 000 қазақстандық жауынгер қаза тапқан.

2006 жылы Астанадағы Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығында Олимпиада чемпионы, белгілі шаңғышы Владимир Смирнов атындағы «Дарын» бейімдік мектебінің ресми түрде ашылуы өтті. Мектептің ашылу рәсіміне қатысқан еңбек сіңірген спорт шебері, төрт дүркін әлем чемпионы Владимир Смирнов мектепке қабылданған балғын шаңғышыларға сәттілік тілеп, олардың 2014 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарында үлкен жетістіктерге жететіндеріне сенім білдірді. Мектеп бапкері Вячеслав Макаревичтің айтуынша, Смирнов атындағы бейімдік мектеп табиғи жағдайы ыңғайлы Бурабай өңіріндегі спорт мектептерінің бірінде орналаспақ. Бүгінде арнайы бұйрыққа сәйкес бұл мектепке 13 балғын шаңғышы қабылданып отыр. Айта кетер жайт, қазіргі кезде Шортандыда танымал шаңғышы Владимир Смирновтың арнайы мұражайын ашып, спортшының жетістіктеріне арналған кітап шығару көзделіп отыр.

2007 жылы Түрікменбашы қаласында өткен үшжақты саммитте Қазақстан, Ресей және Түрікменстан Президенттері - Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Гурбангулы Бердымұхамедов Каспий газ құбырын салу туралы бірлескен декларацияны қабылдады. Газ құбыры Каспий жағалауын бойлай, Қазақстан мен Ресей арқылы Түрікменстан аумағы арқылы өтетін болып межеленді.

2012 жылы Социалистік Еңбек Ері Нұрлығайын Түкеновқа (1912-1973) өзі тұрған Алматы қаласындағы үйге ескерткіш тақта орнатылды. Н.Түкенов Қазақстанның алғашқы техникалық жоғары оқу орны - Қазақ тау-кен институтында білім алып шыққан геологтардың қатарына жатады.

2014 жылы Қазақстанда футболдан Ұлттық студенттік лига құрылды. Жоба аясында ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға Қазақстан Білім министрлігі мен ҚР Футбол федерациясы қол қойды. Жасалған меморандумға сәйкес тараптар бірлесіп Қазақстандағы білім беру ұйымдарының арасында өңірлік және республикалық турнирлер өткізеді. Сондай-ақ құжат ҚР-да студенттер мен оқушыларды спорттың осы түріне тарту арқылы бұқаралық футболдың дамуын көздейді.

2015 жылы журналист Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы жолында Тұрңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлі жайында. Онда Мемлекет басшысының көрегенділігімен, күрделі кезеңдерде қабылдаған шешімдерімен тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстан тарихындағы негізгі оқиғалар, сондай-ақ Ұлт көшбасшысының арқасында қол жеткізілген Қазақстанның халықаралық беделі сөз болады.

2015 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ядролық медицина бойынша І Орталық Азия форумы өтті. Форумның мақсаты - Орталық Азиядағы ядролық медицинаны қалыптастыру мен оны дамыту және радиациялық технологияның өзекті мәселелерін талқылау. Осы салада тәжірибе алмасу және жаңа әзірлемелерді таныстыру.

2016 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Жалтыркөл ауылында Екінші дүниежүзілік соғыс сарбаздарына арнап ескерткіш орнатылды.

2017 жылы Маңғыстау облысында алғаш рет Айрақты-Шоманай аңғарында геоглифтер галереясы пайда болды. Оларды маңғыстаулық археолог Андрей Астафьев құрастырды. Олардың өлшемдері әртүрлі, ең үлкені 350 метрге 270 метр келеді.

2017 жылы Өскеменде Литва Республикасының консулдығы ашылды. Ол екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және саяси байланыстарды нығайтуға жағдай жасайды. Қабанбай батыр көшесі, 91-үйде орналасқан консулдықта кеңес беру және ақпараттық көмек көрсетіледі.